Basty bet

Өнегелі өмір ізімен

Қазығын өзі қағып, құрылысын жүргізген, терегін тігіп, жайқалып өскеніне жаны жадыраған Әбілдабек Қойбақов ағамыздың қара шаңырағына 1995 жылдың мамырында алғаш рет аяқ басып едім. Сонда ол кісі Базархан екеумізді ертіп бақшасына апарған. “Мынау өрік ағашы. Мынау алмұрт… мынау шие… ал, мынау қалай өсер екен деп, арасын адымдап жүріп отырғызған шырша мен долана” деп еді. Кейін, арада он-он бес күн өткенде “Халық кеңесі” газетінде “Әбекеңнің бақшасы-ай!” деген шағын мақалам жарық көрді.
Одан кейінгі келгенімізде қалың қыс болатын. Кімді болса да аңқылдап қарсы алатын алтын мінезді ағамыз, “Айналайындар, өстіп келіп тұрсаңдаршы, біз де сендерді сағынамыз ғой” деген…

Міне, сол үй, сол үйдің төрі. Бақилық болғанында жасаған еңбегін, жарқын күлкісін, ағалық сөзін ойымызға оралтып, аруағын аспандатсақ па деп бас қосып едік, бұл жолы. Бәріне ұйтқы болған – Әмір аға Баятанов. Ұзақ жыл ішкі істер қызметі саласында жемісті жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан, көңілі жас, әзілі қалтасында жүретін азамат. Ол кісінің жанында Әбілдабек аға шаруашылық басқарғанда жүргізушісі болып еңбек еткен жақын інісі Адамбек Мәденов, ал менің қасымда Базархан бауырым.
– Аман-есен келдіңдер ме, айналайындар? – деп Күлдан апай қашанғысындай биязы сөзі, жылы жүзімен төрге оздырды.
Үй баяғы өзіміз көріп жүргендегідей. Әрбір зат өз орнында. Қарапайым да қажетті дүниелерді ағамыз бар кезде қай жерден көрсек, бәрі сол қалпында, өзгеріссіз.
– Күлдан апай, аға жөнінде сізден артық білетін кісі жоқ. Қысылғанда қасында болған, қуанғанда қуанышы ортақ, ойы бір өмірлік жарысыз. Сөзді сіз бастаңызшы, – дедік.
– 1956 жылы арман қуып Алматыға оқуға бардым. Небір ұлылар мен марқасқа ағаларымыз қызмет еткен ҚазПИ-ге оқуға түстім. Арада екі жыл өткенде Әбекеңмен таныстым. Ол Алматы зооветеринарлық институтының екінші курсында оқиды екен. Менен бір курс ілгері. Содан желекті жасыл қалада жастығымыздың қызық та ұмытылмас шақтары өте берді. 1959 жылы отау құрдық, – деп бастады әңгімесін Күлдан Шайтымақова апайымыз.
Иә, біз бір ғұмыр кештік қой! Әрине, Алланың бізге бұйыртқан уақыты. Басымызға не жазса да жасымадық, аспадық, таспадық. 69-жылдан бастап оны ауру айналдыра бастады. Әуелі “сары ауру” болды да, бір жыл бойы үйде отырды. Диетін сақтап, барынша жағдайын жасауға тырыстық. Кішкене өз-өзіне келгендей боп, жұмысына шығып кетіп еді, онысы ұзаққа созылмады. Бас-аяғы бір жыл толық еңбек етті ме, етпеді ме, білмеймін, 1972 жыл мен 1976 жылдың аралығында екінші топтағы мүгедектігіне байланысты зейнеткер боп жұмысты қойды. Міне, сол кезде аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Ким деген кісі еді, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жигалкин болатын, бір күні екеуі қабылдауына шақырып: “Әбеке, сен бүйтіп отыра берме, мүмкін жұмысқа шығып, елмен аралассаң ойың бөлініп, көңіл-күйіңе әсер етер” депті. Сонымен аудан басшыларының ұйғарымы бойынша “Большевик” колхозының төрағалығына ұсынылды.
Дегенмен, шынын айту керек, қызмет ету ол кісіге оңайға соқпады. Нені қолға алса да, ынты-шынтысымен кірісетін баяғы дағдысы қалмапты. Құдайдың берген бес-алты баласы Әбілдабекті үйден уақытылы көрген емес. Ауылдық жерде науқандық жұмыс бірін-бірі алмастырып жатпай ма?! Таң атпай кеткеннен, түннің бір уақытында, сол он бір-он екілер шамасында босағаны әзер аттайды.
