Basty bet

Ауылдық округтерде бірқатар маңызды жұмыстар атқарылған

2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ауыл әкімдерін елорда төріне жинап, диалог-платформа жиынын өткізгені белгілі. Ауыл әкімінің биік мінберден сөз алуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызды тетігі екені дәл осы алқалы жиында айқын көрінді деуге болады. Президент өз сөзінде ауылдың дамуына ерекше мән беретінін, сонымен қатар, алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға арналғанын атап өткені белгілі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Жалғас Мұртаза алдыңғы аптада таулы өңірде орналасқан Боралдай және Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу жиынын өткізсе, аудан әкімінің кездесу кестесіне байланысты Жалғас Мұртаза өткен аптаның жұма күні Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ой-пікір алмасты.
Айта кету керек, ауылдық округтердегі жиынға аудан әкімінің салалық орынбасарлары, аудандық әкімдіктің бөлім және мекеме басшылары, сонымен бірге, жиынның жұмысына аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков және аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ардақ Әміребек қатысып, хабарлама жасады.
Кездесу жиыны Нұрлыкент ауылдық округінен бастау алып, жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге байланысты ауылдық округтің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
– Ауылдық округке қарасты үш бірдей елдімекенде 845 аула бар. 2026 жылдың 1 қаңтарына халық саны – 4 365 адамды құрайды. Тұрғындардың 1 365 адамын, яғни 31,2% жастар құрайды. Өткен жылы жалпы атаулы әлеуметтік көмек 18 отбасына тағайындалса, 2024 жылы 35 отбасына берілген.
Ауылдық округ тұрғындарының негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысты. Округте тіркелген 62 шаруа қожалықтың иелігінде барлығы – 6 498,03 гектар жер телімі бар. Екі шаруа қожалық сүт өндіру және асыл тұқымды қойдың басын көбейту бағытымен мемлекеттен субсидия алады. Былтыр 31 шаруа қожалық минералды тыңайтқышқа қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға келсек, 2025 жылы «Егизекова Г» жеке кәсіпкерлігі 10 900 000 теңгеге YTO-1024 тракторын және 1 450 000 теңгеге жүктиегіш қосалқы техника сатып алса, «Әлинұр» ШҚ 13 450 000 теңгеге YTO-1054 тракторын және қосалқы техникалар, «Тырнақбай» ШҚ 13 450 000 теңгеге YTO-1054 тракторын, ал «Төлеген», «Райымбек-1» және «Злиха» шаруа қожалықтары қосалқы техникалар (жүктиегіш және соқа) сатып алып, округтің ауыл шаруашылығы техника паркінің жаңаруына өз үлестерін қосты.
Одан бөлек, былтыр «Злиха» шаруа қожалығы Голландия мемлекетінен 20 тонна көлемінде элиталы картоп тұқымын әкеліп, алқапқа егіп, оның әр гектарынан 450 центнерге дейін өнім алды. 2025 жылы округтің шаруалары көктем-күз айларында 605 гектарға күздік бидай, 1 820 гектар арпа, 360 гектар мақсары, 20 гектар дәндік жүгері, 6 гектар күнбағыс, 420 гектар картоп, 130 гектар көкөніс, 30 гектар сүрлемдік жүгері, сонымен қатар, 210 гектарға таза жоңышқа егіп баптады.
Өткен жылы округте 20 гектар картоп алқабына жаңбырлатып және екі гектар көкөніс алқабына тамшылатып суғару қондырғылары орнатылды. Есепті мерзімде «Злиха» шаруа қожалығы Ресей Федерациясынан І репродукциялы картоптың «Аризона» тұқымының 15 тоннасын сатып алып, оны 2026 жылдың өніміне егу үшін сақтауда. Одан бөлек, шаруашылық биыл Голландия мемлекетінен тағы да 20 тонна картоптың элиталы «Пикассо» тұқымын сатып алуды жоспарлауда.
Ауылдық округте ірі қара малдың саны – 4 120 бас, уақ мал – 7 063, жылқы – 690, үй құстары – 5 900 басты құрады. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында «Тараз» ӘКК» арқылы «Қуатбек-2020» АШӨК-не 2,5 пайыздық несие алу жобасы мақұлданды. АШӨК-не 20 миллион теңге қарастырылды (жабдықтарға – 10 млн теңге, 10 млн теңге асыл тұқымды сүтті сиырлар сатып алуға). Кооператив мүшелігіндегі 10 азаматқа 100 млн теңге қаражатқа асыл тұқымды сиырлар алу үшін қарастырылып, құжаттар толық рәсімделді,- деді ауылдық округтің әкімі Н.Рақымбек.
Баяндамада атап өтілгендей, округ тұрғындарына тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін (ауылдық округте 2007 жылдан бері жалпы 585 азамат жер телімінің кезегінде тұр). Бүгінгі таңда жер учаскесін жалға алу құқығымен 59 азамат жер телімін алған. Автомобиль жолдарының жағдайына келсек, округке қарасты 22 көше жолының (20,564 метр) жер актілері әзірленген. Ауылішілік жолдар 20,564 шақырымды құраса, 2024 жылы 6,611 шақырым жол, ал 2025 жылы 1,423 шақырым көше жолы орта жөндеуден өтті. Айта кету керек, округтегі көше жолдарының 99 пайызына асфальт жабыны төселген. Былтыр Түктібай ауылының Е.Әуелбеков көшесі және Қызылкүншығыс көшесінің бір бөлігі және қиылыстарына орта жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жиында сөз сөйлеген аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков өңірдегі криминогендік ахуалға тоқталып, жалпы бірқатар қылмыстардың өсіп отырғанына алаңдаушылық білдіріп, округтің тұрғындарын қазір етек алып отырған интернет алаяқтықтан сақтануға шақырды. Сонымен қатар, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев жиналғандарға негізсіз баю сомасы туралы түсінік беріп, Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру шараларының барысы, құқықтық мәдениетті арттыру жайлы айтып берді.
