Basty bet

2026 жылы елімізде қандай өзгерістер болады?!

Әрбір жаңа күннен, ағарып атқан таңнан, тарихтың жаңа парағын ашып енген әрбір жаңа жылдан жақсылық күтетін халықпыз. Жылан жылын тарих қойнауына шығарып салып, күні кеше ғана бүкіл халық болып есігімізді ашып кірген Жылқы жылын жақсы ниетпен қарсы алдық. Шын мәнінде, әрбір келген жылдың өзіндік өрнегі мен өзіне тән ерекшеліктері болатынын жақсы білеміз. Жылан жылы да ел өмірінде айтарлықтай, әрі халықтың өміріне әсер етерліктей өзгерістер көп болды.
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Табалдырықтан аттаған Жылқы жылынан көп үміт күтеміз. Болжамға сәйкес, бұл жыл халықтың тұрмысына жайлы, табысты және сәттілікке толы жыл болады деген сенім бар. Лайым, жақсылық көп болсын. Ал, 2026 жылы елімізде қандай өзгерістер болмақ? Халық тұрмысын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылмақ? Жылқы жылы басталар тұста осынау маңызды мәселелерге бір шолу жасағанды жөн көрдік. Отандық ақпарат көздерінің мәліметтеріне қарағанда, 2026 жылы қазақстандықтардың өмірінде біраз өзгеріс болады. Зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері артады. Онымен бірге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану шегі де көтеріледі. Бұдан бөлек, мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа талабы күшіне еніп, байлыққа салық салына бастайды.
Одан бөлек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы қандай өзгерістер болады? Бұл туралы алдағы топтамада толығырақ айтылады.
Зейнетақы мөлшері 10%-ға өседі
Биыл әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған негізгі көрсеткіштер көтеріледі. Мәселен, зейнетақының ең төмен мөлшері көтерілгенде одан аз зейнетақы төлеуге болмайды. Бұдан бөлек, халыққа әлеуметтік көмек бергенде ең төменгі күнкөріс деңгейі ескеріледі.
зейнетақының ең төмен мөлшері – 69 049 теңге (2025 жылы – 62 771 теңге);
ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге);
айлық есептік көрсеткіш – 4 325 теңге (2025 жылы – 3 932 теңге);
ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге);
ең төменгі жалақы – 85 000 тенге (2025 жылы тура сондай).
Осы жылы ең төменгі жалақының көлемі өзгермейді. Үкімет оны алдағы үш жылда қарастырады деген болжам бар. Ал айлық есептік көрсеткіш өскеннен кейін айыппұлдардың көлемі артады. Дәл осы көрсеткішпен жәрдемақылар да есептеледі.
Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы
2026 жылы айлық есептік көрсеткішпен бірге көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы да өседі. Олар:
4 бала – 69 265 теңге (16 АЕК);
5 бала – 86 598 теңге (20 АЕК);
6 бала – 103 930 теңге (24 АЕК);
7 бала – 121 263 теңге (28 АЕК);
8 және одан көп бала – әр балаға 4 АЕК мөлшерінде, яғни кемінде 138 596 теңге.
Бұдан бөлек, “Алтын алқа” иелеріне 31 997 теңге (7,4 АЕК), ал “Күміс алқа” үшін 27 680 теңге (6,4 АЕК) қарастырылған.
Жөргекпұлдың мөлшері қандай болады?
2026 жылы бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы өседі.
бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге (38 АЕК);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге (63 АЕК).
Ал егіз, үшем немесе төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.
Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі.
бірінші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК);
екінші балаға – 29 465 теңге (6,81 АЕК);
үшінші балаға – 33 951 теңге (7,85 АЕК);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 503 теңге (8,9 АЕК).
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 процентін құрайды.
Асыраушысынан айырылғандарға төлем
Ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес есептеледі:
Бір балаға – 46783 теңге;
Екі адамға – 86447 теңге;
Үш адамға – 114415 теңге;
Төрт адамға – 132213 теңге;
Бес адамға – 139840 теңге;
Алты және одан көп адамға – 152 553 теңге.
Ал екі ата-анасынан айырылған жетім балаға 78311 теңге төленеді.
Мүгедектігі бар адамдарға төлем
7 жысқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 81870 теңге;
7-18 жасқа дейінгі және бала кезінен мүгедек балалар: І топ – 111872 теңге, ІІ топ – 93057 теңге, ІІІ топ – 81870 теңге;
Ерсектер: І топ – 111782 теңге, ІІ топ – 89498 теңге, ІІІ топ – 61021 теңге;
