Basty bet

Жарналарды уақтылы төлеу – медициналық көмектің кепілі

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебені сақтау үшін жарналар мен аударымдарды уақтылы төлеу қажеттігін ескертті. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлады.
Филиал басшысы Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, «сақтандырылған» мәртебесі соңғы 12 ай ішінде төлемдер үздіксіз жүргізілген жағдайда ғана сақталады. Егер жарналар мен аударымдар уақтылы төленбесе, азаматтардың МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке қолжетімділігі шектелуі мүмкін.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың мәртебесі төлемдердің тұрақтылығына тікелей байланысты. Сондықтан әр азамат өз төлемдерінің уақтылы жүргізілуін бақылап отырғаны маңызды, – деді филиал басшысы.
МӘМС жарналары мен аударымдары ай сайын төленуі тиіс. Олардың уақтылы әрі толық төленуін мемлекеттік кірістер органдары бақылайды. Ал, мерзімінен кешіктірілген төлемдерге өсімпұл есептеліп, тиісті салықтық әкімшілендіру шаралары қолданылады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын азаматтар арасында МӘМС төлемдерін уақтылы төлемеу жағдайлары жиі анықталған.
Мамандар азаматтарға сақтандыру мәртебесін жоғалтпау үшін төленбеген кезеңдерді алдын ала тексеріп, қажет болған жағдайда берешекті өтеуге кеңес береді.

«Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры»
КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы

Таңдаулы материалдар

Close