Basty bet
Журналистер одағына мүшелікке қабылданды
«Еңбек – ер атандырады» деген тұжырымды сөзді дана халқымыз бекер айтпаса керек. Еңбек майданына жастайынан араласып, Жамбыл облысына қарасты қасиетті Жуалы ауданының дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан өңірге белгілі азаматтың бірі – Нұрғали Ералиев.
Н.Ералиевтың мамандығы – бухгалтер-экономист. Жамбыл есеп-санақ техникумын бітіргеннен кейін Алматы есеп-санақ академиясында білім алған. Ол 2000-шы жылдан күні бүгінге дейін салық саласында, дәлірек айтқанда, Жуалы аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман болып абыройлы қызмет атқаруда.
Руханиятқа жаны жақын, әдебиет пен шығармашылықты жанындай жақсы көретін Нұрғали Әбдәліұлы жұмыстан қолы бос кездерінде шығармашылықпен де айналысады. Осыған дейін оның бес кітабы баспадан жарыққа шыққан. Алғашқысы «Ана аманаты» деп аталады. Басқа кітаптарында ес білгеннен бүгінгі күнге дейінгі оқиғалар және еңбек адамдарының өнегелі өмірі туралы баяндалады. Журналистика саласында да өзіндік қолтаңбасы бар Н.Ералиевтың Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінде әр жылдары танымдық мақалалары тұрақты жарияланып келеді.
Нұрғали Әбдәліұлын өз саласының білгірі болумен қатар, Жамбыл облысы және Жуалы ауданының қоғамдық-саяси өміріне және қасиетті Әулиеата өңірінің шығармашылық орта өкілдерімен де тығыз қарым-қатынас орнатып, өңір өмірінің рухани-мәдени дамуына үлес қосып келе жатқан азамат деуге болады.
Н.Ералиев жақында Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Бүгінде негізгі жұмысымен қатар, шығармашылық салада елеулі еңбек етіп келе жатқан шығармашыл тұлға Нұрғали Ералиевты Журналистер одағының мүшесі болуымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз!
Өз саласының білгірі Н.Ералиев 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталса, мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күні кәсіби мерекесіне орай 2024 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Мемлекеттік кірістер қызметінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.
«Жаңа өмір»-ақпарат
