Basty bet

Білім – ұстаздан, тәрбие – отбасынан!

отбасындағы жас ұрпақтың тәрбиесінде кешігуге болмайды

Тәрбие – отбасынан басталады. Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аудандық Аналар алқасы (қоғамдық құрылым) төрт жылдан бері тұрақты жұмыс атқарып келеді. Ұйымның жұмысы өңірге қарасты барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылу үстінде.
Жақында аудандық Аналар алқасына қарасты Б.Момышұлы ауылдық Аналар алқасының кезекті отырысы өтіп, онда ұйым мүшелері отбасындағы ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрлерді дамыту, онымен қатар, отбасындағы ерлі-зайыптыларды жарастыру, жалпы отбасын сақтап қалу мәселелері туралы әңгіме өрбітті. Жиынды аудандық Аналар алқасының төрайымы, ауданның Құрметті азаматы Күлбақыт Айтқұлова сөз сөйлеп ашып, ол өз кезегінде тақырып туралы тереңнен ой қозғады.
-Отбасы – қоғамның тірегі. Бүгін ой бөлісер тақырып та отбасы құндылықтары және жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі жайында болмақ. Ерте заманнан-ақ отбасы киелі және кез келген мемлекеттің негізі болып саналады. Ғасырлар бойы орныққан салт-дәстүрлерімізге селкеу түсе бастағанының себебі неде? Бұл туралы біздің қоғамда аз айтылып жүрген жоқ. Бүгінгі күні толық емес отбасы, азаматтық неке, жалғыздықты жар еткен жастар санының өсуі, жалғызбасты аналар мен тастанды балалар мәселесі бұқаралық ақпарат құралдарында да жиі айтылып, жиі көтерілетін тақырыптардың біріне айналып отыр. Бұл – қоғамның дерті.
Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлмей, отбасына уақыт бөлмеуді кешеуілдетіп қалатын кездеріміз аз емес. Басқадан кешіксек те, отбасындағы бала тәрбиесінде, жас ұрпақ тәрбиесінде кешігуге болмайды, басқаға уақыт таппасақ та отбасына уақыт табу қажет. Қасиетті Отанға деген қызметті отбасынан бастау қажет деп есептеймін. Ал отбасындағы тәрбиенің кілті – ата-ананың қолында.
Тәрбие – отбасынан. Ана заңы – адамгершілік заңы. Ол адамның бойына ұлттық мінезді ұялатып, оның дүниеге деген көзқарасын қалыптастыруға жол ашып, бағыт-бағдар нұсқайды. Қазақ халқы отбасындағы тәрбиені алты кезеңге бөліп қараған. Олар – құрсақ тәрбиесі, (келіннің аяғы ауыр бола салысымен әйелге ерекше көңіл бөлу) екінші – бесік тәрбиесі, (бесік жабдықтарына ерекше көңіл бөлу, сәбиді бесікте тамақтандыру, балаға бесік жырын айту, т.с.с). Үшінші – қыз бала тәрбиесі, (қызды жастайынан еңбекке баулу, оған отбасылық тәрбие беру, жанұялық өмірге дайындау, т.б.), төртінші – келін тәрбиесі, бесінші – ұл бала тәрбиесі, онан соң ер жігіт тәрбиесі. Міне, осының барлығы отбасынан алынады. «Отан отбасынан басталады» деген халық даналығының жүзеге асуына алдымен зиялы қауым өкілдері мұрындық болу қажет екендігін естен шығармаған жөн,- деп атап өтті Күлбақыт Тұрымханқызы.
Келесі кезекте Б.Момышұлы ауылдық Аналар алқасының төрайымы, ардагер ұстаз Жаңаш Серғазина жас ұрпақтың тәрбиесінде отбасымен қатар, мектеп пен ұстаздар рөлінің ерекше екенін атап өтіп, жалпы ұрпақ тәрбиесіне тұтас қоғам болып атсалысудың маңыздылығына тоқталса, ауылдық Аналар алқасының мүшесі, еңбек ардагері Раушан Әлиева өз саласы бойынша әңгіме өрбітіп, ол өз кезегінде араздасқан жас отбасыларды татуластыру ісіне белсене араласып жүргенін айтып, олардың дені сотқа жетпей өзара мәмілемен аяқталып жатқанын жеткізді.
-Отбасы – Отанның мықты тірегі. Отбасылар тату, әрбір жанұяның тіректері мықты болса, Отанымыз да бай-қуатты болады. Жас ұрпақтың тәрбиесі, олардың еліне, Отанына жаны ашып, пайдасын тигізетін жақсы азаматтар болып өсуі – отбасындағы жағдайға тікелей байланысты. Ол үшін отбасының қос тірегі – ерлі-зайыптылар өзара татулықта болып, балаларын дұрыс тәрбиелеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар берулері қажет. Бұл – өте маңызды.
Отбасылық, тұрмыстық өмірде ыдыс-аяқтың сылдырламай тұрмайтыны белгілі. Сондай кезде ерлі-зайыптылардың екеуі де ашуды ақылға жеңдіріп, барынша сабыр сақтағандары абзал. Ауданның Билер кеңесінде осындай мәселелерге араласып, араздасқан отбасылар болса, оларды татуластыру арқылы жарастырып жіберуге бар күшімізді салу үстіндеміз. Отбасындағы кикілжіңнің салдары өте ауыр. Бұдан отбасы бұзылып қана қоймай, ондағы жас балалар көп зардап шегеді. «Жалғызбасты ана, жетім бала» деген түсініктер осыдан келіп шығады. Сондықтан, отбасы құндылықтары мен отбасындағы тәрбие мәселесіне ерекше ден қойып, аса ықыласпен көңіл бөлу қажет,- деді ол.
Жиында сөз алған «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының» аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанты Әлия Шәмшиева және аталған кеңес беру кабинетінің психологы Айгүл Дәрібаева да өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарын айтып, тақырып төңірегінде кеңінен ой бөлісті.
Жиынды аудандық Аналар алқасының төрайымы, Күлбақыт Айтқұлова қорытып, отбасы құндылықтарын сақтап, жас ұрпақтың тәрбиесі мәселесінде бірлесе жұмыс жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close