Qoǵam

Діни ұстанымымыз ел бірлігі болуы тиіс

Біздің халық ұзын-сонар тарихында небір қиын кезеңдерді бастан өткерді. Тарихымыздағы алашапқын дәуірлерде ата-бабаларымыздың бейбіт өмір сүруіне мұршасы болған жоқ. Бейбіт те, бақытты өмір сүру біздің буынға бұйырып, Қазақ елінің көші түзелді. Елбасы бастаған көшіміз Мәңгілік елдікке бет бұрды. Еліміздің тәуелсіздігін алу оңай болған жоқ, ал сол тәуелсіздікті ұстап тұру, баянды ету одан да қиын. Жалпы, жауапкершілігі мен артар жүгі мол бұл істі Елбасымыз абыроймен атқарып келе жатыр. Мен осы орайда Елбасының елордамыз Астананың, тұсаукесерінде айтқан сөзін жұртшылыққа ылғи айтып жүремін. Сонда Елбасымыз: «Шүкір, осыған да жеттік. Жылқы мінезді халықпыз ғой, тарихта кешкен шырғаландарды, азаптар мен қасіретті ұмытып кетпесек болғаны. Бағымыз – Тәуелсіздік, дініміз – Ислам, бірақ бiз ата жолынан, бабаларымыздың ақ жолынан таймауымыз керек» – деген еді. Бұл елдің шаңырағын шайқалтпай ұстау үшін өткенімізден сабақ алып отыруымыз керектігін білдіреді.

