Basty bet

Жырмен өрілген өмір

Аудандық орталық кітапханада қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны – Жамбыл Жабаев» атты портрет кеші өтті. Тағылымды шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныстыру, оның рухани мұрасын дәріптеу және ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру болды.
Кешке аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев, аудандық орталық кітапхананың директоры Қайсар Асылбеков, аудандық пробация қызметінің инспекторы, әділет лейтенанты Д.Батыралы, сондай-ақ, «Нығметнұры» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Іс-шара барысында ақынның өмір жолы, ел тарихындағы орны мен шығармашылық мұрасы туралы мазмұнды баяндама жасалып, жырлары оқылды. №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның 8 сынып оқушысы А.Тұрғымбек «Әке туралы жыр», «Ана өсиеті» термелерін нақышына келтіріп орындады. Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімінің кітапханашысы Мөлдір Темірбаева «Ұлы дала ақыны – Жамбыл Жабаев» атты кітап көрмесімен таныстырып, оқырмандарды кітап оқуға шақырды.
Портрет кеші рухани мазмұнға толы, тәрбиелік мәні жоғары шара ретінде көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Мұндай игі бастамалар ұлттық әдебиетті насихаттап, қоғамда рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.

Аида ШӘКІР,
аудандық орталық кітапхананың қызметкері

Таңдаулы материалдар

Close