Тұрғындармен ұйымдастырылған кездесу жиынында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, бірқатар маңызды мәселелер бойынша пікір білдірді. Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, ауылдық округте «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқанын, биыл «Көксай-1» каналының құрылысына (темір-бетон лоток орнату жұмыстары) қомақты қаражат қарастырылғанын, тұрғындардың ауызсумен және көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етілгенін, одан бөлек, алдағы жылдары электр энергиясына қатысты мәселелердің шешілетінін жеткізді. Бұл бағытта биыл инвестициялық бағдарламамен өңірге қарасты бірқатар ауылда жұмыс атқарылады деп жоспарланған. Аудан басшысы сонымен қатар, соңғы екі жылда қордаланған ауыл шаруашылығына қатысты субсидия қарыздарының төленетінін де айтты. Субсидия қаражаты негізінен ауыл шаруашылығы техникаларын және асыл тұқымды мал сатып алған шаруаларға беріледі.
***
Аудан әкімінің өңір тұрғындарымен кездесуге арналған күнтізбсіне сәйкес, өңір басшысы Жалғас Мұртаза Қызыларық ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесті. Ауылдық округтің әкімі Марат Қасымбековтың 2025 жылы атқарылған жұмыстарға арналған баяндамасында атап өтілгендей, есепті мерзімде ауыл шаруашылығы саласын қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаруа қожалықтар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг жүйесімен және жеке қаражаттары есебінен ауыл шаруашылығы техникаларына тіркемелер сатып алған. Мемлекет тарапынан 235 тонна жеңілдетілген бағамен сатып алынған жанар-жағармай округтің 120 шаруа қожалығына берілген. Округте 260 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде, 4 заңды тұлға (АӨК), 120 шаруа қожалық және 136 жеке кәсіпкер бар. Кәсіпкерлік субъектілерінде 267 адам жұмыспен қамтылып отыр. Айта кету керек, 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тарапынан барлығы – 6 163 гектар жерге егін егілсе, 2026 жылдың өнімі үшін 675 гектар күздік бидай егілген. Жалпы егістік жерлердің 1 884 гектарын мал азығына арналған дақылдар құрайды.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оның ішінде, алдыңғы жылдары Ақтөбе ауылына ауызсу құбырын тарту жұмыстарына жарты миллиардқа жуық қаражат бөлінгенін, одан бөлек, биыл да бірқатар жұмыстарға қаражат қарастырылатынын жеткізді. Оның ішінде, көше жолдарын жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, «Көксай-1, 10» каналдарының құрылысына қаражат бөлінеді. Ауыл тұрғындарынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров, т.б. азаматтар бокс залына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, облыстық мәндегі автожолдың бойына жол белгілері қойылса және жедел жәрдем қызметі ретке келтірілсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізіп, оған толыққанды жауап алды.
***
Алдын ала белгіленген кездесу кестесіне сәйкес, тұрғындармен кездесу жиыны Ақтөбе ауылдық округінде жалғасты. Жиынға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков және аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ғалым Жақыпбеков атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Есепті мерзім ішінде округ тұрғындарының игілігі үшін бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынып, атқарылған. Ал 2026 жылға жоспарланған жұмыстарға келсек, «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсында округке қарасты Жаңаталап ауылы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, оған бөлінетін қаражатқа балалар ойын алаңшасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті қаржы бекітілген. Биыл Бәйтерек ауылына балалар ойын алаңшасы салынып, Ынтымақ көшесіне күн сәулесінен қуат алатын көше жарықтары орнатылады. Биылға жоспарланған басқа да жұмыстар жетерлік.
Жиын соңында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, ауылдық округке қатысты туындап отырған бірқатар күрделі мәселеге байланысты пікір білдіріп, кейбірінің оңтайлы шешілу жолдарын қарастырды. Тұрғындар атынан сөз алған ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Тәжіханов шаруаларға ағын судың тапшылығы қатты сезіліп отырғанын айтып, сайларды бөгеу арқылы су тоспаларын салуға көмек керек екенін жеткізді. Шынында, ағын судың тапшылығы шаруалардың жұмысына кедергі келтіріп, өнімділікке де кері әсер етіп отырғанын айтуға тиіспіз. Сайлардың суын тиімді пайдалану – бұл тығырықтан шығудың бірден-бір жолы болмақ.

Таңдаулы материалдар

Close