Әбекеңнің отбасы, бала-шаға алдындағы орны бөлек еді. Қырық жыл тірлік кешіп, бір-бірімізге “сен” деген емеспіз. Құдай мені осындай жаны жаз жігітке қосты, өмірім гүл боп өтті. Балаларға да үнемі: “Өтірік айтпаңдар, үлкенге ілтипатшыл болыңдар, еңбекті сүйіңдер” деп айтып отыратын. Бәрі дәл ойлағанындай есейді, білім алды. Кейін өскен кездерінде: “Өмір той емес, балаларым. Мәселен мен өліп кетсем, менің көзімді көрген жора-жолдастар бар, солармен етене араласып, қажет кезінде ақыл-кеңес сұрап тұрыңдар. Жасы үлкен кісілер сондайға марқайып, балаша мәз болып қалады”, – дейтін.
Әбекең үшін еңбек – жан ләззаты еді. Ұзақты күн алқапты аралаудан шаршамайтын. Картопты көреді, астықты байқайды, жүгері алқабында болып қайтады. Жүрегі жылы, кең еді. Ешкімді алаламайтын. “Кім жұмысты жақсы істесе, солар менің туысым, солар менің жақыным” дейтін.
Басшы қалай болса, басқалар соған қарап бейімделеді ғой. Ол үлкен ретінде шаруашылыққа қызмет етуді үйретті, көпшілікпен жұмыс істесе білуді көрсетті. Солардың қай-қайсысы да Әбекеңнің есімін үлкен ілтипатпен ауызға алады.
Әбекең халыққа қалай жайлы болса, құда-құдағилардың арасында да сондай сыйлы, шуақты тірлік кешті. Өзі аурушыл болып, тәтті өмірдің дәмін тұшынып өткеннен кейін бе, дүниеге көзін сатып, айналаны ұмытып көрген емес. Қарапайым болғанды, елдің ен ортасында жүргенді қалады. Байлық көздің жауы. Кейде пенделікке салынып бірдеңе десем, ондайда жаратпайтын мінезін бірден байқатушы еді. “Енді үйге керек дүние ғой” десем, “Соның қажеті не? Үйді тіреп қою мақсат па? Қалтамда азын-аулақ ақшам болса, денсаулығым мықты болса, есігін емін-еркін ашып, сыйласып өтетін жора-жолдасым болса, байлық, бақыт деген сол емес пе?!” дейді. Осы сөзін бала-шағасына өсиет етіп: “Біреуге өкпе айтудан артық нәрсе жоқ. Неге десең, өкпеден өкпе туады. Онсыз да қысқа ғұмырда қырқылжың тірлікке уақыт қалмау керек қой”, – дейтін еді.
Өмір – ұзақ жол. Әбекең ұзақ жолда маған ақ-адал серік болып қана қоймай, көп жайға көзімді ашты. Соның арқасында қаншама елмен дидарлас болдым. Ол менің көңілімнің төрінен берік орын алып, әбиірі биік Әбекең болып қалды ғой!
Әмір БАЯТАНОВ: – Соғыстан кейінгі жылдары бірге оқыдық. Мектебіміз Тесіктаста. Қарабастаумен екі аралық біршама жер. Сол кездерде есте қалған бір жай: жерді ақ қырау жапқан қоңыр күз. Бүргенді арқылы айналып келгенше аяқ киіміміз шыққа малынады. Жолды ұту үшін жүгіреміз. Қарабастаудың төбесінде жоңышқалық болушы еді. Қайтарда жоңышқалықта отыра қалып үйге берілген есепті шығаратынбыз. Әбекең есепке де, басқа сабақтарға да өте зерек болатын. Менің мықтылығым – Әбекеңнің шығарған есебін көшіру. Қатесіз көшіре алсам, берілген жазуларды дұрыс жаза алсам деймін. Жазып отырып, ол кісінің мөлдіреп түскен әріптеріне қатты сүйсінемін.
Қызтоғанда ол кезде бастауыш мектеп қана болатын. Одан кейін Талдыбұлақта оқыдық. Ол кісі “Талдыбұлақ” мектебін бітірген соң Қаратау жақтағы нағашыларының қолына кетті. Орта мектепті сонда тәмамдады. Мен болсам Шымкентке кетіп, елге әскерден кейін бір-ақ оралдым. Келсем, Әбекең ХХІІ Партсъезд атындағы колхоздың білдей бас зоотехнигі екен. Мен жүргізуші болып орналасып, қарамағында үш-төрт жыл еңбек еттім.
Кейін іргелі шаруашылықтың басшысы атанды. “Большевикті” аудан, облыс, тіпті республикаға танытты. Әбекеңнің озат тәжірибесі ел билеген басшылардың үйрену мектебіне айналды.
Адамбек МӘДЕНОВ: – Әбілдабек көкеммен кішкене кезімізде ауылдас болдық. Қызмет бабымен ілгерілеп аудан орталығына келді. Ауданның бас зоотехнигі болып еңбек етті. Іскер де білгір маман болған соң, өсірді. Кейін мен де ауданға көштім. Сонда біз іргелес екі көшеде тұрдық.
Бір күні көкем “Большевик” қолхозына бастық болып кетті. “Адамбек, сен жақын інімсің. Бәрін қой да біздің шаруашылыққа ауыс” деді. “Жарайды, көке” деп, осы шаруашылыққа жұмыс ауыстырдым. Әлі күнге дейін көз алдымда, кеңсесі мыжырайған ескі үйде болатын. Мектептері жұпыны, бүгінгі “Жаңа теріс” ауылының орны бос жатқан кеңістік. Бұрынғы басшыдан бірде-бір белгі қалмапты. Келген, ішкен-жеген, сонымен кеткен секілді. Осы жағы көкемді қатты ойландырса керек. Жауын-шашын демей, қарлы боран демей түн түнегін тілгілеп фермаға сауыншылармен жарысыса жетеміз. Одан шыға шаруашылықтың бас мамандары, ферма басшылары, бригадирлер жиналатын жерге асығамыз… Сөйтіп жүргенде көктемнің лебі есті. Бұл нағыз қарбаластың басталатын кезі. Көкем бәрін қойып өз досы, “Ленин” колхозының төрағасы Затыбек Елшібаевқа барып: “Бізге алты тонна жоңышқа тұқымыңнан бер. Жайдан-жай берме, бес жылға шартпен бер. Бір жағы досымсың, бір жағы құдайы көршімсің, кісілік осындайда емес пе, сөйт” деп еді, Зәкең екі сөзге келмеді. Келер жылы айналадағы жап-жасыл жоңышқа елдің райын өзгертті. Теріс өзенінен тілекей өтетін ағаш көпір болатын еді. Сол өртеніп кетіп, дүйім ел айналма жолмен сабылып жүр екен. Қой, мынау тірлік емес екен деп, құрылысты әлгі көпірден бастады. Бұрын “бас жоспарын” жасатып қойған екен. Ол бойынша көпір басқа жақтан салынбақшы. Көкем ауылдың жөн білетін кісілерінің кеңесіне құлақ түрді. “Қызыл диқанға” да жақын болады, нағыз төте жол деп, Алматыға қайта-қайта барып жүріп, бас жоспарды басқаша етті. Солай өзгерткені дұрыс болды. Айналма жол қысқарды, жол шығыны азайды, уақытты үнемдедік. Айналайын ел тағы да ақ алғыстарын қардай жаудырды.
Әмір БАЯТАНОВ: – Әбекең артық сөзге жоқ, кісінің көңіліне қарағыш, елдің райын байқап сөз сөйлейтін кісі еді. Сауапты істің бәрін атқарды. Ағаш екті, көпір салды, үй тұрғызды, мыңдаған бүлдіршіндер білім алатын білім ордасын орнатты, артында «Немереме өсиет» деген кітабын қалдырды.
Бәріміз де бір Алланың құлымыз. Құдайдан таза, Құдайдан биік кім бар дейсің?! Қасиетті кісілер жасаған жақсылығы, адал еңбегі, әділ ісі, кіршіксіз сөзі арқылы тәңірге таяй түседі дейді. Бұл реттен алғанда Әбекеңнің орны жоғарыда.
