Basty bet
Қазақстан цифрлық державаға айналуы тиіс!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Таяу үш жылдың ішінде цифрлық елге айналуды мақсат еткен Қазақстан үшін бұл – стратегиялық жоспарды орындауға деген нақты қадам. Президент жыл басында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес», деп атап өткенін жақсы білеміз.
Қазақстанды таяу үш жылда цифрлық державаға айналдыру міндеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған 2025 жылғы Жолдауында да нақты меже ретінде қойылды. Аталған құжатта: «Мен жариялаған міндеттер Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды. Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс.
Әрине, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік. Бірақ мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс.
Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкімет цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді. Онда бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясында біріктірілетін болады. Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз» делінген.
Жалпы, Президент тапсырмасымен еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыру аясында қыруар шаруа атқарылу үстінде. «Жасанды интеллект туралы» Заңның қабылдануы аталған саладағы айтарлықтай жаңалықтың бірі болды. Осылайша, Қазақстан жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді. Аталған саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Отандық ресми ақпарат көздерінің мәліметінше, технология бүгінгі әлем экономикасының жүрегіне айналып, бұл мақсатта биыл цифрлық экономиканың драйверіне миллиардтаған доллар тартатын индустрияға айналатынын болжау қиын емес. 2025 жылы әлем бойынша жасанды интеллект саласына жұмсалған инвестиция көлемі шамамен – 1,5 триллион АҚШ долларына жетсе, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 триллионнан асады деп бағаланып отыр. Өткен жылы жаһандық жасанды интелект (ЖИ) нарығы шамамен 244 миллиард доллар болса, биыл бұл көлем 312 миллиард долларға дейін жоғарылайды деген болжам бар.
Экономистердің есептеуінше, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік экономикаға 15,7 триллион доллардан астам қосымша табыс әкеледі. Жалпы алғанда, бұл технология тауарлар мен қызметтер құнын төменде¬тіп, еңбек өнімін арттыруға мүмкіндік береді деп болжануда. Алайда бұл сонымен бірге еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістерге де алып келеді.
Қазір ЖИ-дің күнделікті өмірге кірігуі әлдеқайда тез жүріп жатыр. Қаржы, денсаулық сақтау, білім беру, өндіріс сынды салаларда жасанды интеллект аналитикалық шешімдерді жеделдетіп, ақпаратты өңдеу мен шешім қабылдауды автоматтандыруға көшті.
Бұл бизнес барысын жоғары деңгейге шығарып, ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.
Сонымен қатар, жасанды интелектіні мемлекеттік басқаруға енгізу бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, басқарушылық шешімдердің сапасы артып, мемлекеттік қызметтерді көрсету уақыты қысқарады. Сондай-ақ, процестердің автоматтандырылуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттырады. Деректерге негізделген басқару тәсілі бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жағдай жасайтынына сенім мол.
Цифрландыру және жасанды интеллект Қазақстандағы мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. ЖИ технологияларын жүйелі әрі жауапкершілікпен енгізу мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтатыны сөзсіз. Болашақта жасанды интеллект Қазақстанның заманауи, ашық және тиімді цифрлық мемлекет ретінде қалыптасуында шешуші рөл атқарады деп айтуға толық негіз бар.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»