Basty bet

Академиктің тағылымды өмір жолы

Қазақстан ұлттық жаратылыстану Академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы, қоғам қайраткері, ұстаз Мұқтар Дөңбайұлы Тінәсілі – 75 жаста.

М.Д.Тінәсілі 1944 жылдың 25 желтоқсанында Жуалы ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Әкесінен бір жасында қалған оның балалық шағы жоқшылықпен өткен. Қиындықта шыңдалған жас 1961 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, Жамбыл қаласындағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының кешкі бөліміне оқуға түседі. 1963 жылы Жамбыл гидромелиоративтік- құрылыс институтына ауысады, оны 1967 жылы аяқтап, мемлекеттік жолдамамен осы қаладағы Қазақтың су шаруашылығы зерттеу институтына кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасады.
1968 жылы тамыз айында Шымкент облысындағы «Главриссовхозстрой» тресіне қарасты Арыс-Түркістан каналы мен Бөген су қоймасы басқармасында бас инженер қызметіне тағайындалады. Осы қызметте ол 7 жылдай төрт ауданның (Бөген, Түркістан, Қызылқұм және Шаян) 52 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз ету үшін, қысы-жазы ұзындығы 242 шақырымдай созылып жатқан каналдарды уақтылы дайындап, олардың күндіз-түні судың ағысын егістікке жеткізудің жағдайларын жасап маңдай терін төкті. Нәтижесінде мемлекетіміздің оңтүстік өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін көптеп қосуға атсалысты.
«Главриссовхозстрой» тресінің бастығы Социалистік Еңбек Ері Э.Х.Гукасовтың көзіне түскен М.Д.Тінәсілі 1975 жылы Балқаш ауданының су жүйелері басқармасының бастығы лауазымына, одан кейін «Бақбақты» совхозының директорлығына тағайындалады. Балқаш және Ұйғыр аудандарындағы жаңа жерлерді суару жүйелерін іске қосуда, пайдалануда, ол табандай он жыл қызмет етті.
Бұл кезде бүкіл әлемге әйгілі Ақдала алқабының екінші тыңайған жерлерді игеру жұмыстары басталған шақ еді. Дәл осы тұста М.Д.Тінәсіліні «Главриссовхозстрой» тресінің басшылары Алматы облысының партия комитетімен келісе отырып, Алматы облысының жаңа жерлерді игеру және суландыру басқармасының бастығы етіп бекітті.
Осы он жылдың ішінде «Тыңның 25 жылдығы атындағы» және «Жеңіс» совхоздары жаңадан ұйымдастырылып, қосымша 10 мың гектар суармалы жер іске қосылды, совхоз орталықтарында тұрғын үй құрылыстары мен мәдениет үйлері, ішкі су құбырлары, телефондар, электр жүйелері, сүт комплекстерінің құрылыс жұмыстары пайдалануға беріліп жатты.
М.Д.Тінәсілі Алматы облысының партия комитетімен «Главриссовхозстрой» тресінің басшыларының ұсынысы бойынша және Д.А.Қонаевтың келісуімен 1980 жылы «Бақбақты» совхозының директорлық қызметіне тағайындалды. Ол өзінің ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы ретінде республикаға танылды.
Осы кезеңде «Бақбақты» совхозында күріш өнімі әр гектардан 26,3 центнерден 41,8 центнерге дейін көтерілді. Ол республика бойынша үлкен көрсеткіш еді. Сүт комплексін құруда Алматы облысы бойынша зор табысқа жетіп, әр сиырдан 13-14 литр көлемінде күндік сүт сауылды. Өндірістің нағыз қайнаған ортасында қызмет ете жүріп, М.Д.Тінәсілі қоғам өміріне белсене қатысты. Ауылдық және аудандық кеңеске депутат болып сайланды.
1985 жылдың басында М.Д.Тінәсілі «Главриссовхозстрой» тресінде су жүйелері мен тұрғын үйлерді пайдалану басқармасының бастығы қызметіне жоғарылатылды. Үлгілі еңбегі бағаланып, сол кездегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың келісімі бойынша, «Главриссовхозстрой» тресі бас басқармасының жолдауымен Москвадағы КСРО КМ жанындағы Халық шаруашылығы академиясына оқуға жіберіледі, оны ойдағыдай бітіргеннен кейін, Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінің Бас басқармасының бастығы, Мемлекеттік жоспарлау комитетінде Агроөнеркәсіп бөлімінің бастығы, ҚР экономикасы министрлігінде Бас басқарма бастығы болып қызмет атқарды.
1995 жылы М.Д.Тінәсілі “Ауыспалы күріш алқаптарының мелиоративтік жолдары (Ақдала және Қаратал суландыру жүйелерінің материалдары негізінде)” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ол Австрия және Израиль мемлекеттеріне ауыл шаруашылығы өндірістерінің тәжірибесін оқу үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан тыңдаушы делегацияларын басқарып барды.
1995-2002 жылдар аралығында ол ҚР Эксимбанкте басқарма бастығы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ел басыларының келісімімен құрылған Ортаазиялық мемлекетаралық банкіде Сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялық жобаларды несиелеу, қаржыландыру департаменттерінің директоры – Банк Президентінінің кеңесшісі болды.
Осындай басшылық қызметтерде жүріп, ол республика экономикасын реформалауға, ауылдың әлеуметтік тұрғыдан даму бағдарламасын жасау мен оларды жүзеге асыруға, агроөнеркәсіптік комплекстің озық тұрғыдағы стратегиялық жобаларын сараптамадан өткізуге, Қазақстан Республикасы мен Ортаазиялық аймақтық мемлекеттік, мемлекетаралық және де басқадай жобаларды қаржыландыруды ұйымдастыруға белсенді түрде атсалысты.