Күлдан ШАЙТЫМАҚОВА: – Адам қуанатын нәрсеге ғана қуанады. Ауылымыздағы “Сәкен Сейфуллин” мектебін Әбекең тұрғызған деген сөзді естігенде тәп-тәуір-ақ арқаланып қаламыз. Соны ескерген болар, көзі бар кезде мектеп ұжымы бастауыш сыныптың бірін Әбілдабектің атымен атағанды жөн көріпті. Бір күні ризашылығыңызды берсеңіз деген ұсыныспен үйге келген екен. Жақсы сөзге марқаятын кісі емес пе, әдеттегісінше мәз болды. Жанына батқан аурудан айығып кеткендей: “Жарайды, жарайды! Ол сыныптың балалары жақсы оқып, халқына қызмет ететін болсын. Ата-аналары мен ұстаздарын үлгілі тәртіп, өнегелі оқуымен риза ететін болсын”, – деп өз тілегін де жеткізді.
Мырзахан АХМЕТ, ақын: – Мен Жуалы аудандық “Жаңа өмір” газетінде он жеті жасымнан жұмыс істедім.
Әбекең ұзақ жыл тоқыраудың құрсауынан шыға алмай тұншыққан “Большевик” ұжымшарына жіберілді. Жері де жақсы, елі де тамаша шаруашылық. Төрт бірдей елді мекенді біріктірген шаруашылықты кім басқармады дейсің. Бәрі орыс ағайындар. Картоп та егіледі, мал да ұстайды, бәрібір ici ілгерілемеді. Бірақ, бәрі басшыға байланысты екенін Әбекең бірден көрсетті. Бұған дейін бір гектарға 4 центнер астық себілсе, сол 4 центнерді қайтып алатын алқап шығымдылығын Әбекең кіріскен бір-бір жарым жыл ішінде гектарына 15 центнерге бір-ақ көтерді. Қаратаудың арғы жағында едәуір алқабы болатын, ол жаққа су шықпайтын. Әбекең облыстық су шаруашылығы басшыларымен келісіп жүріп, “Теріс-Ащыбұлақ” су қоймасынан құбырлар арқылы насоспен жүздеген гектар жерге су апарды. Онда картоп екті. Картоп жазда жеті рет су ішпесе, өнім беріп қарық қылмайды. Оның тыңайтқышы, келістіретін бабы бар. Ауданда әр гектардан 200 центнерден алу үйреншікті дағды болып қалған болса, Әбекеңнің шаруашылығы 240-260, тіпті 300 центнерге дейін өнім жинады.
“Большевикте” бұрын да товарлы-сүт фермалары болатын. Алайда алынатын сүттің мөлшері өте төмен еді. Әбекең келді де мал тұқымын асылдандыру керек. Әрі сүтті, әрі етті мал өсіреміз деді. Сөйтіп, бір-екі жылдың ішінде ферманы асылдандырды. “Асыл тұқымды” шаруашылық деген құжат берілмесе де, Әбекең соған пара-пар ерлік істерге барды.
Енді бір ерекшелеп тілге тиек ететін нәрсе – халықтың әлеуметтік жағдайы. Төрт бөлімшенің халқының тұрмысы төмен, жолдары нашар. Бәрін қойып, төрағаның өзі отыратын кеңсе үйін алайықшы, мыжырайған үйде орналасқан, оның үстіне айдалада, “Бурненский” әскери кеңшарының территориясында еді. Орталық деген болушы еді, ол әрбір шаруашылықтың бет бейнесі, ажары емес пе?! “Большевиктің” орталығы мынау деп көрсететін бір ауылы жоқ. Бұл Әбекеңнің келген бетте-ақ ойын қозғаған екен. Елдің еңсесі көтеріле бере ол кісі үлкен іске бет бұрды. Қазіргі Теріс шаруашылықтың бір бөлімшесі болатын. Соның тау жақ бетінде ашық алаң жатушы еді. Көзге көрінетіні химиялық қоймасы. Онысы минералдық тыңайтқыш сақтайтын қойма болатын. Сол жерге Әбекең екі қабатты басқарма қеңсесін салып берді. Артынша көше тіліп жіберді. Қос қабатты коттедждерді түп-түзу көшенің бойынан қаздай тізіп тұрғызуға кірісті. Онымен де тоқтамай, үй саламын, заманға сай құтты қонысымды өзім тұрғызамын деген талапкерлер болса, ешқайсысының көңілін қалдырмай, жоспардағы көше сызығының бойынан қажетті жерді өлшеп, қазығын қағып кідіріссіз бере берді. Не керек, бас-аяғы төрт-бес жылдың әлетінде бүгінгі заман келбетін кескіндеген бір ауыл бой көтерді. Ел-жұртпен келісе отырып ол ауылға “Жаңа Теріс” деген ат қойып жіберді. Мен осының бәрін өз көзіммен көргендіктен тура жіпке тізгендей етіп әңгімелеп отырмын! Мұндай көрініс, бәлкім, тыңға түрен тартқан сонау елуінші жылдардың ортасында ғана болған шығар. Сондай қарқынды құрылысқа күллі ауыл куә болды, оған белсене атсалысты. Демек, Әбекең бастаған игілікті істің кемелді келешегіне елдің құлай сенгендігі ғой. Болашағымыз үшін, балаларымыздың бақытты өмір сүруі үшін деп қолдап, қуаттамаса, бір Әбекеңнің өзі не істей алады?
