Basty bet
Екі дос – Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықов
Алты жастағы кезім. Шілденің ми қайнатар ыстығы болғандықтан, өзім қатарлы екі, үш қызбен көлеңкеде қуыршақ ойнап отырғанбыз. Колхозда есепші болып істейтін әкем Пармаш түскі асқа келді білем, бізге жақындау жерге атын байлап, үйге беттеді. Жүзі жадыраңқы, көңілді екенін көріп, мен де үйге ілесе кірдім. Өйткені көңілденгенде әкем не өтініш етсем де орындайтын. Мақсатым: дүкенге жаңа түскен матадан көйлек әперуін сұрау.
Үйдің үлкендері екі иығынан демалып, буы бұрқырап тұрған жез самауырдан шәй ішуге кіріскен екен. Әкем табалдырықтан аттасымен:
– Көке, сүйінші! Бауыржан балаң ертең Алматы-Мәскеу пойызымен Алматыға өтеді екен, демалыс алған көрінеді. Хабарланған бүкіл жуалылықтар Бурное бекетінде алдынан күтіп, көріп қалмаққа дайындалып жатқан түрі бар, маған ауданнан жігіттер телефон шалды. Сізді қуантпаққа түскі үзіліске ертерек келдім, – деді. Төрде отырған Сағындық атам Бауыржанның аты аталғанда орнынан тұра жаздап, қолындағы ыстық шәй құйылған кесесін түсіріп алды. Оған мән берген атам жоқ, ал кеп әкемді сұрақтың астына алды:
– Қай мезгілде өтеді? Уақытын білдің бе? Қасында кімдер бар екен? Мен оған қалай жолығам?
– Көке көптен сағынған балаңызды бір көруге ынтызар екеніңізді білем ғой, сіз көпшіліктің ішінде балаңызға жолығып, мейіріңізді қандыра алмайсыз. Жаңа үйге келе жатып, Дәуірбайды көрдім. Оның айтуынша ертеңгі Мәскеу пойызы Шақпақ бекетінде 10 минөтке тоқтайтын болыпты, теміржолшы болса да себебін өзі білмейді. Мүмкін бұл Бауыржанның талабымен жасалынған іс-шара, әйтеуір өмірі тоқтамайтын осы бекетте ертеңгі пойыз тоқтап тұрмақ. Менің ойым, сіз Бәукеңді Бурныйдан емес, Шақпақтан күтсеңіз. Ертерек шықсаңыз, түске дейін жетіп қаласыз. Қисаңыз, арбаға Қаракерді жегіңіз, ол сізді шаршатпай апарады. Шақпақтан деп отырғаным, ол кішкене бекет, адам аз, үлкендердің көбі ауданнан күтуге дайындалуда. Ал сіз оған дейін балаңызға жолығып аласыз.
Өзі де дегбірсіз атам шәйді шала ішіп, далаға шықты да, айқайлап бүкіл әулеттің адамдарын есік алдына жинады. Әрқайсысына жекелеп тапсырма беріп, Бауыржанды күтіп алу қамына кірісіп кетті.
Қорадан құйрығы үлкен, байлаулы тұрған қара қойды шығарып, басын Құбылаға беріп, аяғын байлап тастады да, дауыстап құран оқып, соңын Бәукеге арнаған тілек-батамен бітірді. Қойды өзі бауыздап беріп, ішін түйреп жақсылап үйітіп шығуды Тәліппай аға мен Досаңқұл ағаға тапсырды
Бие байлайтын үйлердің келіндеріне ертеңгі қымызды ешкімге бермей, таңертең күбіден қотарып, осында алып келуді бұйырды. Өзі тері ыстайтын шоланға кіріп ысталған местің ең үлкенін, жұмсағын алып, ертеңге шейін ішіне қатықтың сары суын құйып қоюды әжем Балақызға тапсырды. Біз құдықтан мұздай су тартып, жаңа пісілген майды сол суға салып қоюға тиіспіз. Ол суды ертеңге дейін әлденеше ауыстырамыз. Әйтпесе күн ыстық, тоңазытқыш жоқ, май еріп кетеді. Менің шешем Күлпаш өреге жайылған құрттарды төменге түсіріп, жаңадан тігілген дорбаға салып жатыр. Әжем келіндеріне Бәукең аға тары мен талқанды жақсы көретінін, интернатқа Құрманбек аға екеуіне тары, талқанды көп тасығанын айта жүріп, екі-үш кесе тарыны ыстық сүтке бөктіріп қойды, ондағысы ағаның тағы бір жақсы көретін асы – «майтары» жасап алмақ.
Жаңа түскен Ұлдархан жеңешеме сары ірімшік қайнату тапсырылды. Ол кісі жас та болса ірімшікті тамаша қайнататын, өзі өте ұқыпты еді. Әжем үлкен кебежедегі ұнның түбінен сап-сары екі қазыны шығарып, ұннан тазартып жатыр. Көп ұзамай екі ошақтың түтіні бұрқырап, бірінде – үйітілген қойдың жас еті, екіншісінде – әжем сақтаған сары қазы қайнап жатты. Біз анда-санда ошаққа қыста малдан қалған кәшекті әкеліп салып қоямыз. Қойдың етін атам қазанға ішек-қарыны, бас-сирағымен түгел салдырған. Өйткені Баукең ағам кәрі жіліктің етін, ішек-қарынды бәрінен жақсы көретінін атам біледі. Еттерді сүзіп алып, суытуға жаймалап қойған әжем балаларға жас ет қайнаған сорпаға нан турап жеуді, келіндері мен балаларына сұр қазының майлы сорпасына тары салып жеуді бұйырды.
