Basty bet
Мәжілісмен маңызды мәселелерге назар аударды
Елге, халыққа адал қызмет ету – барлығымыздың азаматтық борышымыз. Елдің дамуы мен халықтың тұрмысын көтеруге халық қалаулылары да атсалысуда. Жыл басындағы тығыз жұмыс кестесіне қарамастан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары ел өңірлеріне сапарлап, сайлаушылармен және жергілікті халықпен кездесулер өткізу үстінде. Мұндағы басты мақсат – ел ішіндегі нақты ахуалмен және тұрғындардың түйінді проблемаларымен танысып, оған барынша назар аудару.
Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров аптаның сейсенбі күні Жуалы ауданына да арнайы атбасын бұрды. Ол ең алдымен Билікөл ауылдық округіне тартылған газ құбырының жұмысымен танысып, одан бөлек, ауданға қарасты бірқатар ауылда құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажымен де жақынырақ танысты деуге болады.
Мұқаш Зұлқарнайұлы өңірге қарасты Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылында болған кезінде, халық қалаулысының назарына ауданға қарасты 49 елдімекеннің барлығына магистральды және кварталішілік газ құбырлары тартылып, халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жеткізілгені туралы ресми ақпарат ұсынылды. Ең соңғы болып 2025 жылы Билікөл ауылдық округіне қарасты төрт бірдей ауылға көгілдір отын жеткізілгені белгілі. Жуалы ауданының елдімекендерін табиғи газбен қамтудағы көрсеткіш 49 елдімекенді, оның ішінде, 10 098 ауланы және 52 712 тұрғынды қамтып отырғанын да айта кеткен жөн.
Мәжілісмен М.Ескендіров сайлаушылардың өтінішіне сәйкес, осында газ құбырын жүргізу жұмыстарына ел қазынасынан қыруар қаражат бөлуге атсалысып, бұл бағытта біраз уақыт еңбектенгенін айтып, ендігі кезекте көгілдір отынды тұрғын үйлерге уақыт оздырмай кіргізу ісімен айналысудың маңыздылығын атап өтті.
– Ең алдымен Билікөл ауылдық округі тұрғындарының амандығын сұрап, біліп, ауылдық округке газ құбырын тарту жұмыстарының оңайлықпен атқарылмағанын еске салғым келеді. Бұл істің шын мәнінде жүзеге асуына қаншама уақыт жұмсалды. Ендігі кезекте осынау тұрмыстық игіліктің қызығын жергілікті халық сезінуі қажет. Ол үшін үйді-үйге газ тарту жұмыстарын тездетіп, жергілікті атқарушы органның басшылары, газ шаруашылығына жауапты мекеменің мамандары құжаттарды рәсімдеу жұмыстарына шұғыл кірісулері тиіс. Әйтпесе, уақыт ұзап кетеді. Уақыт ұзап, шаруа созбалаңға салынған сайын тұрғындардың да реніші көбейеді. Бұл ретте істі газ шаруашылығы мекемесі мен ауыл әкімі бірлесіп атқаруы тиіс деп білемін,- деді Мәжіліс депутаты.
Кездесу барысында ауылдық округтің тұрғындары ауылдың маңында орналасқан Билікөл көлінің суын табиғи жолмен дұрыс пайдаланудың маңыздылығын айтып, осының салдарынан кейінгі жылдары көл суының азайып, айдынның екіге бөлінгені белгілі болды. Одан бөлек, Қарабастау ауылына кіреберіс автокөлік жолын жөндеу қажеттігі айтылды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров келесі кезекте Нұрлыкент ауылында салынып жатқан спорт-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Бас мердігер – «Компания Сырым Блеке» ЖШС өкілдерінің айтуынша, аталған әлеуметтік нысан 2025 жылдан биылға өтпелі. Қазір мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстарынан ғимараттың іргетасын құйып, қабырғасын көтеру жұмысы ғана атқарылған. Биыл қалған қаржысы бөлінсе, нысанның жұмысын толықтай аяқтаймыз дегенді айтады мердігер мекеменің өкілдері.
Мәжілісменнің назарына Нұрлыкент ауылында орналасқан №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастырудың жайы да жеткізілді. Жауаптылардың айтуынша, қазір мұнда 800-ден астам оқушы білім алу үстінде.
Жұмыс сапарының қорытындысында М.Ескендіров ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы теміржолдың төменгі бөлігінде орналасқан жасанды өткел-көпірдің құрылысын көзбен көріп, жұмысқа жауапты мекеменің басшылығына Жуалы ауданының тұрғындары үшін бұл құрылыстың маңыздылығын атап өтіп, жұмыстарды уақтылы аяқтаудың қажет екенін еске салды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Мұндай жобалардың бірқатары аудан көлемінде де жүзеге асырылу үстінде.
Халық қалаулысы Мұқаш Ескендіровтың ауданға жасаған жұмыс сапары барысында онымен бірге аудан әкімі Жалғас Мұртаза, тиісті орынбасары мен жауапты бөлім басшылары, сонымен қатар, ауылдық округтің әкімдері ілесіп жүріп, туындаған кейбір сұрақтарға жауап берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»