Basty bet

Атқарылған жұмыстар баяндалып, алда тұрған міндеттер нақтыланды

Апта басында Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы атқарған жұмыстары және 2026 жылға жоспарланған жұмыстардың барысы туралы сайлаушылармен есептік кездесуі өтті.

Аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында ұйымдастырылған жиынға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Қадырбекова, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық мәслихаттың төрағасы мен депутаттары, аудандағы сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органның басшылары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтің әкімдері, ауылдық округтің тұрғындары, қоғамдық кеңесі, ардагерлер кеңесі мен жергілікті қауымдастық төрағалары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары және жас сайлаушылар клубының мүшелері қатысты.
Сайлаушылармен есептік кездесуіне арналған жиынның күн тәртібіндегі бірінші мәселеге сәйкес, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нүрзия Алтыбаева 2025 жылы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының атқарған жұмыстарына және 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалу барысына тоқталды. Мәселен, 2025 жылдың басынан бері ауданға қарасты үш бірдей ауылдық округ әкімдерінің сайлауы (Боралдай, Қарасаз, Мыңбұлақ) және №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Жуалы аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына сайлау ұйымдастырылды. Сондай-ақ, баяндамашы 2026 жылы ауылдық округ әкімдерінің өкілеттілік мерзімдерінің аяқталуына байланысты ауыл әкімдерінің кезекті сайлауы бойынша ақпарат берді.
Келесі кезекте аудан әкімі аппаратының басшысы Жасөркен Жақсылық сөз алып, ол өз баяндамасында жергілікті атқарушы орган мен аумақтық, сондай-ақ, учаскелік сайлау комиссияларының арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды.
Атап айтқанда, сайлау науқанын ұйымдастыру барысында заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сайлау комиссияларының үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жасау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, баяндамашы сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Оның ішінде, сайлау учаскелерін қажетті құралдармен, байланыс құралдарымен, компьютерлік техникамен, дауыс беру кабиналарымен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар атап өтілді. Бұл жұмыстардың барлығы сайлау процесінің ашықтығы мен қолайлылығын арттыруға бағытталғаны айтылды.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов есептік кездесудің маңыздылығы, облыс көлеміндегі сайлау мәселелері, сайлау жүйесіндегі жаңа реформалар, сайлаудың ашықтығы мен жариялылығы, кандидаттардың сенім білдірген адамдары мен саяси партиялардың байқаушыларының құқықтары мен міндеттері, сайлаушылар тізімдерін өзектендіру жұмыстары туралы баяндады.
«ҚР Орталық сайлау комиссиясының және облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды.
Комиссия мүшелерінің сайлау жүйесіндегі білімі мен кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар және т.б. ісшаралары ұйымдастырылды. Өткізілген іс-шараларда сайлау процесін ұйымдастырушыларға сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге басымдықтар берілді.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы барлық денгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейі едәуір жоғарылады деп айтуға негіз бар. Оның айғағы, өткен алты жылда сайлау комиссияларының сайлауды даярлауға өкілеттігі бар мемлекеттік органдар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып,
ҚР Президентінің екі сайлауын, Парламенттің екі Палатасының (Сенат және Мәжіліс), барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екі сайлауын, Республикалық Референдумды және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ және аудан әкімдерінің сайлауын заң талаптарына сәйкес өткізуі.
Сонымен қатар, жастардың қоғамдағы рөлі мен олардың саяси белсенділігін арттыру мақсатында өткен жылы өңірлерде «Жас сайлаушылар» клубтары құрылып, өз жұмысын бастады. Бір сөзбен айтқанда, жас сайлаушылар клубтары диалог пен практикалық алаң ретінде қызмет атқарып, жастар тарапынан қолдау табуда.
Олар білім беру квиздерін, комикстерді, интерактивті материалдарды, сондай-ақ, мектеп, колледж және университет денгейіндегі өзін-өзі басқару аясында түрлі жобаларды даярлап іс жүзінде жүзеге асыруда. Оның айғағы ретінде өңірлерде өткен жас сайлаушылар форумын айтуға болады. Онда жастар сайлау жүйесі туралы кең ауқымды ақпарат алып қана қоймай, пікірталастарға қатысып, өз сауалдары мен ұсыныстарын ортаға салды». Атқарылған жұмыстардың барысы туралы Серғали Өмірзақұлы жиналғандарға осылай деп ақпарат берді.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, жан-жақты әрі нақты түсіндірмелер берілді. Қатысушыларды толғандырған сауалдарға жауап беру арқылы сайлау процесіне қатысты өзекті жайттар да кеңінен талқыланды.
Кездесу жиынында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов және аудан әкімі Жалғас Мұртаза сайлаулар науқаны кезінде жоғары ұйымдастырушылық қабілет пен жауапкершілік танытқан бірқатар комиссия мүшелерін Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және аудан әкімінің Алғысхаттарымен марапаттады.
С.Айдапкелов сайлау процесін заңнама талаптарына сай, ашық әрі әділ өткізуге қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, атқарылған жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта да сайлау жүйесін жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмыстарға сәттілік тіледі. Кездесу соңында қатысушыларға сәттілік тілеп, оларды ел бірлігі мен қоғамның тұрақтылығын нығайту жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close