Тәуелсіздік – Құдайдың берген сыйы. Кеңес дәуірінде халық тапқа жіктеліп, дін қудалауға түсті. Мешіттер қирап, қамбаға айналды. Молдаларды сақалынан сүйреп, қудалады дегенді де естігенбіз. Ал бүгінгі күні тәуелсіздіктің арқасында руханиятымызға еркіндік берілді. Халық дінге ден қойды. Бала күнімізден үлкендерден дін жайлы да, діндарлар жайлы да жаман естімеген едік.
Дін – кісіні парасаттылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, төзімділікке, ұстамдылыққа, сыйласуға, ел мен елдің арасын жақындатуға, табыстыруға қызмет ететін үлкен рухани күш.
Дін – күн көрудің кәсібі емес, көрінгеннің қолжаулығы да емес, дін – ғылым, дін – тағылым, дін – парасат, дін – ғибрат, дін – ождан, дін – биік мәдениет. Дінге бару үшін үлкен ақыл, терең білім керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңуі керек. Өкініші, біздің қасиетті дініміз қарауға, текетірестік, өштестік айналасына айналды. Дұрысында, айналдырды. Бұл, бip жағынан, исламға көлеңке түсірудің амалы. Сақал қойғанның бәрін – молда, ораза ұстап, бес уақыт намаз оқып, дін насихаттап жүргеннің бәрін діндар деп айта алмаймыз. Бүгінде жасына жетпей ата сақалы беліне түскендер, бесіктен белі шықпай жатып уағыз айтатындар көбейді. Жалпы, бұл icтi дәстүрлі дінімізді ілгерілетумен күнделікті айналысып жүрген мешіттегі дін мамандарына қалдыру керек деп есептеймін.
Жалпы, менің қоғамда қозғалған пікірлер мен айтылып жүретін ойларды үнемі ой елегінен өткізіп отыратын қашанғы әдетім бар. Қазір бәзбір «әсіредіншілдер» тарапынан дін мен қоғам арасына көпе-көрінеу жік салып, сына қаққысы келетіндей де пікірлер айтылып қалып жатады. Менің ойымша, дін ұстанған адам қоғамнан бөлінбеуі керек. Әcipece, зайырлы мемлекетте өмір cүріп отырған дін ұстанушылар мұны дұрыс түсінсе екен деймін.
Зайырлы мемлекет қағидатына негізделген мемлекеттік жүйе бүкіл қоғамның мүддесін басшылыққа алатындықтан, діндар азаматтар дін ұстағанның жөні осы екен деп үкіметке талап қоя беруден алыс болғандары жөн. Мәселен, дін саласындағы мәселелерді реттеп отырған қазіргі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданған кезде ондағы «мемлекеттік мекемеде діни рәсімдерді етуге рұқсат бермейтін» талап төңірегінде бірталай сыни пікірлер айтылғаны белгілі. Сондағы сыни пікір айтушылар бұл талап азаматтардың дін ұстану бостандығын шектейді деген уәжді алға тартатын. Мен өз басым ондай біржақты пікірлерге сол кезде былай деп ойымды білдірген едім және әлі күнге дейін сол пікірімде қаламын: азаматтар демократияның жөні осы екен деп мемлекеттің талаптарымен текетіреске баруына болмайды.
Байқап отырсақ, қоғам талқысынан соңғы кезде Білім және ғылым министрлігінің орта мектептердің оқушыларының киіміне қойылатын талаптарына қатысты пікірлер жиі орын ала бастапты. Мұны бәзбір діндар бауырларымыз әдеттегідей біржақты ғайбаттап жатқан болса, екінші бip азаматтар бұл талаптың орындылығын айтып пікір білдіруде. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы мәселеге қатысты туындаған пікірлерге байланысты өз ұстанымын анық әpi тез білдіргенге риза болдым. Өз басым Діни басқарманың мұсылмандар мен ата-аналарды орта оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қоятын талаптарына түсіністікпен қарауға және бұл мәселені ушықтырмауға шақырған уәжін қолдаймын. Мен азаматтарды мұны орта мектептерде киім үлгісін түсіру мақсатында қабылданған мемлекеттің талабы деп қабылдауды және соған бағынуға шақырамын. Азаматтар осы мәселені желеу етіп, қоғам ішінде жік тудырғысы келетін кейбір топтардың өздерін арандатуына жол бермeyi керек деп ойлаймын. Бұл жердегі ортақ киім үлгісі бірізділікке тек мектеп оқушыларына қатысты екенін естен шығармаған дұрыс. Мектеп сыртында, басқа орындарда киім кию еркіндігі қыздарымыздың өз ықтиярында. Мемлекет дінге немесе сенім бостандығына шектеу қойып жатқан жоқ.
Бірінші кезекте білім беру жүйесі заман талабына сай әрдайым дамып отыратын, өмірдің сұраныстарына жауап бере алатын, өзіне үлкен міндет жүктейтін үлкен үдеріс. Баспасөз беттерінен оқыған мәліметтерге қарағанда елімізде «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні енгізілмекші. Бұл, менің ойымша, дұрыс шешім, оның бірнеше пайдалы жақтары бар. Біріншіден, зайырлы мемлекетіміздегі зайырлы оқу орындарында діни ілімді уағыздауға болмайды. Сол себепті, болашақтың тұтқасын ұстайтын жас жеткіншектерге дін туралы зайырлы түрде білім беретін пән қажет. Міне, сол қажеттілікті өтейтін пән – «Зайырлылық және дінтану негіздері».
Екіншіден, қазір ел арасында жастарға дінді бұрмалап жеткізгісі келетіндер, дін атын жамылып, өз ықпалын жүргізгісі келетіндер аз емес. Сондықтан, жастарға олардың теріс пиғылды ықпалынан арашалайтындай білім беру –мемлекеттің және бүкіл қоғамның міндеті. – Еліміздің дін саласын реттейтін қолданыстағы заңында мемлекетіміз ханафи бағытындағы исламның халықтық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін мойындайтындығы атап көрсетілген.
Еліміздің жүріп өткен жолы, өзінің тозбас мәдениеті мен бай рухани мұрасы бар. Ол мұраға тікелей әсер еткен – исламның ірі ғұламасы Әбу Ханифаның ілімі. Бұл бағыт – әр халықтың өзіне тән қайталанбас мәдениеті мен рухани құндылықтарын құрметтеуге үйрететін мазһаб. Кешегі бiз білетін Ясауи, Абай, Шәкәрім осы жолмен жүріп, даналыққа жеткен. Ал, қазіргі таңда неше түрлі ағымдар дінімізді бұра тартып үйретумен қоймай, ұлттық құндылықтарымызды да аяқасты етуде. Tiпті, кейбір «мұсылманмын» деп жүргендердің өзі ұлттық дәстүр жайлы ләм-мим демейді. Өздері қазақ бола тұра, «мұсылманмын» деп дінін айтса да, «қазақпын» деуге ауыздары бармайды. Өз ұлтының бай тарихын, мұрасын білмейді. Ондайлар Ұлы Дала елінің ертеңіне қалай ие болады? Сондықтан, дін саласында жұмыс істеп, болашақ ұрпақтың тәрбиесімен айналысып жүрген азаматтарымыз жастармыздың көкейіне ұлтжандылықты, отансүйгіштікті құйса екен деген тілегім бар.
Біздің діни ұстанымымыз – ел бірлігі болуы тиіс. Сонда ғана Алаш ұшпаққа шыға алады. Мешіт – Алланың үйі, бәріміздің қасиетті төріміз, оны аяқасты етуге болмайды. Мешітке бисмилла деп кіру үшін де сананың тазалығы, жан, тән тазалығы, иман тазалығы керек.

Нұрлан Әмірбаев,
ауданның бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close