Болатбек ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ: – Әбілдабек Қойбақұлы іскерлігімен шаруашылық жұмысына үлкен серпіліс әкелді. Оған партия ұйымының хатшысы Қошан Орынтаев қолқанат болып, басқа да мамандар сенімінен шығып басталған істі ілгерілетті. Сөйтіп, Әбілдабек басқарған он екі жылда қоғам жылқысы 350-ге, ірі қара саны 2000-ға, қой басы 19 000-ға өсті. Мойынқұмда шопандар үшін құдықтар қаздырды. С.Сейфуллин атындағы орталау мектеп ұстаздары мен оқушыларының күшімен Теріс ауылының күншығыс шағынан 3 га, терістік жағынан 1 га жерге 10 000-нан астам терек тіктіріп, ол қазір ну орманға айналды. Сол егілген ағаштар бүгінде құрылыс материалына айналуда.
Әбекең мәдениет жағына да ерекше көңіл бөлуші еді. Бақалы ауылынан Бейсенбай Молдакәрімұлы екеуі шапқылап жүріп үлкен мәдениет үйін салып берді. Жанынан фельдшерлік нүкте мен кітапхана қосыла салынды. Бақалы көшелеріне жол жүргізілді. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі халқына қалтқысыз қызмет етті. Денсаулығына байланысты төрағалық қызметтен кеткеннен кейін “Жаңа Теріс” болып өзгерген жауапкершілігі шектеулі серіктестікте заң кеңесшісі болып 1998 жылға дейін жұмыс істеді. Осы жылдарда мен ол кісімен бір бөлмеде бірге отырдым. Мен шаруашылықтың кәсіподақ ұйымын басқаратын едім.
Әбекең газет-журналдарды өте көп оқитын. Мына өмірдің қызық-шыжығы туралы сырласқан сәттеріміздің де бәрі есте.
– Өмірді қалай сүру керек? – десем:
– Өмірді жүректің қалауымен өткізген абзал, – дер еді.
– Дүниедегі ең бақытты кісі кім? – десем:
– Өзін кішіпейілділікпен, шыншылдықпен жасандырған кісіден өткен бақытты адам жоқ, – деп жауап беретін еді. Ол кісінің сол айтқандарына сайсақ, өмірде кішіпейіл де қанағатшыл, шыншыл да адал, еңбекқор да сыпайы боп өткен Әбекеңнен бақытты кім бар?..
Тағы да бір жолы: “Адам үшін жанынан артық не керек?” дегенімде, ол кісі кідірместен: “Діндарға – дін, дінсізге – дүние”, –деп қысқа ғана жауап беріп еді.