Сонымен қатар, ол Жамбыл және Қызылорда облыстарында реформаларды экономикалық тереңдету мен оларды дағдарыстардан шығару жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыру туралы ҚР Президентінің Жарлығы мен Үкіметтік іс-әрекет Жоспарын жүзеге асыруға бағытталған үкіметтік жұмысшы комиссиясын басқарды. Осы атқарылған жұмыс нәтижесі туралы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа 1995 жылы 25 ақпанда баяндау құрметіне ие болды.
Әсіресе, Ортаазиялық мемлекетаралық банкінде Сыртқы экономикалық байланыстар департаментінің директоры ретінде, ол Орталық Азия елдерінің тиісті Министрлер Кабинеті мен олардың министрліктері, ведомстволарымен, халықаралық қаржы институттарымен қарым-қатынас жасауға, Алматы қаласындағы көптеген елшіліктермен, басқадай шетелдік халықаралық ұйымдармен Қазақстан Республикасының саяси және экономикалық интеграциясын дамытуға айтулы үлес қосып отырды.
1999-2001 жылдары Алматы қаласындағы «Ұлағат» университетінің ғылыми проректоры қызметін атқарды
2000 жылы М.Д.Тінәсілі ұйымдастыру, басқару, атқару тәжірибесіне ғылыми негізделген “Орта Азия елдеріндегі интеграциялық құбылыстардың өтпелі экономикада болатын мәселелері” атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.
М.Д.Тінәсілі 2002 жылдан Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің “Қаржы және банк ісі” кафедрасының меңгерушісі, 2003-2008 жылдан осы университеттің кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау кеңесінің мүшесі, университеттің Ғылыми кеңес мүшесі және ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы экономика бойынша оқу-әдістеме бөлімінің мүшесі. Осы кафедрада оның ұйымдастыруымен әбден төмендеп кеткен оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмыстары қазіргі заман талабына сай қойылды. Кафедрада әр уақыттағы халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық және ғылыми практикалық конференциялардың секциялары жұмыс істеді.
Мемлекеттік өндірістерді басқарудың майталманы және ұлағатты ұстаз-ғалым Мұқтар Дөңбайұлы 2008 жылдан бастап Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеттің «Қаржы және маркетинг» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда. Ол 2009 жылдан бастап осы университеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі.
М.Д. Тінәсілі еңбексүйгіштігімен, адамгершілігімен және қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Ол халқына ҚР өндірісін, экономикасын арттыруда және ғылым мен білімге талмай жұмыс істеудің өнегесі болып табылады.
Өзінің көпжылдық табысты еңбегімен, республика ауыл шаруашылығы саласындағы экономиканы дамытудағы сіңірген еңбектері үшін М.Д. Тінәсілі В.И. Лениннің 100 жылдығына байланысты “Ерен Еңбек иегері” медалімен (1970), “Социалистік жарыстың жеңімпазы” (1983) белгілерімен, “Егеменді Қазақстанның 10 жылдығы” медалімен (2001), сонымен қатар бірнеше республикалық, салалық, жергілікті марапаттар-грамоталардың иегері.
Өндіріс және біліммен ғылымды интеграциялау жүйелерін ұштастыру арқылы елімізде және шетелдерде, мемлекеттік және орыс тілдерінде, оның 125-тен астам ғылыми еңбектері мен мақалалары жарияланды.
Мұқтар Дөңбайұлы аталған кафедраларда жоғары білімді мыңнан астам «қаржы және банк» мамандарын дайындады, сонымен қатар ол біліктілігі жоғары ғылым мамандарын дайындауды да еш уақытта назардан тыс қалдырған емес. Оның ғылыми жетекшілік етуімен бірнеше экономика ғылымдарының докторлары мен кандидаттары диссертация қорғады.
Жуалы аудандық мәслихатының 2004 жылғы 17 шілдедегі №22 шешімі бойынша республикамыздың өндірісі мен ғылымын дамытуға қосқан айтарлықтай мол үлесі, жастарға білім беру мен тәрбиелеу барысында жан-жақты қызметі үшін М.Д.Тінәсіліге Жуалы ауданының құрметті азаматы» – атағы берілді.
2009 жылдың 28 мамырындағы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың қол қойылған куәлігі бойынша, білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Мұқтар Дөңбайұлы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды.
2010-2017 жылдар аралығында тағы да марапаттаулар болды.
Көрнекті ұстаз-ғалым, республикамыздың экономикасы мен өндірісін дамытуға мол үлесін қосқан құрметті азамат Мұқтар Дөңбайұлы Тінәсілі қазірдің өзінде де күш-қуатының кемелденген, шабытының шарықтаған шағында жүр. Өйткені қазір ол кісі Қазақстан-Ресей медициналық университетінде «Жалпы денсаулық сақтау» кафедрасының профессоры қызметін атқаруда. Әлі де болса, ол өзінің қажымас қайратын, күш-жігерін, тәжірибелік білімі мен ғылымының шарықтаған шағында талмай еліміздің өркендеп дами беруі үшін қызмет етуде.

Құтмағанбет Қонысбай,
«Айқын» республикалық газеті арнайы «Жаңа өмір» газеті үшін

Таңдаулы материалдар

Close