Basty bet

Отаншыл болу – туған еліңнің игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағы қалыптасқан дәстүрге сай биылғы Жылқы жылының басында «Turkistan» басылымына арнайы сұхбат беріп, бұл ауқымды сұхбат республикалық газеттердің барлығында жарияланды. Президент сұхбатында 2025 жылдың қорытындасы, ел дамуына қатысты маңызды мәселелермен қатар, ел дамуының жаңа бағдарлары да айқын көрініс тапқан. Сұхбатта Президент 2025 жылды қорытындылап қана қоймай, мемлекеттің алдағы жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарларын, сонымен бірге, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін ашып көрсеткенін ерекше атап өткен жөн.

Жылқы жылының ең басты, әрі маңызды міндеті ретінде Президенттің Жарлығымен 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып ресми түрде жарияланғанын ерекше атап өтуге болады.
«Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін – барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуға тиіс» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Президент сұхбатында атап өтілгендей, Қазақстан таяу үш жылда цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы биыл да жалғасады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей бастамасымен 2024 жылы Қазақстанда қолға алынған акция бүгінде жалпыхалықтық сипатқа ие болып отыр. 2025 жылы аталған жалпыұлттық іс-шараның аясында республика аумағында 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған. Одан бөлек, бұл бағытта ел өңірлерінде қаншама қыруар жұмыс атқарылып жатқанын жақсы білеміз.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы жоспарлы іс-шаралар елдің барлық өңірінде жалғасу үстінде. Акцияның бастау алар тұсында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» деп атап өткені белгілі.
Сонымен бірге: «Тазалық – әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр көктемде елордасы Астана қаласында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» фестивалінде сөйлеген сөзінде: «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ, ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ» деп ерекше атап өткенін жақсы білеміз.
Президент «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ел өңірлерінде жалғастыру қажеттігін тағы бір еске салды. Бұл туралы: «Елімізде былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды. 4 млн астам ағаш отырғызылды. Осындай жұмысты жалғастыра береміз. Қазақстан нағыз жасыл ел болу керек. Ал, бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық. Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Бұл жұмысты мектеп оқушыларынан бастап барлық қазақстандықтар атқаруы тиіс» делінген Президент Жолдауында.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы жоспарлы жұмыстар 2024 жылдан бері жүйелі іске асырылуда. 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының Өңірлік жоспарына сәйкес, елдімекендерде абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
– «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында аудан көлемінде 2025 жылы барлығы – жарты миллион тоннадан астам түрлі күл-қоқыс сыртқа шығарылып, сенбілік жұмыстары мен акциялар ұйымдастырылды.
Сенбілік жұмыстарының аясында аудан аумағынан өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық автожолының бойындағы және Б.Момышұлы ауылына кіреберіс екі автомобиль жолының бойындағы ағаш екпелерінің арасы тазаланып, қураған бұтақтар шабылды.
Экологиялық акция былтырғы күзгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарының аясында да өз жалғасын тауып, іс-шаралар аясында сенбіліктер тұрақты ұйымдастырылып, оған қатысушылар негізінен аудан орталығындағы басты көшелермен қатар, мемлекеттік мекеме ғимараттарының ауласы, саябақтар мен скверлердің аумағын тазалады. Осындай жұмыстар ауданға қарасты барлық ауылдық округте атқарылды.
Жалпы аталған экологиялық акцияның барысында барлығы – 40 мың данаға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде, «Жасыл белдеу» бағдарламасымен аудан орталығы мен әрбір ауылдық округте кемінде 2 000 түп ағаш көшетін отырғызу тапсырмасы орындалды. Мұның нәтижесінде, Б.Момышұлы және ауылдық округ әкімдерінің тарапынан – 30 мың данаға жуық қарағаш көшеті отырғызылды,- дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылыр көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров.
Айта кету керек, аталған экологиялық акцияның аясында ұйымдастырылған іс-шараларға тұрақты ақпараттық қолдау көрсетіліп, бұл бағытта медиа-кеңістікте 320 материал жарияланып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ақпараттық сервисі іске қосылған. Сонымен қатар, «Телеграмм-бот» арқылы өңір тұрғындарынан өтінім қабылдану үстінде.
Иә, тазалық пен тәртіп – баршаға ортақ міндет. Президент өзінің жыл басында жарияланған сұхбатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын алдағы уақытта да ерекше назарында ұстайтынын айрықша атап өтті.
«Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі. Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санаймын. Өйткені, тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс», деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Отанды сүю – оған адал
қызмет ету

Президенттің «Turkistan» газетінде жарияланған «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деп аталатын көлемді сұхбатында ел жастарының бойында отаншылдық, туған елге деген жанашырлық сезімін қалыптастыру туралы да тереңнен ой қозғалғаны белгілі. Қасиетті Отанның әрбір отбасынан басталатынын ескерсек, бұл – ел дамуындағы өте маңызды мәселенің бірі деуге болады. Әрбір азамат өз Отанын сүйіп, оны көздің қарашығындай қорғап, оған барынша адал қызмет етпейінше, мемлекетті дамытудағы алға қойған межелі мақсат-міндеттерге қол жеткізу өте қиын жұмыс.
– Меніңше, отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» бәрі патриот емес. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі.
Мен аймақтарға іссапармен барғанда инженерлермен, жұмысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, шаруалармен, әскери қызметшілермен, мәдениет қайраткерлерімен кездесемін. Олардың бәрі – сүйікті Отанымыздың нағыз патриоттары. Отан отбасыңнан, аулаңнан, көшеңнен басталады. Сондықтан, айналаңды аялап, табиғатты таза ұстау керек.
Әлемде мультикультурализмді қолдап, ұлтаралық және дінаралық татулықты жақтайтындар мен өзін нағыз патриот санайтын радикалды ұлтшыл топ өкілдері арасында қақтығыс болып жатыр. Меніңше, екі жақтың да ұстанымы ұшқары. Себебі, Азияда бағзы заманнан бері заң мен тәртіпке бағынып, береке-бірлікте, тату-тәтті өмір сүрудің «үлгілі үйлесімі» бар.
Мен бұған дейін қоғамдық өмірдің «Бірлігіміз – әралуандықта» деп аталатын маңызды қағидатын жарияладым. Бұл азаматтарымыз бірін-бірі құрметтеп, сабыр сақтап, тәртіпті болуы қажет дегенді білдіреді. Тағы да қайталап айтайын: Қазақстан үшін «Заң мен Тәртіп», қолмен істегенді мойынмен көтеру қағидаттары айрықша маңызды. Әйтпесе, жоспарларымызды орындап, мақсаттарымызға жету екіталай болмақ,- деді Президент.
Әлбетте, Президенттің осынау ой-толғамы мен пайымды пікірлері қоғам мүшелерінің барлығына терең ой салуға тиіс. Ең маңызды мәселе ретінде Қазақстан халқы бірлесіп күш біріктіру арқылы атқарылатын осындай игі істердің бастауында Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты тұрғанын баса атап өткен дұрыс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Заң мен тәртіп» мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» деп атап өтті. Әлбетте, заң мен тәртіп – халыққа және қоғамның қалыпты дамуына ортақ дүние.
Жолдауда айтылғандай, қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Президент былтырғы Жолдауда қазіргі таңда адамдар арасында дөрекі сөйлеп, бір-бірімен ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар дегенді қынжылыспен айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қоғамда мұндай жағымсыз әдеттерге жол беруге болмайды.
«Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіп бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған. Сондықтан мәдениет кен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет» деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Президенттің жыл басындағы сұхбатының соңында: «Мен әрдайым қоғамның көңіл-күйі мен азаматтардың мұң-мұқтажын біліп отыруға тырысамын. Түйткілді мәселелер мен жоба-жоспарларды ашық әрі тура айтамын. Қазақстанның әлеуетін еселей түсу үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз бір ел болып, халықтың мүддесін қорғау жолындағы биік мақсатымыздың бәріне жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін» деп атап өтілуі де сондықтан.
Қорыта келгенде, алға қойған нақты мақсатқа жету үшін ең біріншіден, ел азаматтарының бойында отаншылдық пен жанашырлық сезімі барлығынан жоғары болуға тиіс!

Таңдаулы материалдар

Close