IX бөлім. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару
Тоғызыншы бөлім «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» мәселелеріне арналған. Құрылтайға көшуге және елде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаға байланысты осы бөлімнің бірқатар ережелері де қайта қаралып, нақтыланды.
Құрылтайдың құрылуы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» бөлімінде де нақты түзетулер енгізу қажеттілігін туындатады.
X бөлім. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Оныншы жаңа бөлім Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналған.
Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияға кез келген өзгерістер референдум арқылы енгізілуге тиіс екенін атап өтті. Бұл ұсыныс жобада көрініс тапты. Негізгі заңға түзетулер енгізу Президенттің шешімі бойынша бүкілхалықтық референдум арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Парламент арқылы өзгерістер енгізу мүмкіндігі алынып тасталады. Осы мәселе бойынша Президентке жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізетін субъектілердің қатарына Қазақстан Халық Кеңесі енгізілетін норма көзделген.
XI бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер
Он бірінші бөлім «Қорытынды және өтпелі ережелерге» арналған.
Онда жаңа Конституцияны қолданысқа енгізу мерзімдері, сондай-ақ оған дейін қабылданған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдану тәртібі айқындалған.
Үкіметтің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіру үшін қажетті шаралар қабылдау міндеті көзделген.
Бұдан басқа, Конституциялық Кеңестің және Конституциялық соттың Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданған нормативтік қаулылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде өзінің заңдық күшін сақтайтыны көрсетілген.