Basty bet
Ұлттық бірыңғай тестілеуге 445 түлек қатысты
28 наурыз күні №1 мектеп-гимназияда ақылы негізде Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңі өтті. Оған ауданымыздағы 28 орта мектептен 445 қатысты. Жалпы, үстіміздегі оқу жылында 775 түлек бар болса, бұл жолғы тестілеуді тапсыруға 451 түлек өтініш білдірген болатын. Алайда алтауы түрлі себептермен қатыспады.
Ұлттық бірыңғай тестілуге бес адамнан тұратын жергілікті бақылау комиссиясы мен аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысының бұйрығымен бекітілген 15 кезекші талапқа сай жүргізуге атсалысты. Сонымен бірге шағымдану комиссиясының төрағасы Тараз педагогикалық университетінің педагогика факультеті деканының орынбасары Дәурен Қожахметов та тестілеудің басы-қасында жүріп, бақылау жасады.
ҰБТ тапсырушылар он бір аудиторияға жайғасты. Кезекшілер тест кітапшалары мен белгілеу парақтарын дұрыс толтыру тәртібімен мұқият таныстырып өтті. Тестілеу 3 сағат 50 минутқа созылды. Барлық аудиторияда бейнекамера онлайн режімге қосылып тұрды. Яғни, кез келген ата-ана үшін testcenter.кz сайты арқылы балаларын бақылау қолжетімді болды.
Тестілеу талапқа сай өтті.
Айта кетерлігі, бұл жолғы тестілеу – жоғары оқу орындарына ақылы негізге түсем деушілеге үлкен мүмкіндік. Себебі, бұл жолы жоғары балл жинап, келесі жолы шекті балдан төмен балл жинап қалғандар осы жолғы сертификатымен оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Ал, төмен балл жинап қалса, келесі маусым айында өтетін ҰБТ-ға қайта қатыса алады. Алайда, бұл жолғы тест тек ақылы негізде білім аламын деушілерге арналғандықтан, мектеп бітірушілер ең жоғары балл жинаса да грантқа түсу мүмкіндігіне ие бола алмайды.
Тест нәтижесі түстен кейін сағат 18.00-де дайын болды. Бұл жолы ең жоғары балл 131 болса, ең төменгі балл 14 болды. Орташа балл 70,88.
Тест нәтижесін көріп қуанғандар да, төмен балл жинап, өз-өзін қамшылағандар да болды. Дегенмен, барлық мектеп бітірушілерге алдағы маусым айында өтетін сынақтан сүрінбей өтіп, аңсаған армандарына қол жеткізулеріне тілектеспіз.
29 наурыз күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін шағымдану комиссиясы жұмыс істейді.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»