Basty bet
Ауданда отбасы тірегі нығайып келеді
«Отбасы» ұғымы пайда болғаннан бері адамдардың әлеуметтік өмірінде зорлық-зомбылық әлі күнге дейін өзінің құқықтық мәні бойынша кең таралған түсінік болып табылады. Отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбы әлемнің көптеген елдері үшін өзектілігін жоймауда. Жалпы тұрғыда тұрмыстық зорлық-зомбылық – негізі қоғамдық институттарға, оның ішінде, отбасы институтына айтарлықтай әсер ететін өткір әлеуметтік проблемалардың бірі.
Қазіргі кезде қоғамда шешілмей отырған көп мәселелердің бірі отбасындағы әйелдерге қатысты тұрмыстағы зорлық-зомбылық болып отыр. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлсіз балалар, қарттар, мүгедектер мен әйелдер қауымы көп ұшырайды.
Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал, бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді.
Ал қазіргі қоғамда көбінде, жас отбасылардың үйлене салысымен, ертесіне ажырасып жататынын өкінішке орай естіп-көріп жүрміз. Тіпті, үш-төрт, бес-алты балалы ерлі-зайыптылардың да ажырасып жатқанын еститін болдық. Біздің дамыған қоғамда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездесіп отыр. Көбінесе адамдар отбасындағы мұндай жағдайларды ашық айтпайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп анық жазылған.
Еліміздің қоғамдық өмірінде орын алып жатқан түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, адам құқықтарының тапталуының, азаптаулардың алдын алу мақсатында және қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдердің көбеюіне байланысты, оларды қорғау мақсатында республикамыздың әр облыстары және аудандарында «Отбасын қолдау» орталықтары ашылып, өз жұмыстарын атқаруда.
Ауданда 2024 жылдың қазан айынан бастап «Отбасын қолдау орталығы» өз жұмысын бастады.
Қазіргі қоғамда отбасының рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Осы орайда Бауыржан Момышұлы ауылында жұмыс істеп тұрған «Отбасын қолдау орталығы» тұрғындарға жан-жақты әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп, көптеген отбасылардың өміріне оң өзгеріс әкеліп отыр.
Орталықта тәжірибелі психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және заңгер қызмет атқарады. Олар отбасылық қарым-қатынасты нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-ана мен бала арасындағы түсіністікті жақсарту бағытында тұрақты түрде кеңестер мен тренингтер өткізеді. Сонымен қатар, заңгерлік көмекке жүгінген азаматтарға құжат рәсімдеу, әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекеттік қолдаулар туралы нақты ақпарат беріледі.
Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмекпен қолдау көрсету. Ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасымен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процессіне жәрдемдесу. Кеңес алуға келген аналар мен балалардың жеке басының және олардың жеке құпияларын сақтау. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік беру.
Одан бөлек орталықта бірнеше қызмет түрін көрсетеді. Мәселен, мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде, некені және отбасыны сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыру.
Сонымен қатар, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу және мемлекеттік қызметтерді, арнаулы әлеуметтік қызметтер мен көмекті алу мәселелері бойынша консультациялар беру, одан әрі реттеу үшін тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жіберу қызметі жатады.
Одан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға (отбасыларға) дейін бір айға дейінгі мерзімге орналастыру, отбасын нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысын мен басқа да іс шаралар үйымдастыру және өткізу.
Жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, консультативтік-кеңесші органдармен мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау қызметтері де бар.
Орталықты қазіргі таңда ұзақ жыл әлеуметтік салада қызмет атқарған тәжірибелі маман Жәмила Қалымбетова басқарады.
–Консультацияға келген аналармен балалардың жеке басының және олардың жеке құпияларын сақтаймыз. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік береміз. Бірақ соңғы шешімді өздері қабылдайды. Әрине жанжалдасқан отбасылар қайта татуласып жатса нұр үстіне нұр. Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары деп танылған жандарға стандарт бойынша 8 бағытта көмек көрсетіледі. 2025 жылы орталыққа 108 адам жүгінді. Соның ішінде 15 адам консультацияға келсе, 93 адам өмірлік қиындық жағдайға тап болғандар.
Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар жеті отбасы (23 баласымен) орталыққа орналастырылды. Олар жатын орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Орталыққа көмек сұрап келген әрбір тұрғынға әрқашан есігіміз ашық. Орталықтың ішінде үш бөлме жатын орынмен жабдықталған. Асханамыз бар. Одан бөлек балалар ойнайтын бөлме, үлкендер келіп тынығатын және жуынатын бөлмелермен де қамтылған.
Көрсетілетін қызметтерді алушыларды әлеуметтік оңалту, олардың азаматтық, мүліктік және де өзге де құқықтарын қайта қалпына келтіру мәселелерін шешу жолында жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ішкі істер және әділет органдарымен, үкіметтік емес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасалуда. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі ауылдық елді мекендерде сын мен міннен қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Алдағы уақытта әйелдер мен қыздар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде,- дейді Жәмила Қалымбетова.
Орталықта FSM Social цифрлық платформасы жұмыс істейді. Осы бағдарлама арқылы орталықтың қызметкерлері түскен өтініштерді тіркеп, керек бөлімдерге жіберіп отырады. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдарынан үш, 22 пробация қызметінде есепте тұрғандардан, төрт КДН, екі білім бөлімінен және 23 полиция бөліміне шақыртулар, дабылдар (сигналдар) түскен. Барлық қызмет алушыларға психологиялық қолдау, заңгерлік кеңес және әлеуметтік көмек көрсетілген. Одан бөлек, 71 адамға психологиялық көмекпен кеңес берілген.
Орталықта қиын өмірлік жағдайдағы балаларға үнемі қолдау көрсетіліп отырады. Қамқоршылықта және есепте тұрған 10 балаға, кәмелетке толмаған есепте тұрған бес балаға және отбасына психологиялық кеңестер, психотүзету жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырды. Әкімшілік-құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тоқсан сайын рейдтік жұмыстар жүргізіледі.
«Отбасын қолдау орталығы» жұмысының тағы бір маңызды бағыты – алдын алу жұмыстары. Мектептермен, ауылдық округ әкімдігімен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ерте жастағы жүктіліктің, ажырасудың, отбасындағы жанжалдардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Тәрбие сағаттары, дөңгелек үстелдер, семинарлар мен кездесулер ауыл тұрғындарының әлеуметтік сауаттылығын арттыруға септігін тигізуде.
Мәселен, орталық қызметкерлері «Буллингтің алдын алу», «Кибербуллинг» және «Суицид» туралы түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Ал, Отбасын қолдау орталығында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», «Анаға құрмет», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ!» «Біз зорлық зомбылыққа қарсымыз» және «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Тағы да айта кететін жайт орталықтың мамандары пробация қызметінде есепте тұрған әйелдермен кездесулер жиі өткізеді. Олар қиын жағдайға тап болған отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп, қолдарынан келген көмектерін аямайды.
Биыл «Отбасын қолдау орталығына» жүгінген жұмыссыз қызмет алушыларға тұрмыстық дағдыларды дамыту, оның ішінде, оқыту, шеберлік сабақтары, аспаздық, тігін, кәсіпкерлік негіздері бойынша «Topjargan» оқу орталығына үш айлық курсқа жолдау жоспарлануда,- дейді орталықтың директоры Жәмила Қалымбетова.
Орталыққа жүгінген тұрғындардың айтуынша, мұндағы мамандар әрбір мәселені жеке қарап, түсіністікпен қарайды. Оларға тек кеңес беріп қана қоймай, қиын сәтте моральдық қолдау көрсетіп отырады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты көрінісі саналатын бұл орталық – отбасы институтын нығайтудың тиімді тетігі. Алдағы уақытта орталық қызметінің аясын кеңейтіп, жастармен жұмыс, отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жобаларды көбейту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңға 15 сәуір күні қол қойды. Заң 15 маусымнан бастап өз күшіне енген болатын. Бұл заңда көптеген өзгерістер бар.
Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал, іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері сурет-бейне айғақтар мен көрші және туыстарының сөзіне сүйеніп, тергеу жүргізе алады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте алдын алу шараларының маңыздылығына назар аудартқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек» деген болатын. Өйткені, статистикалық мәліметтер зорлық-зомбылыққа көбінесе әйелдер мен балалардың ұшырайтынын растайды.
Қорыта айтқанда, Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Отбасын қолдау орталығы» – қиындыққа тап болған жандарға үміт сыйлап, берекелі отбасы мен тұрақты қоғам қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан маңызды әлеуметтік мекеме.
Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»