Basty bet
Қаржылық саясаттың негізі – салық кодексінде
Салық саясаты – мемлекет қазынасын толтырудың негізгі тетігі. Нарықтық қатынастарға көшкелі бюджеттік кіріс-шығыстарды реттеу әрі салық төлеуден жалтарудың алдын алу үшін бұл салаға да түрлі өзгерістер енгізіліп келгені белгілі. Осы мақсатта жаңа Салық кодексі әзірленген болатын.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі бойынша барлық салада салық төлеу тәртібі мен мөлшері өзгеруі тиіс болған. Көптеген өзгерістермен қатар, қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру ұсынылды.
Жалпы салықтың бұл түрін базада қосылған құн салығы бойынша тіркеуге тұрған, сонымен бірге, Қазақстан мен ЕАЭО кеден заңнамасына сай ел аумағына тауар импорттайтын тұлғалар төлеуі тиіс. Жыл басында Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда кәсіпкерлер оған қарсы болып, жаңа Салық кодексінде 16 пайыз деп белгіленген.
Негізі 2023 жылы Салық кодексіне бөлшек сауда салығы режимі енгізіліп, жергілікті мәслихаттарға мөлшерлемені 50 пайызға төмендету құқығы берілген болатын. Ал 2026 жылдың 1 қантарынан бастап бөлшек сауда салығын 4 пайыздық мөлшерлемені құрайтын оңайлатылған салық декларациясы негізіндегі арнаулы салық режиміне (АСР) ауыстыратын жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оған қоса, жергілікті өкілді органдарға енді тарифті 50 пайызға төмендетіп қана қоймай, оны арттыру құқығы да берілді.
Мәселен, бюджет тапшылығы жағдайында, кейбір өңірлер АСР мөлшерлемесін төмендету орнына, керісінше арттыруы мүмкін. Нәтижесінде бұл салық кейбір аймақтарда 2 пайызға, ал, басқаларында 6 пайызға жетіп, үш есеге өспек.
Салық кодексінің 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетінін ескерсек , онда 2026 жылғы АСР өзгерту құқығы мүлдем қолданылмайды. Осылайша, шағын және орта бизнес жаңа кодекс қолданысқа енгізілген бірінші жылдың өзінде салықты төмендету мүмкіндігін пайдалана алмайды.
Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіле бастайтын болады. Орта және шағын бизнеске қатысты салықтық тексерулер, камералдық бақылау алынып тасталады. Сот орындарына мәмілелерді жарамсыз деп тану, тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады.
Тағы бір өзгеріс, салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылатындығы.
ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ, салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі.
Бұл жаңа салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіру жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Нұрғали Ералиев,
ҚР ҚМ МКК-ның «Мемлекетік кірістер органының үздігі».
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
