Basty bet

Ардагерлер өңір дамуына үлес қосып келеді

Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында ардагерлер кеңесінің 2024-2025 жылдары атқарған жұмысы бойынша есеп беру- сайлау жиыны өтті.
Маңызды басқосуға Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық аналар алқасының төрайымы, ардагерлер, аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиын барысында Бауыржан Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қемелбек Дәуренов атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, негізгі бағыттар бойынша мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде, ардагерлер кеңесі аудандық ішкі саясат бөлімімен, Жастар ресурстық орталығымен және ауыл әкімінің аппаратымен тығыз байланыста жұмыс істейтінін атап өтіп, барлық санаттағы ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік және тұрмыстық қолдауларға кеңінен тоқталды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жесірі, тыл еңбеккерлері мен жалғызбасты қарттардың жағдайы тұрақты назарда екені, олардың тұрмыс-тіршілігін бақылау және өтініш-тілегіне жедел ден қою негізгі міндеттердің бірі екені айтылды.
Сонымен қатар, ардагерлерге медициналық көмек көрсету, профилактикалық тексерулерден өткізу және оңалту шараларын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқаны тілге тиек етілді. Жалғызбасты қарттарға әлеуметтік қызметкерлер бекітіліп, күнделікті тұрмыстық мәселелерін шешуге жан-жақты көмек көрсетіледі.
Жиында ауылдың рухани және мәдени өміріндегі ардагерлердің белсенділігі де ерекше аталды. Білім беру мекемелерінде жастармен өткізілген кездесулер, елдік рухты нығайтатын тағылымды шаралар мен тарихи тұлғаларға арналған танымдық басқосулар жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталғаны сөз болды.
Ардагерлердің ауылды абаттандыру, көгалдандыру, сенбіліктерге қатысу, қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүруі олардың ел мен туған жерге деген жанашырлығының айқын көрінісі екені де жиын барысында атап өтілді. Ұлттық мәдени орталықтармен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылда татулық пен қоғамдық келісім берік орныққан.
Саламатты өмір салты және салт-дәстүрді дәріптеу бағытындағы іс-шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Ардагерлер арасындағы жарыстар мен байқауларда ауыл намысын қорғап жүрген белсенді ардагерлердің жетістігі ерекше атап өтілді.
Есептік жиын соңында ұйымдастыру мәселелері қаралып, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Кемелбек Дәуренов қайта сайланды. Ал, оның орынбасары қызметіне Шәкіржан Мамаджанов бекітілді. Бұл шешім жиналысқа қатысушылар тарапынан толық қолдау тапты.
Ардагер – ел тарихының шежіресі, ұрпаққа бағыт-бағдар берер рухани тірек. Бауыржан Момышұлы ауылының ардагерлері қоғамдық өмірден шет қалмай, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Жастарға бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп және тәрбиенің темірқазығына айналған олардың еңбегі зор құрметке лайық.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close