Basty bet
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау – ардың ісі
«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген мақалды бәріміз жақсы білеміз. Шынында, Аналар қауымының қоғамда алар орны маңызды. Себебі, ана – ұрпақ жалғастырушы, ана – отбасының берекесі. Жалпы адамзат қоғамын Әйел-Аналарсыз көзге елестету мүмкін емес. Солай бола тұра қоғамда ара-тұра болса да әйелдерге қарсы жасалған түрлі зорлық-зомбылықтардың орын алып жатқанынан хабардармыз.
Ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, 1981 жылдан бастап әлем бойынша белсенді әйелдер 25-інші қараша күнін зорлық-зомбылыққа қарсы күн ретінде атап өте бастаған. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1999 жылдың 17 желтоқсанында 25 қарашаны әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық күні деп жариялады. Бұл күні әлем мемлекеттерінде халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдар қоғам назарын осы мәселеге аударуға арналған іс-шаралар өткізеді.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық дүниежүзінің барлық елдерінде бар жағдай. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасау мәселесі тек нәсілдігін, әлеуметтік ортасын, шыққан тегін ғана қозғап қоймай, сонымен қатар басқа жағдайлардан да туындайды. Тағы бір айта кетерлігі, тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін дамыған мемлекеттердің өзі де жеңе алған жоқ. Бүгінгі күні бұл жағымсыз қоғам құбылысын тоқтату жолдарын заң және қоғам шешуге тырысуда. Бұл мәселе туралы аталған құбылысқа қарсы күрес күні ғана емес, барлық ортада айтылуы керек.
Жақында Халықаралық «Әйелдерге зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне» орай аудандық орталық ауруханасының «Профилактика және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету» бөлімінде «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау – ардың ісі!» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қоғам үшін маңызды тақырыпты талқылауға арналған отырысқа аудан орталығына жақын орналасқан мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар аталған салаға тікелей жауапты құзырлы органдардың жауапты мамандары шақырылды.
Басқосуды аудандық орталық ауруханасының «Профилактика және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету» бөлімінің психологы Айгүл Дәрібаева ашып, жүргізіп отырды. Алдымен іс-шараға келген қонақтардың назарына тақырыпқа байланысты бейнеролик ұсынылды. Тақырып төңірегінде аудандық іскер әйелдер ұйымының төрайымы Әсима Шекеева, «Жуалы Қанағат» қоғамдық қорының төрайымы, ұлағатты ана Ұлтуған Бекмұханова, Жуалы АПБ-нің ЖПҚБ ӘЗЗҚТ-ның аға инспекторы, полиция майоры Асылбек Мандиров, аудандық ішкі саясат бөлімнің маманы Назерке Сәндібек өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, Ә.Шекеева мен Ұ.Бекмұханова әйелдердің отбасы берекесін сақтаудағы және қоғамдағы алар орны туралы, отбасы тәрбиесі, сондай-ақ, жастарға өмір сынақтарына төзе білуге, кеткен кемшіліктер мен қателіктерді жоюдың жолын қарастыру керектігі жөнінде құнды ой-пікірлерін ортаға салды. Әйелдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатындағы ұсыныстарын жеткізді. Жиын барысында аудан орталығына жақын орналасқан мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, атап айтқанда, №15 мектеп-лицейі, №1 мектеп-гимназия, №29 орта мектеп, №2 Мыңбұлақ орта мектебі, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп директорларының орынбасарлары мектепте атқарылып жатқан жұмыстарды, тәрбие саласындағы үдерістерді атап айтып, ұсыныстарын білдірді.
Дөңгелек үстел отырысын аудандық ауруханаға қарасты «Профилактика және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету» бөлімінің психологы Айгүл Дәрібаева қорытып, қонақтарға алғысын білдірді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»