Basty bet

Өлең болып өріліп, жыр болып төгілген

Саналы ғұмырының елеулі бөлігін шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақтың рухты болып өсуіне арнаған жуалылық ұлағатты ұстаз, ақын Рәтбек Қасымбектегінің сыршыл өлеңдерінен өмірдің нәзік иірімдерін аңғару қиын емес. Жастайынан көрген қиыншылық пен ұлы мұраттар қазірге дейін өлең болып өріліп, жыр болып төгіліп келеді. «Отан отбасынан басталады» демекші, отбасылық, ұлттық құндылықтар да ақынның асқақ жырларынан көрініс тауып отыр.
Ақынды жақын тану үшін оның өмірі мен еңбек жолына үңілген жөн сияқты. Рәтбек Қасымбектегі 1956 жылы 20 қаңтарда ауданға қарасты Бақалы ауылында туған. 1972 жылы Қайрат ауылындағы «Октябрьдің – 40 жылдығы атындағы» орта мектепті бітірген. Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ аудандық, облыстық және республикалық басылым беттерінде шағын мақалалары мен өлеңдері жарық көрген. Ол үнемі аудандық, облыстық газет-журналдармен шығармашылық байланысын үзбей келеді.
Қасиетті қаламды жанына серік еткен ақынның әр жылдары «Перзентімін анамның», «Туған жерім – жұмағым!», «Шарпыды мені бір сезім…», «Нұрлы жұрттан келдім мен», «Абыройға лайық өмір сүр!» және «Есті ұрпаққа естелік» аталатын жыр жинақтары жарық көрген.
Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) филология факультетін бітірген жалынды жастың ұстаздық жолы сонау 1976 жылы басталып, ол жарты ғасырға жуық уақыт аудандағы бірқатар мектепте, одан соң Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұзақ жыл мұғалім болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Р.Қасымбектегінің білім беру саласына сіңірген еңбегі ескеріліп Жуалы ауданының Құрмет грамотасы және Алғысхаттармен марапатталды. Одан бөлек, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін иеленген.
«Құлымын Бір Алланың,
Демеймін, мен пырақпын.
Жиырмасыншы жұлдызында қаңтардың,
Дүниеге Анам жаққан шырақпын» деп жуалылық ақынның өзі жырлағандай, Рәтбек Қасымбектегінің мерейлі 70 жасқа толуына орай оқырман назарына бір топ өлеңін ұсынып отырмыз!
Редакциядан.
Келді бүгін бір ұлың 70 жасқа
Жас келіп, қуат қайтып қартайғанда,
Кеуде қысып, дем жетпей ауырғанда.
О, Тәңір, жан қадірін сезіндім мен,
Аурумен арпалысып жатқанымда.
Тыста жүрер тіршілікпен ұлдарым,
Жаныңда әркез бола бермес қыздарың.
Жақсы сөзбен жылы жүзін көрсетер,
Жаны жайсаң, адал болса алғаның…
Айналайын, жаны нәзік қыздарым,
Ризамын мен таусылғанша тұз-дәмім.
Ұмыттырған өткен күндер ызғарын,
Ғұмырлы әрі бақытты бол ұлдарым!!!
Неге мен наз айтамын тағдырыма?!
Жеткен жанның бірімін арманына.
Аллаға мың шүкір деп, өтем анық,
Еске алар ұл мен қыз – ізім барда.
Атанып жасыңнан-ақ «Жесір ана»,
Қалсаң да кейбір «надан» табасына.
Жасымаған анашым, сен данасың,
Ар-намыс, ақыл мен күш тәрбиені
Дарытқан мендей ұлдың санасына.
Басымды иіп тұрып…
Оңашада отырам кейде өкініп,
Жеткізе алмадым деп арманыңа.
Тоғыз ай, он күн көтеріп,
Әкелген жансың – асыл ана,
Киелі мекен, қасиетті жер – Жуалыға!
Жуалым…
Сүйсіндім бұлағың мен бастауыңа,
Түрлі шөп, гүл дестелі қыр басына.
Бәрі-бәрі көрікті тау-тасың да,
Кезінде жалаңаяқ ой-қыр кезген,
Келіпті мендей ұлың 70 жасқа.
Жақсы жандар жанынан табылғаным,
Тең болғаннан шығар-ау ой-арманым.
Қуаныш пен қайғымда табылатын,
Аз да болса өмірде бар достарым!!!
Мен өзімді түсініп болғанымша
Дәуірдің өткелінде тұрып қалмай,
Есте қалар көп жылдар өтті талай.
Балалық шақ естелік – Бақалыда,
Жастығыма куә тек тұмарлы Ай.
Ез болып өскенім жоқ ел шетінде,
Көз жіберіп қарасам өткеніме.
Албырт шақ, асау мінез болса-дағы,
Ден қойып өскенбіз біз тәрбиеге.
Адам болып келген соң жер бетіне,
Арсыз болсаң ана сүті кешіре ме?!
Наданның қате айтқан бір сөзіне,
Ой-сана өшірмейді ау кешірсең де…
Ала жіпті аттамауға тырыстым,
Нәлет сөз келмесін деп тәрбиеме.
Қанағат қып Алла берген ырысты,
Жазғанын көріп келем пешенеме.
«Өмір ұзақ екен деп»  жас шағымда,
Өтерін ойламаппын қас қағымда.
70 жастың төріне келіп қаппын,
Мен өзімді түсініп болғанымша.
Ата бер, ақ таң арайлап
Кең байтақ мына даланың,
Төбе мен қыр, сайында,
Таяқ ұстап қой бағып,
Шалға тартып шөп шауып,
Еңбекпен өскен балаңмын.
Шипалы су мен таза ауа,
Нұрлы ой сепкен санама.
Жеміс-жидек, көкөніс,
Күш-қуат берген қаныма.
Өскен ауылым Бақалым,
Көркейе берсін, Отаным!
Жарқырап жүрсе ұл-қызым,
Тамырды терең жаярмын.
Күн шығып көкте жарқырап,
Бөленсін нұрға бар аймақ.
Көк туы көкте желбіреп,
Ата бер, ақ таң арайлап!!!
Мен жүрмін ұмыта алмай…
Қанша жақын болсақ-дағы екеуміз,
Біз енді ешқашан бір жүрмейміз.
Өмір заңы солай болды біз үшін,
Қосылмастан екі жаққа кеткенбіз.
Жанарың мөлдір еді күлімдеген,
Үйлесіп тұрушы еді күлкіңменен.
Шыңда өскен еңлік гүлі секілді едің,
Қыз едің жаны нәзік, бекзат неткен…
Хош иіс тынысыңнан есетін леп,
Сезуші ем еркелетсем, жақындап кеп.
Өзіңді дәл өзіме қимаушы едім,
Қадіріне бұл жанның жетпеспін деп.
Жырақтауға өзіңнен себеп тауып,
Қайтып келем деген ем Отан қорғап.
Бақытты етер жанға кезіксін деп,
Хабарласпай кеткен ем сенен жырақ.
Қаншама жылдар өтті содан бері,
Білеміз, жылжымайды жылдар кері.
Бақытты болсаң болды, кінәлама,
Мен жүрмін ұмыта алмай өзіңді әлі…
Құпия сыр
Өзге жанға айта бермес жария,
Әрбір жанда болады бір құпия.
Сол құпия менің де бар санамда,
Жабырқасам демеу берер жаныма.
Кейбір жанды жақын тартып жүрсең де,
Бірге жүріп сүрінген бір сәттерде,
Айтқан сөзді өзгелерге жеткізіп,
Бой алдырып қояды тек өсекке.
Түсінгенге жалған өмір тым шолақ,
Өшпес үміт жетелейді ертеңге.
Біреулер бар соншалықты құмар-ақ,
Өзгелердің құпиясын білуге.
Әр адамның өзіне анық жан сыры,
Құпия сыр айтылмайды жасырын.
Жасырын сөз игі болса бек жақсы,
Менің де бар өзіме аян жан сырым…
Білмедім туған жерден қалай кетем?
Ризамын, көңілім толар Жуалыма,
Теңеу сөз таба алмадым таза ауаңа.
Жұлдызы биік тұрған туған жердің,
Ұл-қызы қарап өсер Алатауға.
Балдәурен, жас күн өткен Бақалыда,
Көзге ыстық жолда жатқан құм, тасы да.
Өткен шақтың елесін еске салды
Жүздерін күн қақтаған адамы да.
Бұл күнде жаңа ғасыр, жаңа заман,
Жолдар да өзгеріпті анам жүрген.
Іздерді жауын-шашын, жел жасырған,
Сол жолмен ойға шомып жүріп келем.
Келгенде күні бүгін 70 жасқа,
Тілегі ақ бөле-туыс, ауылдас та.
Ілесіп кетер едім ұл мен қызға,
Тылсым күш жібермей жүр қала жаққа.
Осы өңір – өскен елім, туған жерім,
Ойнадым, еңбек еттім, тамды терім.
Көз көрген үлкен-кіші бәрін тастап,
Білмеймін, «Күйік» асып қалай кетем?…
Рәтбек Қасымбектегі,
ардагер ұстаз. «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері.
Нұрлыкент ауылы

Таңдаулы материалдар

Close