Qoǵam
Үшжылдық бюджет қаралып, талқыланды
Аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Жиынды кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Кеңес мүшелері күн тәртібіне қаралуға жоспарланған үш мәселені бекітті. Үстіміздегі жылдың соңында өтіп жатқан соңғы отырыстың ең маңызды мәселесі – ол ауданның үш жылға арналған бюджеті.
Бірінші мәселе бойынша Сейітхан Шерелханұлы “Жуалы аудандық қоғамдық кеңестің мүшелерін ротациялау мақсатында (2015 жылдың №383 “Қазақстан Республикасының Қоғамдық кеңестер туралы” Заңының 15 бабының 1-2 тармақтары, 7-баптың 2-тармағы 1-2-3 тармақшаларына сәйкес) жаңа қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау бойынша кеңестің биылғы жылы сайланған төрт мүшесін ауыстыру керек екенін айтып, түсіндіріп өтті. Олар әртүрлі себептермен- бірі денсаулығына байланысты, қалғандары атқарып отырған қызметіне байланысты кеңес отырыстарына қатыспай және жүктелген тапсырмаларды орындамағаны үшін ауыстырылсын деп ұйғарылды. Бұрынғы кеңес мүшелері Эсмира Мамедова, Гүлнәр Мұсаханова, Лечи Оздамиров және Беспай Қансейітовтың орнына Пушкин атындағы орта мектептің директоры Нуриддин Нұрғабылов, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Ғани Жұбаев, ауылдық тұтынушылар кооперативі басшысы Күлбақыт Айтқұлова және Қарасаз ауылының тұрғыны, “Нұрғали” шаруа қожалығының төрағасы Нұртаза Омаровтың кандидатуралары талқыланып, бірауыздан сайланды.
Күн тәртібіндегі “Жуалы аудандық салық салу объектісінің елдімекендерде орналасуын есепке алатын аймаққа бөлу коэффициентін бекіту туралы” екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы баяндама жасады. Ол қаралған сұрақ бойынша кеңес мүшелеріне мән- жайды түсіндіріп, сұрақтарға жауап беріп өтті.
Кеңес отырысында “2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы” үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаева ауданның бюджетінің жобасымен таныстырып, баяндама жасады. Әрине, бюджетті талдау барысында кеңес мүшелерінің көптеген сұрақтары туындап, кейбір оның бөлімдеріне қатысты түсіндірме қажет етілді. Мысалы, “тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық”, “білім беру” функционалдық топтары бойынша, оның ішінде аз қамтылған отбасылар балаларының тамағы, сондай- ақ, 2020 жылы облыстық, республикалық бюджеттерден түсетін трансферттерге тиянақты түсіндірме беріп өтті. Алайда, қоғамдық кеңес мүшелерінің бірқатар ұсыныстарымен бюджетке толықтырулар енгізіліп, келісім берілетіні шешілді. Бұл пікірге кеңес мүшелері бірауыздан келісіп, мақұлдады.
Гүлмира Дембаева,
“Жаңа өмір”