Basty bet
Бала тәрбиесі – күрделі әрі жауапты жұмыс
№29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Болашаққа бірге қадам: ата-ана, бала, мектеп» тақырыбында ата-аналар форумы өтті.
Жиын аудандық білім бөлімі және «AMANAT» партиясы аудандық «Әйелдер қанатымен» бірлесіп ұйымдастырылып, оған Жамбыл облыстық «Әйелдер қанатының» төрайымы Рахия Тұрмаханбетова, аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Күлбақыт Айтқұлова, аудандық «Отбасын нығайту және қолдау» орталығының директоры Жамиля Қалымбетова және БАҚ өкілдері қатысты.
Ата-ана, бала және мектеп арасындағы серіктестікті нығайту, өзара түсіністік пен сенімді арттыру арқылы баланың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған форум төрт бөлімнен тұрды.
Мектептің фоесінде форумның алғашқы бөлімі “Қош келдіңіздер!, “Жақсы көңіл күй – сәтті бастама” деп аталып, ата-аналардың көңіл-күйлерін көтеру мақсатында позитив алаңы ұйымдастырылды. Ерекше форматта ұйымдастырылған іс-шараның бастауы мектепке кіреберістен сезіліп тұрды.
Ата-аналар алты сыныпқа бөлініп, форумның екінші бөлімі алты түрлі тақырыпта өрбіді. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының алты бағытын қамтыған іс-шара бірінші кабинетте «Бірлік және ынтымақ» құндылығы деп аталып, онда «Бала бақыты – отбасы мен мектеп бірлігінде» тақырыбында ата-аналармен тренинг өткізілді. Ал, «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» құндылығы сыныбында «Еңбек дағдысы – кәсіби бағдар – табысты түлек», «Әділдік және жауапкершілік» құндылығы сыныбында «Жауапкершілікті ұрпақ – әділ қоғамның тірегі», «Жасампаздық және жаңашылдық» құндылығы сыныбында «Жасампаз ұрпақ – жаңашыл болашақ», «Заң және тәртіп» құндылығы сыныбында «Тәртіп – қорқыныш емес, сенімнің көзі» тақырыптарында ата-аналармен тренинг жүргізіліп, өзара пікір алмасып, бала тәрбиесіндегі тәжірбиелерімен бөлісті.
Ал, «Тәуелсіздік және отаншылдық» құндылығы «Тәуелсіздік пен отаншылдық рухы: ұлттық тәрбие арқылы» тақырыбында мектептің екінші қабатындағы ұлттық бұрышта ерекше өтті. Форумға келген ата-аналар дастарқан басына жайғасып, ұлттық салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берді. Ақ кимешек киген әжелер ауылдың алты аузынан ән шырқап, ата-аналарға ерекше көңіл күй сыйлады. Ата-аналар да белсенділік танытып, өз өнерлерін ортаға салды.
Бір айта кетерлігі, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының алты құндылығына бөлінген сыныптар тақырыпқа сай безендіріліп, ондағы атмосфера да тақырыпқа сай өтіп жатты.
Форумның үшінші бөлімі «Ұлттық құндылығымыз – ұрпаққа аманат» деп аталып, мұнда мектептің екінші қабатында көрме жасақталып, ұлттық тағамдар дастарқан басына қойылған. Сонымен қатар, ұлттық ойындар бұрышы да жасалып, онда балалар асық ату, тоғызқұмалақ, шыр, ұлттық домино және ақ отау ойындарын ойнады.
Іс-шара әрі қарай мектептің мәжіліс залында жалғасын тапты. «Болашаққа бірге қадам: ата-ана, бала, мектеп» деп аталған форумның төртінші бөлімін мектеп директоры Эльмира Абишева ашты. Форумда «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық «Әйелдер қанатының» төрайымы Рахия Тұрмаханбетова, аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев бала тәрбиесі жайында әңгіме өрбітті.
Алғаш сөз алған «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық «Әйелдер қанатының» төрайымы Р.Тұрмаханбетова “Алаштың біртуар перзенті Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің “Бала – басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі” деген сөздерінің астарынан ар-намыс пен адалдық, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік секілді қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіру қай кезде де халқымыздың басты мұраты болғаны аңғарылады. Бұл қасиеттерді бойына сіңіруде бала тәрбиесіне бірінші ата-ана тікелей жауапты. Мектепте балаға білім беріледі. Мұғалімдер баланы қоғамға бейімдейді. Әрине, тәрбиені де мектеп педагогтары естен шығармайды. Десе де, бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін ескерсек, баланың тәрбиесіне әрдайым ата-ана жауапты” деген пікірін жеткізді.
Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, денсаулық сақтау саласының ардагері Сейітхан Жұмашев баланың тәрбиесі ананың құрсағында жатқан кезден басталатынын тілге тиек етті. Ардагер “Баланың бойындағы қасиеттер анадан дариды. Бала құрсақта жатқан кезден бастап оның денсаулығына мән беру қажет. Бала денінің сау болуы үшін ананың денсаулығы жақсы болуы керек. Қазіргі таңда балалар арасында түрлі аурулар көбейіп барады. Оған бірден-бір себеп, ананың өз денсаулығына мән бермеуі. Сол себепті, ұлт саулығы аналардың қолында екенін ұмытпаған абзал. Екіншіден, балаға жақсы қасиеттер ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Баланың қалыптасуына бесіктің алар орны зор. Қазір балаларды бесікке жатқызбайды. Ол дұрыс емес. Баланы тәрбиелеуде ұлттық салт-дәстүрлерді қолдануды қолға алу керек. Баланың тәрбиесін талбесіктен бастайық. Баланы “мектепке бердім, болды, оған мұғалім жауап береді” деген ойдан аулақ болайық” деп бала тәрбиесінде осалдық танытпау керектігін атап өтті.
Форумда сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Шертаева баланың мінезі, оқу үлгерімі және оның тәртібі отбасындағы хал-ахуалға тікелей байланысты деген пікірін ортаға салды. Ол “Бала өз отбасында бөлек, оның мектепке, сыртқа шыққанда бөлек мінезі бар. Баланы сырттағы өмірге икемдеу керек. Білім саласындағы мектептің қазіргі бағыты өзгерген. Бүгінгі форумда айтылған құндылықты мақсаттарға бағытталған білім беру қолға алынған. Балаға бүгін сабақтан “5” алдың ба? деген сұрақтың орнына “бүгінгі күнің қалай өтті?”, “өзіңе керекті не алдың?”, “не үйрендің?” деген сауалдармен ауыстыру керек. Бала өз проблемасын шешу жолын өзі іздеуі керек. Бала үшін өздеріңіз шешім қабылдамаңыздар. Баланың қанатын сындырмай, оған бағыттаушы, бағдар беруші ретінде көмектесу керек. Бала үреймен емес, өзара түсіністікпен, мейіріммен тәрбиеленуі керек. Бұл үшін мектеп, ата-ана және бала үштік одағы біріккенде ғана үздік нәтижеге қол жеткіземіз. Мектеп пен ата-ана біржақты болып, бала қарама-қарсы тұруы керек. Сонда ғана баланы дұрыс тәрбиелей аламыз” деп бала тәрбиесіне аса жауапкершілік таныту қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, форумда сөз алған көпбалы ана Алмаш Мейірманова: “қазіргі балалар қиындыққа бойұсына алмайды. Себебі, олардың әр проблемасын өзіміз шешіп береміз. Өздеріне жауапкершілік артпаймыз. Бала да тұлға ретінде өз жауапкешлігін және міндетін сезіне білуі тиіс. Баланың тәртібі мен тәрбиесін мектепке бұрып қоя салуға болмайды. Баланы өмірге әкелген соң, оның саналы азамат болуына ата-ана тікелей жауапты. Сондықтан, балаларға бірінші, өзіміз үлгі болайық” деді.
Бала тәрбиесінде пікір алмасқан қатысушылар осындай іс-шараларға сыртта қалған ата-аналарды және көшбасшылық қасиеті төмен балаларды ортаға тарту және түнгі рейдтік жұмыстарға әкелерді де қатыстыру секілді ұсыныстарын жеткізді.
Форумның төртінші бөлімінде мектеп оқушылары «Топжарған» өнер-білім орталығынан үйренген өнерлерін көрсетті.
Тағылымды іс-шарадан әр ата-ана түрлі ой түйіп тарқасты. Бастысы, форумда бала тәрбиесі күрделі әрі жауапты іс екені ұғындырылды. Жаңаша көқарас қалыптастырылып, ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”