Таңертеңгі шайдан кейін атам арбаға ат жегу қамына кірісті. Әжем баласына апаратын тамақтарын келіндерінің көмегімен дайындап жатыр. Астына шөп салынып, үстіне текемет төселген арбаға тамақтар жайғастырылып, атам мен әжем енді міне бергенде, мен айқайға бастым. Батыр ағаны менің де көргім келеді. Егер қайсарланып қалмай қойсам, әжем мені кейде қонаққа алып кететін. Сол әдісті қолданып, Батыр ағаны қайтсем де көрем деп, менің әсерленгіш жүрегім алып ұшуда. Мен арбаға міңген сәтте-ақ атам ұзын қамшысымен Қаракерді тартып қалып божыны қолына орай ұстады. Қашықтығы біздің Ынтымақ ауылынан алты-жеті шақырымдай Шақпақ бекетіне түс болмай жетіп келдік. Жүктерімізді Дәуірбай аға бастаған бес-алты жігіт арбадан түсіріп алды. Бәріміз пойызды күтіп тұрмыз.
Он шақты вагон тіркелген жолаушы пойызының ортасындағы бір есіктен әскери киімді кісінің сұлбасы көрінісімен, атам соған қарай далбақтай жүгірді. Жүгімізді көтеріскен кісілер мен әжем атамның соңынан ерді. Пойыз тоқтар-тоқтамастан вагоннан секіріп түскен әскери кісі: Көке! – деп атама құшақ жая жүгірді. Екеуінің айқасқан құшақтары біразға дейін жазылмады. Айнала қоршаған адамдар, әжем жылап тұр. Атамның құшағынан босаған аға енді әжемді құшақтай сүйісті. Қасында тұрған мені жерден көтеріп алып, маңдайымнан иіскеді де, үлкендермен сәлемдесе бастады. Жиналған топ көп емес, шағын бекетте 30-40 ғана теміржолшы тұратын. Ағаның атамен осы жерде бір сөйлесіп, он шақты жылдай аңсаған ата дәстүрін атам арқылы қайта жаңғыртқысы келген сияқты.
– Көке, әлі аңшылықпен айналысып жүрсіз бе? Жақсы ат, қыран бүркіт, жүйрік тазыдан нелеріңіз бар? Оташылығыңыз ше? Аяқ-қолы шығып, сынғандар бұрыңғыдай әлі келіп тұра ма? Тері илеп, ыс салудың шебері едіңіз ғой, шіркін!
Ыстаған ет, ысты меске құйылған қымызды сағындық қой! Атқа мықты отыруды үйреткеніңіздің соғыста пайдасы тиді емес пе? Менің жақсы атты жаным сүйетінін өзіңіз білесіз ғой, атқа арнап жазған: «Солдат аты» деген өлеңім бар, сондағы аттың сипаты сіздің жүйрігіңіздікі. Оны бәйгеге де салып, аударыспаққа да сонымен шығушы едіңіз-ау! Қаталдығыңыз ше, әскери бөлімімде темірдей тәртіп орнатуым соның арқасы, Көке!
Әйтеуір көп нәрселер айтылды. Атамның Бауыржан ағаға айтқандарынан есімде қалғаны:
Қаракердің ауылдағы бәйгенің алдын бермей тұрғаны, өткен қыста 70-тей түлкі ұстағаны, бір қасқыр соғып алып, өзі туралы газетте мақала жазылғаны. Бұрыңғы бүркіті қартайған соң бір жылдан бері жас бүркітті баулып жүргені, бірақ Манаппайдан басқа балалары бұл өнерге қызықпайтындығы айтылды. Соғыс кезінде Бауыржанның батырлығын газеттен оқып, радиодан естіп, мақтаныш еткенін айта тұрып, баласының арқасынан қағып қояды:
– Мен Оңтүстік өңірінде беделді болсам, Құрманбек екеуіңнің арқаң. Интернатқа нан, тары-талқан тасыған еңбегімді ақтадыңдар, қозыларым! Айтпақшы, Құрманбекті көрдің бе? Ол Мәскеуден қашан қайтпақшы? – деп екі жылдық жоғары партия мектебінде оқып жатқан ағамды сұрап қояды.
– Ия, елге қарай шығарып салды, оқуы бітуге таяу. Алла бұйыртса, Құрекең мен Сараны дәл осылай күтіп аласыз, – деп атамның көңілін аулап қояды Бауыржан аға. Пойыз жүруге белгі беріп, әжем апыл-ғұпыл алып шыққан тамақтарын екі әскери киімді жігітке өткізіп жатыр. Пойыз жүрді, қоштасып біз қалдық. Аға өнегесінен үлес алып өскен жанның бірі мен едім, әруағың жебеп жүрсін, Батыр бауырым.
