Basty bet
Елін танытқан ерен тұлға
12 қаңтар – халқымыздың ұлы перзенттерiнiң бiрi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күнi. Дінмұхамед Қонаевтың есімі – қазақ халқы үшін қасиетті де қастерлі есім. Кеңес дәуірінде қазақ халқының басты арманы – Тәуелсіз ел болу еді. Осы жолда халық үшін аянбай еңбек етіп, елдің тәуелсіздігін алуға ұмтылған көрнекті ірі тұлғаның бірі – Дінмұхамед Қонаев болатын.
Қазақтың сүйікті ұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген. Жастайынан тау-кен инженері болуды арман еткен ұлы тұлға өзіне Алаш ардақтыларының бірі Мұхамеджан Тынышбаевты үлгі тұтып, сол кісі сияқты болуды армандайды.
Қазақ халқының сүйікті ұлы Димаш Ахметұлы алғашқы еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту және Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында қызмет істейді. Бірте-бірте қызметте жоғарылап, Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып тағайындалады. Бұдан өзге партия-кеңес органдарында, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде қызмет етеді. 10 жылға жуық Қазақ КСР Министрлер кеңесінде төрағаның орынбасары, 27 жылдай Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК саяси бюросының мүшесі болады.
Мәскеудегі Түсті металл институтында тау-кен инженері мамандығы бойынша білім алған Дінмұхамед Қонаев 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері, кейін директоры қызметіне көтеріледі. Қайнаған еңбектің ортасында тәжірибе жинап, іскерлігімен, еңбекқорлығымен танылған тұлға 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы, 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарады. Д.Қонаев басқарған 1960-1986 жылдар аралығында қазақтың ғылымы, мәдениеті мейлінше дамыды, өнеркәсіп өндірісі өркендеді. Қазақ өнерін қатты бағалап, қазақ мәдениетінің дамуына, қазақ жерінің астанасы Алматы қаласының көркеюіне зор ықпал жасады. Сол тұста қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті және 43 қала бой көтерді.
«Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой…, бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек.», «Панам да – ел, данам да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген кемеңгер тұлғаның еліне деген сүйіспеншілігі мен махаббаты әрбір жастың жүрегіне патриоттық сезім ұялатары анық.
Көзі тірісінде үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болды.
Дінмұхамед Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.
1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.
Кісілік келбеті мен парасаты келіскен, кемеңгер Дінмұхамед Қонаев қазақ халқы болашағының жарқын болуы үшін тынбай қызмет атқарып, халық есінде мәңгі қалды. Бүгінде елімізде ұлы тұлғаның есімімен аталған музей, жоғары оқу орындары колледж, мектептер, қала көшелері мен даңғылдар көптеп кездеседі.
Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен біртуар тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың есімі ресми түрде Қапшағай қаласына берілді. Бұл қаланың салынуы мен онда көрікті көлдің пайда болуына Дінмұхамед Ахметұлы көп еңбек сіңірген еді. Тарихи тұлға кезінде Қапшағай қаласына өзі жетекшілік жасап жүріп әсем қаланы тұрғызды. Қапшағай қаласының ғана емес, еліміздің көркеюі жолында аянбай тер төкті. Мемлекетімізді көрегендікпен басқарып, ел дамуына төте жол салды. Елін танытқан ер тұлға Дінмұхамед Қонаев халық үшін адал еңбек етіп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті.
Есімі аңызға айналған ардақты тұлғаны халқы ешқашан ұмытпайды. Тарихи тұлғалардың соңында қалған мұрасын жеткізу – кейінгі өскелең ұрпаққа абыройлы парыз. Дінмұхамед Қонаевтың қадірлі аты алғы күндерде де елмен бірге жасай беретіндігіне ешкім күмән келтіре алмасы анық.
Қайрат Сарыбаев,
еңбек ардагері.
Б.Момышұлы ауылы

