Basty bet
Мен таңдаған мамандық – Журналистика
Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі ең маңызды әрі жауапты шешімдердің бірі екені белгілі. Бұл – адамның болашақ тағдырын айқындайтын, өмірлік бағытын белгілейтін ерекше кезең. Әрбір жасөспірім өзіне: «Мен болашақта кім боламын? Қай жолды таңдаймын?» деген сұрақтарды қояды. Дәл осы сәтте адам өзінің жүрегіне жақын, жанына жылу сыйлайтын мамандықты таңдау аса маңызды. Себебі, адам тек өзі сүйген ісімен айналысқанда ғана үлкен жетістікке жете алады.
Мен өз болашағымды журналистика саласымен байланыстыруды 6-сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ шешкен болатынмын. Сол кезден бастап бұл мамандық менің жүрегіме ерекше жақын болып, оған деген қызығушылығым күннен-күнге арта түсті. Теледидардан жаңалық жүргізушілерін көрген сайын, олардың анық сөйлеген сөзіне, өзін-өзі ұстауына, халыққа ақпарат жеткізу шеберлігіне тәнті болатынмын. Сол сәттерде мен де дәл сондай журналист болсам деген арман пайда болды.
Журналистика – тек жаңалық жеткізетін мамандық емес. Бұл – қоғамның айнасы, халықтың үні. Журналист – шындықты іздейтін, әділдікті қорғайтын, ел мен елді байланыстыратын тұлға. Бұл салада жұмыс істейтін маманға тек білім ғана емес, батылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және адамдармен тіл табыса білу сияқты қабілеттер қажет. Мен осы қасиеттерді бойыма сіңіруге барынша тырысып келемін.
Өз арманымды нақтырақ сезіну үшін мен биыл ақпан айында Жамбыл облыстық «Жамбыл» телеарнасына барып, кәсіби мамандардың жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым. Бұл мен таңдаған мамандық үшін ұмытылмас әсерге толы күндердің бірі болғаны анық. Телестудияның атмосферасын сезініп, бейнекамераның алдында жұмыс істеудің қаншалықты қиын әрі жауапты екенін түсіндім. Телеарна журналистерінің жаңалық дайындау барысын, сұхбат алу тәсілдерін, сонымен қатар, мәтін құрастыру шеберлігін өз көзіммен көрдім. Мен бір күнімді толықтай болашақ мамандығымның алғашқы баспалдағына арнадым десем, артық айтқандық емес. Телеарна қызметкерлерінен тәжірибе алмасып, шеберлік үйрену менің арманыма деген сенімімді одан әрі күшейте түскендей.
Қазіргі таңда мен өз мектебімнің танымал оқушыларының бірімін деп сеніммен айта аламын. Себебі, мен мектепте өтетін түрлі іс-шараларды жүргізіп, сахнада еркін сөйлеуге машықтанып жүрмін. Сонымен қатар, мектепке келген қонақтардан сұхбат алып, өзімді журналист ретінде дамытуға тырысамын. Әрбір өткізген іс-шарам, әрбір қойған сұрағым – мен үшін үлкен тәжірибе. Бұл менің болашақ мамандығыма жасалған кішкентай, бірақ маңызды қадамдарым де,п есептеймін.
Бүгінгі таңда отандық журналистика саласы қарқынды дамып келеді. Медиакеңістікте ақпараттың жылдам таралуы, әлеуметтік желілердің ықпалы – осы мамандықтың маңыздылығын одан сайын арттыра түсуде. Осындай заманда нағыз кәсіби, шынайы ақпарат тарататын журналист болу – үлкен жауапкершілік. Мен де болашақта өз ісінің нағыз шебері болып, қоғамға пайдалы, әділ әрі нақты ақпарат жеткізетін мамандық иесі болуды басты мақсат етемін.
Менің арманым – тек журналист болу ғана емес, халықтың сеніміне ие болу. Елдегі маңызды оқиғаларды көрерменге дұрыс жеткізіп, қоғам дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Әрбір түсірілім, әрбір сұхбат – мен үшін үлкен тәжірибе мен жаңа мүмкіндік деп білемін.
Сөзімді қорытындылай келе, мамандық таңдау – жүрекпен жасалатын таңдау. Ал менің жүрегім журналистиканы таңдады. Мен өз арманымнан ешқашан бас тартпаймын және алға қойған мақсаттарыма жету үшін тер төгіп, аянбай еңбек етемін. Себебі, шынайы еңбек пен табандылық қана адамды биік белестерге жеткізеді!
Саяна Сайлаубек,
Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның
11 сынып оқушысы.
Б.Момышұлы ауылы