Basty bet
«BAL-BOLAŞAQ» дамыту орталығы жаңа ғимаратта қызмет көрсетеді
«BAL-bolaşaq» дамыту орталығы жылдың басын ерекше қуанышпен бастады. Аталған мекеме Б.Момышұлы ауылының Жібек жолы көшесінде орналасқан «TopJargan» кәсіптік оқыту орталығының ғимаратын жалға алып, есігін айқара ашты.
Орталық ғимараттың ашылуына аудандық мәслихаттың депутаты Нүрилә Мәлібекова, Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев, бүлдіршіндердің ата-аналары мен орталықтың меңгерушісі Балнұр Үсеннің туыстары қатысып, игі бастамаға қолдау білдірді. Орталықтың меңгерушісі Балнұр Үсен екі жылдан бері тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде орталықта психолог, дефектолог, логопед, АВА терапист мамандар жұмыс істейді. Орталық 100 балаға арналып ашылған. Орталыққа балалар негізінен психикалық дамудың тежелуі, сөйлеу дамуының кешігуі, зейін жеткіліксіздік және гиперактивтілік синдромы, жалпы сөйлеудің дамымауы, т.б. диагноздары бойынша қабылданады.
Орталықта балалармен жеке дамыту жұмыстары жүргізіледі. Мамандар түрлі құралдармен дамыту ойындары арқылы жұмыс жасайды, тілдің сөйлеуіне, дененің дамуына, сүйек, буын ауруларына массаж жасайды. Сонымен бірге иппотерапия жасалады.
Сонымен бірге кешенді қызмет көрсететін аппарат, яғни TOMATIS және FORBRAIN аппараттарыда бар. Бұл – мидың дамуын іске қосатын аппарат. Ол мидың есту ақпаратын қабылдау және өңдеу қабілетін жақсартуға, сонымен қатар когнитивті және эмоционалдық функцияларды дамытуға бағытталған. Сүйек өткізгіштік арқылы өтетін дыбыс кохлеяны айналып өтіп, есту нерві мен ми қыртысына тікелей әсер етеді.
Балаңыздың әлеуетін ашқыңыз келсе, заманауи технологияны қолданыңыз! Сондай-ақ, орталықта балалармен жеке дамыту жұмыстары жүргізіледі. Мамандар түрлі құралдармен дамыту ойындары арқылы жұмыс жасайды, тілдің сөйлеуіне, дененің дамуына, сүйек, буын ауруларына массаж жасайды. Сонымен бірге иппотерапия жасалады.
– Ауданда жалпы дамуы кеш диагнозымен шамамен 400-ден аса бала ауырады. Олардың көбінің ата-анасының баласын қалаға апарып ем қабылдауына мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне, кеш емдеткен бала кеш сөйлеп, кеш дамиды. Сондықтан баланы ерте жастан емдеткен жөн.
Көп ата-ана баласының диагнозын кішкентай кезінде байқай бермейді. Мұндай диагноздың көбеюінің себебін мамандар қозғалыстың аздығы, нашар экология, ұялы телефонды шамадан тыс пайдалану, түрлі зиянды тағамдардың көбеюімен байланыстырады. Сонымен бірге, әйелдің аяғы ауыр кездегі психикалық жағдайы, тері ауруларымен, тұмаумен ауруының салдары болуы мүмкін. Баланы назардан тыс қалдыру немесе тым қатты еркелетудің де өзіндік кері әсері бар.
Орталыққа келгелі жақсы нәтижелер көрсеткен балалар көп. Олардың ата-аналары орталыққа баласын уақтылы әкеліп, балаға үйге берген тапсырманы уақыт бөліп орындатады. Кеш сөйлеу диагнозында нәтиже 30 пайыз дефектолог маманға байланысты болса, 70 пайыз ата-анаға байланысты. Себебі, ата-ана үйде баламен жүйелі түрде жұмыс жасап, тапсырманы орындату керек.
Бұл орталықта балалар үш мезгіл тамақ ішеді, түсте бір мезгіл тынығады, түрлі жаттығулар жасап, ойнайды. Орталыққа сағатпен келетін де балалар бар. Мамандардың қабылдау уақыты бір сағат. Алайда, мүмкіндігінше уақытты шектемеуге тырысамыз.
Менің мақсатым – балаларға көмектесіп, уақтылы дамуына өз үлесімді қосу. Қолымнан келгенінше оларды қатарға қосқым келеді. Мұндай балаларға сырттай қарасаңыз, дені сау балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, маман болғандықтан қайда жүрсем де, ойнап жүрген балаларды көріп, дамуында тежеуі бар балаларды бірден байқаймын.
Енді орталықтың ғимараты кеңейді. Жеңіл, қиын диагноздарды бөліп, жеке-жеке қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз.
Орталыққа ауданнан ғана емес, Шымкент және Алматы қалаларынан да келіп ем алып жүрген балалар бар. Тіпті, Шу қаласынан баласы үшін арнайы қоныс аударған отбасы бар, – дейді Балнұр Серғалиқызы.
Иә, бала – болашағымыз. Барлық бала бақытты болуға лайықты. Балалар ауырмасын! Алла дертіне шипа беріп, ертерек сауығып кетуіне біз де тілектеспіз!
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»