Basty bet
Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз өмірдің кепілі
Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда “Заң мен тәртіп” қағидатын жүзеге асыру мақсатында “Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз болашақ!” тақырыбында оқушылармен кездесу өтті.
Кездесуге аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев, аудандық полиция бөлімінің инспекторы Илияс Жұмағұлов және зорлық-зомбылық бөлімінің басшысы Бексұлтан Таңсықбай, мұғалімдер қатысты.
Шарада алғашқы сөз аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Е.Жүзбаевқа беріліп, ол күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырды. Ол елімізде балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бағдарламалар мен заңдардың қабылданғанын айта келе, қазіргі таңда білім беру ошақтарында тәрбие жұмыстары “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырғанын жеткізді. Аталған тәрбие бағдарламасы аясында оқушылардың бойында алты, яғни, “Тәуелсіздік және отаншылдық”, “Бірлік және ынтымақ”, “Әділдік және жауапкершілік”, “Заң және тәртіп”, “Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік” және “Жасампаздық және жаңашылдық” секілді құндылықты қалыптастыру көзделіп отырғанына тоқталды.
-Мектеп – білім беру ордасы. Мектепке балалар білім мен тәрбие алу үшін келеді. Сол себепті, мектепке білім аламын деген бала өз құқығын біле отырып, құқықбұзушылыққа жол бермеуі керек. Бір-бірлеріңе деген мейірімділік, қамқорлық, ізеттілік және достық қарым-қатынас болуы керек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен бала заңбұзушылыққа бармайды. Мектепте әлімжеттікке жол бермеу қажет. Түнгі жүріс, ұялы телефондағы түрлі ойындар ертеңгі күні сабақ үлгерімдеріңізге кері әсер ететінін естен шығармаған жөн. Әр баланың құқықбұзушылығына тікелей ата-ана жауапты. Мектепте баланы мұғалім, үйде ата-ана қадағалайды. Барлығымыздың араласатын өз ортамыз бар. Сол ортаны дұрыс таңдап, тек қазір білім алауға күш салған абзал. Отбасы, мектеп және қоғам болсын бірінші кезекті жақсы тұлға тәрбиелеуге күш салады. Сол себепті, балалар, сіздерді тәртіпке бағынып, құқықбұзушылыққа бармауға шақырамыз.
Қылмыс жасаған бала туралы деректер арнайы базада сақталады және ол болашақта оның өміріне кері әсерін тигізеді. Мәселен, есепте тұрған бала ертеңгі күні мемлекеттік, әскери, құқық қорғау саласының қызметіне және өзге де лауазымды қызметтерде жұмыс істеуіне кедергі болады. Қылмыс жасаған бала халықаралық спорттық жарыстарға да қатыса алмайды. Сонымен қатар, олар отбасылы болғанда балаларына әкесінің соттылығының болуы көптеген кедергілер жасайды. Сіздер – біздің елдің болашағысыздар. Әркімнің тағдыры өз қолында. Заңды құрметтеп, тәртіпті сақтап, зиянды әдеттерден аулақ болсаңыздар – болашақтарыңыз жарқын болады, – дей келе, Е.Оралбекұлы балаларды кітап оқуға шақырды.
Еркін форматта өткен кездесуде сөз алған білім бөлімінің әдіскері Гүлназ Сатарова және полиция бөлімінің қызметкерлері Илияс Жұмағұлов пен Бексұлтан Таңсықбай құқықтық сауаттылық жайлы жан-жақты ақпарат бере отырып, оқушыларды өз құқықтары мен міндеттерін терең меңгеруге, заңға бағынатын саналы, білімді және тәртіпті азамат болуға шақырды. Оқу-тәрбие беру процесінде оқушылар мектептің ішкі тәртіп ережесін сақтауға міндетті екені де айтылды.
Шара барысында мектептің былтырғы түлегі, ҚР Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 1 курс студенті Қуаныш Қанатбек күтпеген жерден осындай құқықтық сауаттылыққа арналған іс-шараға қатысып, оқушыларға құқықбұзушылыққа бармауды және мектепте берілетін білім мен тәрбиенің қадірін білуді насихаттады.
Сонымен қатар, мектеп психологтары Эльмира Нұрлыбаева және Шынар Есдәулетова тернингтік ойындар жүргізу арқылы да балаларды тәртіпке шақырып, өз болашағына деген жауапкершілікті сезінуді ұғындырды. Ал, директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Индира Сейітбекова “Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз болашақ!” тақырыбында баяндама жасап, оқушыларды өз құқықтары мен міндеттерін біліп, саналы азамат болуға шақырды.
Шара барысында оқушыларға құқықтық сауаттылық – тек білім ғана емес, ол – қауіпсіз өмірдің кепілі екені насихатталды.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”