Базархан РҮСТЕМБАЕВ, техника ғылымдарының кандидаты, доцент:
– Мен 1982 жылы әкемнен де, шешемнен де айырылдым. Артымнан ерген інілерім бар. Арқа сүйейтін ағасы мен болған соң, амал жоқ, ойлануға тура келді. Аяңдап шаруашылық төрағасы боп жүрген Әбілдабек ағамыздың алдына бардым. Аядай ауылдың іші ғой, сырттай біледі екен. “Айналайын Базархан, ауылға келуге ниет қылсаң, қашан да есік ашық қой. Бірақ мынадай біліммен сенің обалыңа қаламыз ба деп отырмын. Қиыншылық деген өтеді де кетеді. Бүгінгімен шектелмей, өзіңді мұғалімдікке қалдырған кафедрадағы ағаларыңмен ақылдасып көрсейші. Мұндай мүмкіндік кім көрінгенге бұйырмайды. Арғы жағында ғылымның даңғыл жолы тұр. Мен бірдеңені білсем, сенің келешегің сонда. Ал, енді алда-жалда ауылға келемін десең, мамандығың бойынша жұмыс қашан да дайын. Тіпті дәл қазір қауіпсіздік сақтау инженерінің орны бос”, – деді. Әбекеңнің сол сөзі қатты ойландырды. Айналып институтқа келдім. Деканымыз профессор Резников Борис Наумович деген үлкен жүректі кісі еді: “Басыңа түскен қайғыны көтер, өкінбе. Бәрі өткінші деп айтқан ағаңның сөзі өте орынды. Менің жәрдемім сол болсын, ректорға алып кіремін. Баспана жайына жәрдемдесейін. Ізіңнен ілескен інілерің бар екен, олар да қатарынан қалмай білім алсын”, – деді. Сол сөзінде тұрды.
Арада біршама уақыт өткенде тағы да ауылға келдім. Өйткені үйді сату керек болды. Арзанға бергіміз келмеді, қымбатқа өтпей біраз әуреледі. Сонымен бір айдай сарсылып жүріп қалдым. Сонда менің қиналып жүргенімді естіген Әбекең бір кісі арқылы келіп кетсінші деп хабар берді. Барғаннан кейін институттағы жағдайды айттым.
“Е, дұрыс болған екен, – деп көтеріліп қалды. – Мына жағдайыңды да құлағым шалды. Үйді қалай сатамын деп қиналма. Біз оны шаруашылықтың есебіне аламыз. Қаншаға сатқың келетінін жасырмай айт, біздің де жәрдеміміз болсын, деген бағаңа аламыз”. Сөйтіп, келесі күні шаруашылықпен шартқа тұрып, кассадан тиесілі ақшамды санап алып Алматыға қайттым. Әбекеңнің осындай-осындай көмектерін мен ғана емес, басқалар да көп көрді.
Көз көргендердің, жақсылығына марқайғандардың ақжарылқап әңгімесін осымен түйіндесе де болар еді. Әйткенмен, біздің келер күнгі кездесуіміз ойымызды үрлей түскендей. Оған себепкер Жуалы ауданының әкімі Ермек Өмірбайұлы Үсенбаевтың салқынқандылықпен айтқан мына сөзі еді.
–Әбекең туған жерге туын тіккен кісі ғой. Біреу үй соққанына марқаяды. Енді біреу жақын туысының қызметін өсіргенге қуанады. Тағы біреулер қорасындағы қойының көбейгеніне көңіл көншітеді. Күллі саналы өмірі елінің болашағына, халқының бақытына арналған Әбілдабек Қойбақов елсізден құтты қоныс құрған, ақбас Алатаудың аясынан ауыл орнатқан азамат. Мен айтар едім, бақытты азамат деп! Әйтпесе, айтыңызшы, кімнің артында ауыл қалып жатыр? Әбекеңнің жүргізген көшесі, тұрғызған гимараттары кімге болса да мақтаныш. Сондықтан да бүгін ол ағамызды сондай мәнді істер атқарды деп ерекше ілтипатпен еске алып отыр емеспіз бе?! – деп тоқтады тебіреніске толы әңгімесі үстінде әкім.
Міне, содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Тура қасымызда болғандай сыр тербеп, кітап жазғызған Әмір Баятанов та, Әбекеңнің жүргізушісі Адамбек те, менің жанымдай жақсы көретін Базарханым да, тағы бір кісілер де жоқ.
Иә, бірақ өмірдің ағысы өз үрдісімен жалғасуда. Ырғағына ілесіп келе жатып, бастан кешкен кешегінің бәрін есіме алдым. Біз жасаймыз, біздің балаларымыз жақсы өмір сүреді деген әдемі үмітпен тірліктерін тауысқан ағаларымды есіме алдым…
Бүгін солардың сарқыншағы секілді Күлдан апай тоқсанға келіп отыр.
Өнегелі өмірдің өрісі болған Күлдан апай Шайтымақова, жасыңызғы жас қосылсын!!!
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы.
Алматы қаласы

Таңдаулы материалдар

Close