Basty bet

Жер даулары барлық уақытта маңызды саналады

Жеке, заңды тұлғалар арасында жер телімін пайдалануға байланысты даулар саны соңғы кездері көбейіп бара жатыр. Соның ішінде ең көп қаралатыны жер учаскесіне меншік құқығын беру туралы даулар. Бұл даулардың басты себебі сотқа жүгінуші тараптардың жер туралы заң қағидаттары мен өз міндеттерін әлі де толық біле бермейтіндігі десек асыра айтқандық емес.
Негізі жер телімін алып, пайдаланамын деушілер Жер кодексінің 43, 44-1-баптарында қарастырылған мəн-жайларды жетік білген абзал.
Біріншіден, жер теліміне тиісті құқыққа ие болу үшін əуелі ол жайында жеке азамат мемлекеттік органға өтініш беруі керек. Содан кейін жер учаскесін алдын ала таңдайды.
Келесі кезекте жерге орналастыру жобасын əзірлеу жəне бекіту жүзеге асады. Ол біткеннен кейін жер теліміне ие болуға құқық беру туралы атқарушы органның шешімі шығарылады.
Шешімнен соң жер телімінің шекарасын белгілеу анықталып, жер теліміне ие болу құқығын куəландыратын құжаттарды дайындау жəне беру жүзеге асады. Ең соңында барып берілген жер телімін құқықтық мемлекеттік тіркеуден өткізу орындалады.
Жергілікті атқарушы органның жер теліміне тиісті құқықтарды табыстау жөніндегі шешімі жерге орналастыру жобасы негізінде жүзеге асырылады. Өтініш берушіге шешім қабылданған соң жер теліміне меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын табыстау туралы шешімнің көшірмесі тапсырылады.
Жер телімдеріне құқық табыстау туралы жергілікті атқарушы орган шешімінің жобасында: жерге құқығы табысталатын заңды немесе жеке тұлғаның атауы, жер телімінің нысаналы мақсаты, оның көлемі, жерге деген құқықтардың түрлері, ауыртпалықтар, жер телімі төлемелі ақыға берілген жағдайда жер телімін немесе жер пайдалану құқығын сатып алу бағасы, соған қатысты жер телімін сатып алу-сату шарттарын жасаудың мерзімі мен шарттары жəне өзге де шарттар түгелдей көрсетілуі керек.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру кезінде азаматта бұрын жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама міндетті түрде болуы шарт.
Ол құжатты жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық орган 7 күн ішінде беріп, ол өтінішке қоса тіркеледі. Содан соң жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру туралы өтініш арнаулы есепке алынады жəне бөліп беруге арналған алаңдардың дайындалуына қарай қанағаттандырылады.
Құқық белгілейтін құжаттарға – атқарушы органдардың жер теліміне құқық беру туралы құқықтық актілері, сатып алу-сату шарттары жəне сот органдарының жер теліміне жеке меншік құқығын, жер пайдалану құқығын жəне жерге өзге заттық құқықтарды тану туралы шешімдері жатады.
Сонымен бірге, жергілікті əкімдердің шешімдері, қаулылары аталмыш құжаттардың қатарына кіреді. Осылардың барлығы жер телімінің сəйкестендіру сипаттамаларын көрсететін жəне жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдардың құқық белгілейтін құжаттардың негізінде жер телімінің меншік иелері мен оны пайдаланушыларға беріледі.
Бұл құжаттардың қатарына жер теліміне жеке меншік құқығы жəне уақытша жер пайдалану құқығының актілері де жататындығын ескерген жөн.
Жер кодексінің талабына сай жер комиссиясының құрамы құрылып, ол тұрақты негізде жұмыс істейді. Комиссия мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауы тиіс. Комиссия төрағасы болып әкімнің жер мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары тағайындалады. Комиссия отырысы дыбыс-бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі. Яғни, сотқа талап қою арызы түскен кезден бастап, сот барлық мән-жайды, жауапкердің барлық әрекеттерінің заңдылығын тексереді.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады.
Тағы бір айта кететін мəселе, кейбір жер алушылар өздерінің жерге деген құқықтарын дер кезінде заңдастырмайды. Енді ол жерді уақытысында пайдаланбау себебінен екінші адамға бергенде, «бұл менің жерім» деп дауласады.
Жер берілген екінші адам сол күннен бастап ол жерде құрылыс жұмысын жүргізеді. Әрі жерді заң талабына сай өз атына заңдастырып алады. Құжаты толық жасақталған мұндай жер учаскелерін мәжбүрлеп қайтаруға заң бойынша жол берілмейді. Себебі, жер телімін бірінші алған адам ол жерді уақытында мақсатты игермегендіктен жер пайдалану құқығынан айырылады.
Көріп отырғанымыздай, заңсыз қабылданған құзырлы орган шешімдері сот қаулыларымен бұзылып, азаматтардың құқықтары сотпен қалпына келтіріледі.
Мұндай келеңсіздіктерді болашақта болдырмау үшін азаматтарымыз өз құқықтарын жақсы білуі тиіс. Сол арқылы олар жергілікті басқару органдарындағы шенеуніктерден заң талаптарының дұрыс орындалуын талап ете алады.
Азаматтарымыз жер туралы заңдардың қағидаттары мен өздерінің міндеттерін жете біліп, құқықтық құжаттардың қажеттілігін толықтай қамтамасыз етсе, заңсыздыққа жол берілмейді әрі орынсыз дауға түспейді.

Берік ИМАНАЛИЕВ,
Жуалы ауданы сот әкімшісінің
жетекші маманы

Таңдаулы материалдар

Close