Basty bet

2020 жылдың бюджеті қаралды

Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың 57 сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысын аудандық мәслихаттың депутаты Құрыш Сыдығалиев ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіне бес мәселе ұсынылды. Олар: 2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджетті бекіту; Жуалы аудандық мәслихатының әкімшілік аумақтық құрылым, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, бюджет және жергілікті салықтар мәселелері, адамдардың құқығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның есебі; 2020 жылға арналған Жуалы аудандық мәслихатының перспективалық жұмыс жоспарын бекіту туралы; ауылдық округ әкімдерінің есебі; бесінші әртүрлі мәселелер.
Бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаева баяндама жасады.
-2020 жылдың жалпы аудандық бюджетінің көлемі (трансферттерсіз) 10 902 802 мың теңгені құрады, оның ішінде өзіндік кірістер 1 490 650 мың теңге, субвенция көлемі 9 412 152 мың теңге. Сондай-ақ, ауылдық округтердің өзіндік кірістері 137251 мың теңге болса, ауылдық округтерге бөлінген трансферттер көлемі 206078 мың теңге.
Салық түсімдері құрылымында мүлік салығы (59,2%), жеке табыс салығы (17,8%) және әлеуметтік салық (17,7 %) бойынша түсімдер елеулі үлес алды.
2020 жылға арналған аудандық бюджет шығындарының көлемі 10 902 802 мың теңге сомасында қарастырылған. Бұл 2019 жылдың бекітілген бюджетінен 27,1 пайызға артып отыр (8 581 245 мың теңге).
Ауданымыздың бюджеті жылдан-жылға артып келеді. 2020 жылға республикалық және облыстық бюджет есебінен 3 844 338 мың теңге трансферттер бөлінді, оның ішінде дамуға арналған трансферттер 1 406 521 мың теңге. Трансферттермен есептегенде 2020 жылға арналған аудандық бюджеттің көлемі (оның ішінде ауылдық округтердің түсімдері 137 251 мың теңге) 14 747 140 мың теңгені құрады,- дей келіп Гүлбара Нұрманқызы салаларға жеке-жеке тоқталды.
Баяндамашыдан кейін аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев өз ұсыныстарын жеткізді.
-Ауданымыздың келесі жылғы бюджеті көбейіп отырғаны қуантады, нәтижесінде біраз шешімін күткен мәселелер өз шешімін табады деп ойлаймын,- деген Сейітхан Шерелханұлы білім бөліміне алынатын компьютерлердің сапасына көңіл бөлу қажеттігін, балабақшада балалардың тамағына бөлінетін қаржы көлемін азық-түліктердің бағасы қымбаттауына байланысты қайта қарау қажеттігін ұсынды. Сонымен бірге алдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен орталық саябақты жөндеуге бөлінетін қаржыға Б.Момышұлы атындағы саябақты немесе аладағы уақытта салынатын аудандық мәдениет үйінің айналасын абаттандыруға жұмсалса, қыс мезгілінде көлік жолдарын қардан тазалауға бөлінген қаржылар тиімді жұмсалуы қадағаланса деген ұсынысын жеткізді.
Кезек жарыссөзге берілді.
Бірінші болып аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев шықты. Депутат алдағы жылы атқарылатын ауылдық жерлерді ілгерілету мақсатындағы жұмыстарға тоқталды.
-Б.Момышұлы ауылы Жібек жолы көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын орта жөндеу және жарықтандыруға 51473,0 мың теңге; Қонаев көшесіндегі паркті орта жөндеуге 88771,0 мың теңге; тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтауды және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Теріс ауылында Баркуаб VI-XXIII орта ғасырлардағы қалашығындағы археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарына 6000,0 мың теңге; Теріс ауылы Тәліп көшесінде орналасқан «Гамбург» ЖШС теңгеріміндегі ғимаратты сатып алып, өнер мектебін ашуға 4000,0 мың теңге; Шақпақата ауылындағы жеке тұлға меншігіндегі ескі мәдениет үйін сатып алуға 6000,0 мың теңге, тағы да басқа жұмыстарға, яғни бөлімдерге және ауылдық округтерге 2020 жылға арналған аудан бюджетіндегі қарастырылған қаржылар өз қолдауын табады деп деп ойлаймын,- дей келіп, сессияға қатысушыларды ауданымыздың көркеюіне атсалысуға шақырды.
Келесі сөзге шыққан Руслан Сайлаубаев 2020 жылға арналған бюджеттің ерекшеліктеріне тоқталды.
-2020 жылғы аудандық бюджет 2019 жылмен салыстырғанда 2 млрд 321 млн 6 мың теңге немесе 27,1 пайызға артып отыр.
Оның ішінде елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру 4 872,0 мың теңгеге артты, санитариялармен қамтамасыз етуге 14 650,0 мың теңгеге өсті. Ал білім саласының қаражаты 1 173,3 мың теңгеге артты.
Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру саласы 239,3 млн теңгеге өскен.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі саласы 115,2 млн теңгеге көбейген.
Сумен қамтамасыз ету саласының қаржысы 7 620,0 мың теңгеге артқан. Елді мекендерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету 1,0 млн теңгеге артқан. Бүгінге дейін ауданымызда атқарылған жұмыстар аз емес. Келесі жылы бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады,- дей келіп Руслан Бахытұлы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының ауылдарымызды көркейтуге тигізер үлесіне тоқталды.
Сөз кезегі аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлына берілді. Аудан басшысы ұсынылған жобалардың мақұлданғанына алғысын білдіріп, әріптестерін ауданымыздың заман талабына сай дамуы үшін бірлесіп еңбек етуге және мемлекет қаржысын тиімді, нысаналы жұмсалуына бүкіл халық болып қадағалау жасауға шақырды.
Сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков аудандық мәслихаттың бастамасымен бұған дейін мектептерде оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бөлінген қаржы көлемінің көтерілгендігін айта келіп, бүгін көтеріліп отырған балабақшадағы балаларға тамағы үшін бөлінген қаражатты да зерделей келіп шешуге болатынын айтты.
Сонымен бірге аудандық мәслихаттың бастамасымен алдағы жылы балабақшаларға әлеуметтік жағдайы төмен 418 бала тегін баратындығын, алыс ауылдарға жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік иелеріне жолақысын төмендету мақсатында субсидия төленетіндігін жеткізді.
Күн тәртібіндегі басқа мәселелер аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында талқылылануына байланысты қайта қайталуды қажет етпейтіндігі бірауыздан келісіліп, сессия соңынан күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешім қабылданды.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close