Жолапаты, жарылыс, радиациядан мүгедек болған қызметкерлер: І топ – 163739 теңге, ІІ топ – 139840 теңге, ІІІ топ – 117466 теңге.
Кәсіби әскери және арнаулы органдар қызметкерлері: І топ – 200357 теңге, ІІ топ – 154589 теңге, ІІІ топ – 117466 теңге.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін ата-аналарға немесе қамқоршыларға төлем 18 жасқа дейін – 81870 теңге.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану шегі өсті
Биылдан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері мен ең төменгі күнкөріс деңгейі өскеннен кейін зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі де орта есеппен 10 пайызға көтеріліп отыр.
Осылайша былтыр 30 жастағы адамның біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану шегі 4 580 000 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5 120 000 теңге болады.
Медициналық сақтандыру жарналары бюджеттен төленеді
2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты маңызды өзгеріс күшіне енеді. Бұдан былай 1 млн-нан астам адамның жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Қазақстанда 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Соның ішінде 2,4 млн азаматтың өмір сүру деңгейі орташа және қанағаттанарлық болса, 1 млн азаматтың табысы төмен. Осы санат үшін жарналарды төлеу міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейді.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне кемі бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылады.
Әлеуметтік азық-түліктің тізімі кеңейеді
Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізіміне 19 тауар кіреді. Олар: ұн (I сұрып), осы ұннан жасалған нан, макарон, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті (жауырын мен төс жағы), құс еті, пастереленген сүт (2,5%), айран (2,5%), сары май, жұмыртқа (I категория), тұз бен ірімшік (5-9%). Дәл осы тауарлардың баға үстемесін 15 процентке артық қосуға болмайды.
Ал 6 қаңтардан бастап әлеуметтік азық-түліктің тізіміне тағы 14 тауар уақытша қосылады. Соның ішінде қызанақ, қияр, алма, сиыр еті (сүйегімен бірге), ет фаршы, қой еті (сүйегімен бірге), жаңадан ұсталған және тоңазытылған балық, ультрапастереленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік пен қара шәй бар. Осы тауарлардың баға үстемесіне қатысты шектеу үш айға енгізіліп отыр. Оны ұзартуы да мүмкін.
Енді азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін еркін таңдай алады
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін (МТНБ) өз қалауынша таңдай алады. Ведомствоның мәліметінше, бұл жаңашылдық азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында енгізілген.Енді көлік иелері кез келген қажетті цифрлар мен әріптер комбинациясын еркін таңдауға мүмкіндік алады.
5 қаңтардан бастап азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы таңдай алады. Бұл ретте, кез келген қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар МТНБ құны 10 АЕК және 15 АЕК мөлшерінде болады (жоғары сұранысқа ие МТНБ-ны қоспағанда).
2026 жылдан бастап қазақстандықтар жеке куәлікті тегін алады
Көптеген мемлекеттік қызмет пен алымның бағасы АЕК-ке байланысты болғандықтан, құжаттарды ресімдеу 10%-ға өседі. 2026 жылы жеке куәлікті растайтын құжаттардың құны өзгереді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4325 теңгеге дейін өседі. 2025 жылы АЕК 3932 теңгені құрады. Көптеген мемлекеттік қызмет пен алымның бағасы АЕК-ке байланысты болғандықтан, құжаттарды ресімдеу 10%-ға өседі.
Мысалы, төлқұжат ересек адам үшін 8 АЕК немесе 34 600 теңге тұрады. Балалар үшін 4 АЕК немесе 17 300 теңге тұрады.
Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті тегін ала алады. Бұл қағида жеке куәлікті бірінші рет алатын және мерзімі аяқталғаннан кейін жаңартатын азаматтар үшін жарамды.
“Бірінші рет берілетін жеке куәлік тегін болады. Сонымен қатар, жеке куәліктің мерзімі аяқталғаннан кейін оны ауыстырған кезде де мемлекеттік алымсыз беріледі”, – деді көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.
Жалпы, жеке куәліктің құны 0,2 АЕК немесе 865 теңге болады.
Ал туу туралы куәліктер 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары үшін тегін болады.

Материал отандық ақпарат көздерінің мәліметтері негізінде әзірленген.
Баян Оразбаева,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close