Basty bet

Көк байрақ көкке көтерілді

25 қазан – Республика күні мерекесіне орай аудан орталығындағы «Жасай, бер Қазақстан!» саябағында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті. Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған салтанатты шарада аудан әкімі Жалғас Мұртаза жуалылықтарды еліміздің ең басты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Республика күні – егемен елдің бірлігі мен тұтастығын айшықтап, мемлекеттің мәңгілік іргетасын қалаған айрықша мереке. Бұл – ел тарихындағы маңызды белес, тәуелсіздікке бастау болған күн, – деді аудан әкімі.
– Азаттық – қай халық үшін де ең қастерлі ұғым. Тарихтың сын сәттерінде қазақ халқы ел тағдыры үшін бір тудың астына жиналып, ұлт болашағы жолында аянбай күресті.
Бүгінде Қазақстан әлемдік аренада өз орнын айқындап, бейбітшілік пен татулық қағидаттарын берік ұстанған Тәуелсіз мемлекетке айналды. Президентіміз атап өткендей, «Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру одан да қиын». Сондықтан біз Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғап, оны келер ұрпаққа аман жеткізуіміз қажет.
Іс-шара барысында Мемлекеттік Гимн орындалып, көк байрақ биікке көтерілді. Бұл – халқымыздың рухын асқақтатып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыра түскен маңызды сәт болғаны анық.
Республика күні мерекесінде «Ауылым – алтын бесігім» фестивалінің үздіктері марапатталды. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ауылым – алтын бесігім» атты аудандық өнер фестивалі өз мәресіне жетті.
Фестиваль аясында ауылдық округ әкімдері белсенділігі мен қолдау көрсеткені үшін арнайы номинациялармен марапатталды. Онда Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтері – «Қолөнер – сырлы өнер» номинациясымен, Шақпақ ауылдық округі – «Бірлігі жарасқан ел» және Ақсай ауылдық округі – «Өнерім – саған, туған ел!» номинациясымен марапатталды.
Жиын соңы аудан өнерпаздарының әсем ән мен күйге толы концерттік бағдарламасына ұласты.

***
Республика күніне орай орталық базарда мерекелік жылжымалы концерт ұйымдастырылып, онда аудан өнерпаздары тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ел тәуелсіздігі мен бірлігін дәріптейтін әндер орындады. Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев ауыл тұрғындарын Республика күнімен құттықтап, елдің өркендеуі мен халқымыздың амандығына тілек білдірді.

Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close