Qoǵam
Бірлік пен татулық – береке бастауы
Алдағы жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толады. Бұл – қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Еліміздің әрбір азаматы Отанымыздағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға жауапты екенін айқын сезінуі керек. Бұл – Қазақстан болашағының негізі.
Мен Қазақстанда туып-өстім. Бала кезімізден қазақ халқының балаларымен бірге ойнап, бірге оқып, есейдік. Ата-анамыз да етене араласып, көршілермен, әріптестерімен жақын туыс-бауырдай жақсы қарым-қатынаста болды. Үлкен ата-апаларымыз, ата-анамыз кішкентайымыздан біздің құлағымызға «қазақ халқына рақмет, олардың қиын жағдайда бізді бауырларына басып, бір үзім нанын бөліп беріп, көмектескенін ешуақытта ұмытпауымыз керек» деп құйып өсірді.
Қазақ халқы мен әзірбайжан халқының салт-дәстүрлері ұқсас. Қазақ халқы өте қонақжай, меймандос халық.
Туған Отанымыздың әрбір жетістігі біз үшін үлкен қуаныш, мәртебе. Еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына мемлекет болып, аз ғана уақыттың ішінде биік белестерді бағындырды. Әрине, оның барлығы ең бірінші Елбасының парасаттылығының, саясаткерлігінің арқасы, халықтың қажырлы еңбегінің, сабырлылығының арқасы.
Елімізде барлық салада өркендеу бар. Әсіресе, жастарға көп көңіл бөлінеді.
Ел басына қандай қиындықтар туса да тек ауызбіршілікті, татулықты ту еттік. Нәтижесінде, ең бастысы елімізде тыныштық, достық орнаған. Халқымыз бай-қуатты.
Мемлекетіміздің бұдан да жарқын болашағы үшін халықтың ауызбіршілігі маңызды. Ол туралы мен оқушыларыма да үнемі айтып отырамын.
Біздің №1 мектеп-гимназияның ұжымы көпұлтты. Түрлі ұлт өкілдері директорымыз Элмира Әбілқызының басшылығымен тату-тәтті, бір-біріне құрметпен қарап еңбек етудеміз. Жалпы мектеп-гимназияда 15 ұлт өкілдерінің балалары білім алуда.
Мен жетекшілік ететін 1 «д» орыс сыныбында 27 оқушы бар. Оның 16-сы қазақ, қалғаны кәріс, орыс, шешен, өзбек, әзірбайжан, украин ұлтының балалары. Олар бір отбасының балаларындай тату, ешқашан бөлінбейді. Әрдайым достық қарым-қатынаста.
Мемлекетіміздің бағыт-бағдары айқын. Сондықтан мен балаларымның, шәкірттерімнің келешегіне алаңдамаймын.
Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалары ел келешегі үшін жасалған басты құжаттар.
Бірлік пен татулық – береке бастауы. Елімізде қаншама өзге ұлт өкілдері Қазақстанды Отаным деп қабылдап, әр салада аянбай еңбек етуде. Оның бәрі ең бірінші достықтың арқасы.
Еліміздің Тәуелсіздігі жасай берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Самира Аллахвердиева,
№1 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі