Basty bet

Балаларға қуаныш сыйлады

Аудан орталығында мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан тыс қалмауы үшін және оларды қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатында «Жуалы» деген атаумен оңалту орталығы ашылған болатын. Қазіргі таңда орталықтағы 13 тәрбиеші 25 мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп, жұмыс істеуде.
Балалардың асыға күтетін Жаңа жыл мерекесіне орай оңалту орталығында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік кеш өтті. Кеш барысында орталықтағы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін зал мерекеге сай безендірілсе, балалар сол жаңажылдық шараға түрлі костюмдер киіп келген екен.
Мерекелік кешке аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов және аталған бөлімнің мамандары, сонымен қатар Қазақстан Халық коммунистік партиясы облыстық комитетінің бір топ өкілдері, ата-аналар қатысты.
Шара Мыңбұлақ орта мектебінің «Ләйлім» би тобының биімен басталды. Кешті орталықтың тәрбиешілері Майра Мүсірепбекова мен Нұрбала Әліқұлова жүргізді.
Ортада көңілді әуен ойналып, шараға қатысушы қонақтар қамкөңіл балалармен бірге шырша жырын айтты.
Балақайлардың жаңажылдық кешінде сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Өтемісұлына, Қазақстан Халық коммунистік партиясы облыстық комитетінің өкіліне беріліп, олар балаларды мерекелерімен құттықтай келе, жылы лебіздерін білдірді.
Ортаға Доңыз жылы еніп, ол көпшілікке ризашылығын білдіріп, келер жылға табыс, бақыт-береке, молшылық, тыныштық тілсе, кештің ең басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар көпшілікті мерекелерімен құттықтады. Ал, жаңа жылдың иесі Тышқанды басқан қадамың оң болсын деген ниетпен қарсы алды.
Мерекелік кеште Мыңбұлақ орта мектебінің оқушысы Бауыржан Амангелді әуелете ән шырқаса, оңалту орталығының тәрбиеленушілері кезегімен тақпақтарын айтып, Аяз атадан сыйлықтарын алды.
Шарада «Жуалы» оңалту орталығының меңгерушісі Дамира Мұхаметғали алғысын білдіріп, «жаңа жыл табысты, жемісті, ең бастысы балаларымыз аман болсын» деген сөзімен түйіндеді.
Қуанышқа кенелген балаларға кеш соңында аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов, сонымен қатар Қазақстан Халық коммунистік партиясы облыстық комитетінің өкілдері жаңажылдық сыйлықтар тарту етті.
* * *
Жаңа жылдық мерекеден мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмады. Аудан орталығындағы №1 Өнер мектебінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңажылдық шырша кеші өтті. Мерекелік шараға «Жуалы жан-жылуы» корпоративтік қорының қарауындағы 42 бала қатысты.
Мерекелік кеште өнер мектебінің ұжымы концерттік бағдарламаларын ұсынып, балаларға қуаныш сыйлады. Балалардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себу мақсатында өнер мектебінің өнерпаздары әсем ән айтып, би билеп, түрлі ойындар ойнатты. Мұнан кейін балалар жаңажылдық кештің кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақардан сыйлық алып, қуанышқа бөленген бүлдіршіндер ертегілер әлемінің қаһармандары сомдаған түрлі қойылымдарды тамашалады. Осылайша, игі іске бастамашы болған азаматтар қамкөңіл жандарды көңілдеріне қуаныш ұялатуға аз да болса үлес қосып, олардың қиялына қанат бітіре білді.
Жаңажылдық шарада сөз «Жуалы жан-жылуы» корпоративтік қорының басшысы Марат Жамалбековке беріліп, ол барша балалардың армандары мен тілектерінің орындалуына тілектестігін білдірді.
Мерекелік кеш соңында балаларға Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралаповтың, Алмира Аймұханованың, Әділет Нұрғазының және «Жуалы-Су» мекемесінің демеушілігімен жасалған жаңажылдық сыйлықтар үйлестірілді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»
* * *
«Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімдігі білім бөлімінің психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің меңгерушісі Жансая Тұрғымбекова және ұжым мамандарының ұйымдастыруымен №1 мектеп-гимназияда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жасыл шырша мерекесі өтті.
Жаңа жыл мерекесін өткізуге және кейіпкерлерді қатыстырып, шыршаны безендіруге көп көмегін көрсеткен №1 мектеп-гимназияның директоры Э.Әбішева мен ұжым мүшелеріне алғысымызды білдіреміз. Кеште Аяз ата, Қарша қыз және басқа да ертегі кейіпкерлері балаларды Жаңа жылмен құттықтап, өнерлерін көрсетті.
Мерекеге 99 бала қатысты, балаларымыз тақпақтарын айтып, өнерлерін көрсетті. Барлық балаларға жаңажылдық тәтті сыйлықтар тапсырылды.
Балаларымызға Жаңа жыл мерекесінің сыйлықтарына демеушілік көрсеткен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Сәбитхан Қожанов, Керімқұл Бегалиев, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов, аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнұр Қадірбек қызына, ТарМПУ-дың Айтбек Алтынай мен Әлимхан Гүлзира бастаған студент жастарынан құралған еріктілерге алғысымызды білдіреміз.
Кеште «Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімдігі білім бөлімінің психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің меңгерушісі Жансая Тұрғымбекова сөз алып Жаңа жыл мерекесімен келген қонақтарды, ата-аналарды, ұстаздар мен балаларды құттықтап, демеушілік көрсеткен қонақтарға алғысын білдірді.
Жаңажылдық кешімізге келген қонақтар да сөз алып, игі тілектерін білдірді.
Эльвира ҚОЙБАҒАРОВА,
психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің әдіскері

Таңдаулы материалдар

Close