Basty bet

Қазақстанның болашағы қазақ тілімен тығыз байланысты

Мемлекеттік тіл мемлекеттік мәні бар мәселе. Осыған орай мемлекет басшысы «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деп атап өткен.

Осы ретте қазақ тілін дамытып, оның қолдану аясын жан-жақты кеңейту мақсатында əртүрлі іс-шаралар ұйымдастырудың маңызы зор. Солардың ең бастысы, қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын қарастыру. Бұл мəселе күн тəртібінен түспеуі керек. Себебі, «Тіл қарым-қатынас құралы». Əрбір маманның өз ісінің нағыз шебері болуы өз елінің мем лекеттік тілін сауатты меңгеруімен де тығыз байланысты.

Ата Заңның талабына сай, ешкімді де ұлты мен тіліне байланысты кемсітуге болмайды. Заң мен соттың алдында жұрттың бəрі тең. Қазақстан азаматтары ана тілін қолдануға, қарым-қатынас, тəрбие, оқу жəне шығармашылық тілін еркін таңдауға құқылы. Мемлекеттік тілді дамыту тіл саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан, тəуелсіз мемлекетіміздің болашағы мемлекеттік тілді жетік білетін жəне елге адал қызмет ететін мамандарға тікелей байланысты.

Мəртебесі Конституциямен бекітілген қазақ тілінің өркен жайып, тұғыры нығаюы үшін сот жүйесінде де ауқымды шаралар атқарылуда. Соттарда жұртшылықтың сұрақтарын қазақ тілінде қойып, тыңғылықты жауап алуына барлық жағдай жасалған. Судьялар мен сот мамандары мемлекеттік тілді жетік біледі. Іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен қатар, барлық сотта сот төрағаларының өкімдерімен мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мəселелерімен айналысатын жауапты тұлғалар бекітілген.

Мемлекеттік тілде іс жүргізуде қателіктердің болмау жолдарын қарастыратын шараларға ұдайы басымдық беріледі. Құқық қорғау, тағы басқа мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, адвокаттар мен сот орындаушылардың қатысуымен соттарда мемлекеттік тілде іс жүргізудің өзекті мəселелеріне арналған дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер өткізілуде. «Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу», «Сот кеңселерінде мемлекеттік тілдің қолданылуы» сынды тақырыптарда ұйымдастырылған іс-шаралар патриотизмнің ең шынайы көрінісі ретінде ана тілді білу қағидатын алға шығарып, қазақ тілінің танымдық қызметінің маңызын арттырады.

Ел заңдарында мемлекеттік тілдің Қазақстан халқын топтастырушы фактор екені нақтыланған. Мемлекеттік тілге деген құрмет нақты заң нормаларымен бекітілген. Бұл тек сот ісін жүргізуде ғана емес қазақ тілінің елдік мəртебесін көтеруде қазақстандықтардың бір кісідей жұмылып атсалысуы керектігін көрсетеді.

Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Абуев

Таңдаулы материалдар

Close