Basty bet
Бұқаралық спорт – саламатты қоғамның негізі
Бүгінде бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені, спорт халық денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастарды саламатты өмір салтына баулудың, қоғамдағы белсенділікті арттырудың тиімді құралы саналады. Соңғы жылдары Жуалы ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, түрлі деңгейдегі жарыстар мен турнирлер тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Жуалы аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы өңірде саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты әрбір тұрғын үшін қолжетімді ету және аудан тұрғындарының спортпен шұғылдану белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Орталықтың негізгі мақсаты – кәсіби спортшыларды ғана емес, балалардан бастап ардагерлерге дейінгі барлық тұрғындарды спорттық қозғалысқа тарту.
Орталық жұмысы бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Атап айтқанда, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан көлемінде түрлі спорт түрлерінен ашық біріншіліктер мен турнирлер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, зиянды әдеттердің алдын алу және спорт үйірмелеріне тарту жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық спорт түрлерін жаңғырту мен дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың спортпен айналысу белсенділігін арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда.
Орталықтың мамандарының ақпаратына сүйенер болсақ, жыл сайын аудан көлемінде және ауылдық округтерде 400-ден астам спорттық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында жарыстар, турнирлер, марафондар, жолдастық кездесулер, мерекелік спорттық жарыстар мен фестивальдар бар. Бұл аудан тұрғындарының спорттық өмірінің қарқынды екенін көрсетеді. Бұқаралық спортты дамытуда орталықтың рөлі ерекше. Мекеме тек жарыстар ұйымдастырып қана қоймай, спорттық нысандардың тиімді жұмыс істеуін қадағалайды, әдістемелік көмек көрсетеді және тұрғындардың арасында спорттық мәдениетті қалыптастыру бағытында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізеді. Әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды спортқа шақырып, саламатты өмір салтын насихаттау ісіне де басымдық берілген. Әсіресе, @jyalysport инстаграм парақшасы арқылы тұрғындармен кері байланыс жақсарып, ашықтық деңгейі артқан.
Аудан тұрғындарының да спортқа деген қызығушылығы жоғары. Әсіресе, ауыл жастары мен мекеме қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылатын жарыстарға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде көптеген турнирлер тек спорттық дода ғана емес, тұрғындардың асыға күтетін мәдени іс-шараларға айналған. Соңғы жылдары ауданның спорттық өмірінде ерекше серпіліс байқалады. Ең ауқымды жарыстардың қатарында облыс пен аудан деңгейіндегі футбол командалары қатысатын «ABDRASUL CUP» және «BAUYRZHAN CUP» ашық турнирлері, волейболдан білім беру ұйымдары басшылары арасындағы «DIRECTOR CUP», қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» мен «Жас Барыс» турнирлері, шахматтан аудандық және облыстық жарыстар, «Аула ойындары» мен «Көше ойындары» фестивальдері, мекеме қызметкерлері арасындағы «QYZMET CUP» чемпионаты, сондай-ақ, дзюдодан «Жуалы жұлдыздары» республикалық турнирі бар.
Балалар мен жастарды спортқа тарту мақсатында жазғы демалыс кезінде аула клубтары арасында және кіші футболдан аудандық біріншіліктер тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, жастар арасында стритбол, үстел теннисі, волейбол сияқты заманауи әрі қолжетімді спорт түрлерін дамытуға бағытталған ашық біріншіліктер ұйымдастырылуда. Ауылдық округтердегі спорттық жұмыстар арнайы спорт нұсқаушылары арқылы жүзеге асырылады. Әрбір округте жылдық жоспар бекітіліп, соған сәйкес іс-шаралар ұйымдастырылады. Алдағы уақытта көшпелі және аймақтық турнирлер жүйесін дамыту көзделіп отыр. Бұл ауыл жастары арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, спорттық байланысты арттыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық спорт түрлерін насихаттау бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жуалы өңірінде көкпар, аударыспақ, теңге ілу сияқты ат спорты ойындарының түрлері, сондай-ақ асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ және арқан тарту жарыстары тұрақты өткізіледі. Өткен жылы алғаш рет жастар арасында көкпардан аудан чемпионаты ұйымдастырылып, үздік ойыншылардан аудан құрамасы жасақталды. Нәтижесінде, команда облыстық жарыста жүлделі үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар үш жас шабандоз облыстың «Әулие-Ата» көкпар командасына қабылданып, ел чемпионы атанды.
Аудандағы жарыстарды ұйымдастыруда еріктілер мен спорт ардагерлерінің үлесі зор. Олар ұйымдастыру, тәртіп сақтау және ақпараттық қолдау көрсету жұмыстарына белсенді қатысады. Қазіргі таңда ауданда ең танымал әрі сұранысқа ие спорттың түрі – футбол, әсіресе, кіші футбол. Сонымен қатар, көпшіліктің арасында волейбол, дзюдо, қазақ күресі, үстел теннисі және шахматқа деген қызығушылық артып келеді. Бұқаралық спортпен тұрақты айналысатын тұрғындардың саны да жыл сайын өсуде. Мұны спорт залдары мен алаңдардың кешкі уақыттағы белсенділігі айқын көрсетеді. Әсіресе, ересек тұрғындардың арасында жүгіру мен тренажер алаңдарына бару кең таралған.
Орталық үшін биылғы жылдың маңызды жетістіктерінің бірі – аудандағы ірі спорттық іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы. Ашық турнирлерге көршілес өңірлерден де командалардың қатысуы аудан спортының беделі артқанын байқатады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындармен кері байланыс жақсарып, ашықтық деңгейі көтерілген. Спорттық инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Биыл Қайрат, Амангелді және Шақпақата ауылдарында жаңа футбол алаңдары пайдалануға берілген. Алдағы уақытта орталық мамандары ауыл жастарының арасындағы лигаларды дамыту, ауылдық округтер арасында спартакиада өткізу және ұлттық спорт түрлерінен ірі аудандық жарыстар ұйымдастыруды жоспарлануда. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі спорттық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру, демеушілер мен кәсіпкерлерді бұқаралық спортты қолдауға тарту және спорттық менеджментке цифрлық технологияларды енгізу көзделіп отыр.
– Бүгінде аудан орталығындағы және ауылдардағы спорт алаңдары, мектеп жанындағы спорт залдары мен Street Workout алаңдары тұрғындарға қолжетімді. Орталық ұйымдастыратын барлық бұқаралық жарыстарға қатысу тегін әрі ашық. Аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы үшін әрбір сәтті ұйымдастырылған жарыс – үлкен жетістік.
Дегенмен жастар арасындағы аудандық көкпар чемпионаты мен мекеме қызметкерлері арасындағы «QYZMET CUP» турнирі ерекше мақтанышпен аталады. Бұл жарыстар ауданның спорттық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеді. Спорт – тек жеңіс пен медаль емес. Ол – денсаулықтың кепілі, ұзақ өмірдің негізі және көтеріңкі көңіл-күйдің қайнар көзі. Сондықтан әрбір тұрғын күн сайын кем дегенде 30 минутын дене белсенділігіне арнап, балаларға үлгі көрсетсе, бұқаралық спорттың дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз, – дейді аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының басшысы Жандос Баевтов.
Назерке Тұрсынбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
конвергентті журналистика мамандығының 1-курс студенті