Basty bet
Әзіл додасында үздіктер анықталды
Өткен аптада «Достық» мәдениет үйінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудандық «Жайдарман–2026» ойындарының финалдық кезеңі көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жастардың шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Дәстүрлі жоба биыл да жалғасын тауып, сахна төрінде әзіл мен тапқырлық тоғысқан тартысты бәсекеге ұласты.
Жайдарман – жастардың өнерін ұштап қана қоймай, олардың еркін ойлауына, сахна мәдениетін қалыптастыруына және достық қарым-қатынасты нығайтуына ықпал ететін маңызды алаң. Финалдық кезеңге дейін іріктеуден сүрінбей өткен командалар бұл жолы да тың әзілдері мен ерекше қойылымдарын ұсынып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Финалдық сайыста қатысушылар қоғамдағы түрлі жағдайларды астарлы әзілмен жеткізіп, өздерінің актерлік шеберлігі мен шығармашылық ізденістерін жоғары деңгейде көрсете білді. Әр команда сахнада өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, көрерменнің ықыласына ие болды. Әсіресе, өмірден алынған шынайы көріністер мен ұтымды әзілдер кештің мазмұнын аша түсті.
Айта кетейік, бұған дейін өткен 1/8 финалдық кезеңге жалпы саны 10 команда қатысып, олардың арасынан үздіктері финалға жолдама алған болатын.
Ал, финал қорытындысында №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің «Тәрбиелі бұзықтар» командасы жүлделі І орынды иеленді. Ал, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің «Тайыр 11» командасы ІІ орынға тұрақтаса, №1 балалар өнер мектебінің «Тұмар» командасы ІІІ орынды қанағат тұтты.
Шара соңында жеңімпаздар мен қатысушыларға аудандық Жастар ресурстық орталығының Алғысхаттары мен арнайы сыйлықтары табысталды. Осындай мазмұнды жобалар жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық тұрғыдан дамуына да жол ашатыны анық.
Бауыржан Амангелді,
№2 Мыңбұлақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы
