Basty bet

Аудандағы алдыңғы қатарлы агроқұрылым

Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-ында малдың қыстық азық қорын дайындау жұмыстары қарқынды атқарылу үстінде

Жуалы ауданы Жамбыл облысындағы аграрлы аймақ болғандықтан, мұндағы жергілікті халықтың ең негізгі күнкөрісі мен табыс көздері де ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен тығыз байланысты екені белгілі. Бұл орайда аталған саланың жай-күйін бес саусағындай жетік білетін жергілікті диқандар мен шаруалар қауымы істің көзін табу арқылы төрт түліктің басын көбейтумен қатар, жыл санап егін шаруашылығы саласына да жаңа технологияларды батыл енгізу үстінде. Бұл – жаңа заманның талабы. Осыған сәйкес, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуында алға ілгерілеу анық байқалады. Қай салада болсын, жаңашылдық қана істі алға бастыратыны белгілі. Шаруа еңсесінің көтерілуіне де мұның тигізер оң әсері орасан. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының дамуына жасап отырған мемлекетттің де көмек-қолдауларының маңызы зор екенін айтуға тиіспіз.

Жердің ырысын – елдің ырысы деп білетін шаруалар қауымы үшін жылдың қай мезгілі де қауырт жұмысқа толы, төрт мезгілдің қай-қайсысы да маңызды. «Не ексең, соны орасың» деген қағидалы түсінікті алға тартатын қасиетті өңірдің жергілікті шаруалары биылғы көктемгі дала жұмыстарына ерте көктемнен бастап кірісіп, жауапты науқанды жоспарға сай атқарғанын жақсы білеміз. Қазір өңір шаруалары шөп ору науқанына қызу кірісіп, қолдағы төрт түлік малдың қысқы азығын молынан дайындау жұмыстарына барынша күш салу үстінде.
Әсіресе, қазір өңірдегі техникасы түгел, жұмысшы күші сақадай сай алдыңғы қатарлы агроқұрылымдарда мал азығын дайындау жұмыстары әлдеқайда қызу әрі жүйелі жүргізіліп жатқанын баса айтқан жөн. Мұның ішінде, малдың сапалы азығына арналып бастырылатын пішен мен пішендеме қорын жасақтау жұмыстарының маңызы өте зор.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл өңірде шабуға белгіленген шөп алқабының жалпы көлемі – 35 585 гектарды құрайды. Оның ішінде, көпжылдық шөптің алқабы – 32 585 гектар, табиғи шабындық – 2 971 гектар, ал, малдың құнарлы азығына деп егілген сүрлемдік жүгерінің көлемі – 710 гектарды құрап отыр. Жұмысқа жауапты бөлімнің мамандары қазіргі таңда мал азығын дайындау жұмыстары басталып, көпжылдық шөп алқабының нақты шабылғаны – 12 000 гектардан сәл ғана асып отырғанын айтады. 2026 жылдың нақты жоспарына сәйкес, биыл ауданның шаруалары малдың қыстық азығына – 198 000 тонна пішен, 22 мың тонна пішендеме қорын дайындамақ. Одан бөлек, алдағы егін ору науқаны кезінде сабанның да қосымша мол қоры дайындалады деп жоспарланған. Айта кету керек, мал азығын дайындау жұмыстарының барлық округтерде басталғанын ескерсек, негізінен тындырымды жұмыстар өңірдің ірі агроқұрылымдарында жүргізіліп жатыр.
Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылында орналасқан «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аудандағы мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын ең ірі агроқұрылымдардың бірі десек, артық айтқандық емес. Аталған серіктестік ұзақ жылдан бері мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да жоғары деңгейде дамыту ісіне күш салып отыр. Негізінен, иелігінде сауынды сиыр ұстап, сонымен бірге, ірі қара малын бордақылап, етті терең өңдеумен айналысатын агроқұрылымда жемшөп мәселесі толықтай шешілген деуге болады.
Шаруашылыққа тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің – 1 868 гектары егістік жер саналады. Бұған дейін оның 1 000 гектарына заманауи жаңбырлатып суғару қондырғылары орнатылған. Жалпы биыл агроқұрылымдағы екі мың гектарға жуық егістік жер көлемінің – 553 гектарына күздік бидай егілсе, 555 гектарға мал азығына жоңышқа, 439 гектарына мақсары, пішендеме дайындауға арналған сүрлемдік жүгері 134 гектарға, эспарцет – 129, ал 55 гектарына қара бидай егіліп, күтіп-бапталуда.
Ал жұмысы жүйелі, сол арқылы тірлігі алға басқан іргелі серіктестікте жүргізіліп жатқан негізгі науқандық жұмыстарға тоқталатын болсақ, биыл мұнда мал азығын дайындау жұмыстарына барлығы 15 бірлік арнайы техника және 20 жұмысшы маман жұмылдырылған. Агроқұрылымның Нұрлыкент ауылының шығыс бөлігінде орналасқан көпжылдық шөп алқабында орумен қатар, орылған шөпті турап, оны пішен бастыратын арнайы орынға жеткізу жұмыстары қарқын алып отыр.
«Гамбург» ЖШС-ның тәжірибелі механизаторларының бірі Василий Плотников бізбен әңгімесінде, биылғы мал азығын дайындау бағытындағы жұмыстардың мамыр айының орта тұсында басталғанын айтады. Шын мәнінде, Нұрлыкент ауылының оңтүстік-шығыс жағын бойлай орын тепкен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының маңында бұрынғы «Пионерлер лагерінің» орны болған тұстағы 200 гектарды құрайтын биыл көктемде егілген жоңышқа алқабында жұмыс қызу жүргізіліп, шөп ору жұмыстарымен ары-бері тынбай қатынаған ауыр жүк көліктерінің қарасы мол екені байқалады. Биылғы мал азығының қорын молынан жасақтау жұмыстарына агроқұрылымның шөп оруға арналған 3 бірлік КПС (Германка қуатты тракторы), шөп турайтын ДОН аталатын бес бірлік арнайы техникасы, одан бөлек, 2 бірлік КамАЗ ауыр жүк көлігі, бірнеше МТЗ «Беларусь-1221» маркалы доңғалақты тракторы да тіркемесімен туралған шөпті алқап басынан шаруашылық базасына тасымалдау жұмыстарын сапалы атқарып жатқаны алыстан-ақ анық аңғарылады.
Агроқұрылымда асыл тұқымды ірі қара малдың басын көбейтумен бірге, тұрақты түрде сауынды сиырлар ұстап, одан жыл сайын сапалы төл алумен қатар, сүтті молынан өндіру арқылы киелі Әулиеата өңіріндегі сүт кластерінің дамуына күш салып келе жатқан аудандағы «Гамбург» ЖШС-ның жұмысына ұзақ жылдан бері шаруашылық ісінің терең білгірі, іскер азамат Егор Кохтың басшылық жасап келе жатқанын жақсы білеміз. Соңғы жылдары серіктестік құрылтайшыларының ауысуына байланысты Егор Егорович аталған агроқұрылымда атқарылатын жұмыстарды тағы бір жүйелеп алып, атқарушы директор қызметін өз міндетіне алғанын айтады.
Қоғам мен ел дамуындағы қай саланың жұмысын алып қарасаңыз да, ол мейлі өндіріс орны немесе кез келген зауыт, фабрика, кәсіпорын болсын, білім-білігі мол, істің көзін таба білетін тәжірибелі мамандарсыз жұмысты алға бастыру әсте мүмкін емес. Мал шаруашылығын дамытуды басым бағыт ретінде айқындап алған агроқұрылымда негізінен шаруашылық ісінде кемінде 30-40 жылдан астам мол тәжірибелері бар, қалыптасқан білікті механизатор-мамандар жұмыс атқарады. Істің көзін тауып, шаруашылық ісін алға бастыруға барынша күш салып келе жатқан білікті механизаторлардың қатарында – Василий Плотников, Өнербай Рашай, Александр Устименко, Денис Сенченко және Алексей Головченко, т.б. сынды өз ісінің терең білгірлері бар.
Осы тұста ел дамуына ұзақ жылдан бері сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбек адамдарын – нағыз ерлер деп атасақ, артық емес. Үлгілі еңбектері мен қажырлы еңбегін ел мен қоғамның дамуына арнап отырған кәсіби механизаторлар – шаруашылықта атқарылатын науқандық жұмыстардың барлығына белсенділікпен қатысып, бірі трактор тізгендеп жүргізсе, енді бірі егін жинау, басқа да науқандық жұмыстар кезінде комбайнның рөліне отырады. Осылай тізе қосып, бірлесе ерінбей еңбек еткенде ғана серіктестіктің жұмысы біршама алға басып келеді деуге болады.
Агроқұрылымда 20 жылдан бері тұрақты жұмыс атқарып келе жатқан үлгілі механизатордың бірі – Өнербай Рашай. Ол өз сөзінде, Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылында тұратынын, аталған серіктестікте ұзақ жылдан бері еңбек етіп, отбасын асырап келе жатқанын айтады. Жұмысшы-мамандармен әңгімелесу барысында «Гамбург» ЖШС-ның атқарушы директоры Егор Кох та сөзге араласып, шаруашылықта науқандық жұмыстар кезінде жұмысшыларға лайықты жағдайлар жасалып, әсіресе, механизаторлардың жоғары жалақы алатынын жеткізді. Серіктестіктің науқандық жұмыстарының маңызды екенін ескерсек, жұмысшылар айына орта есеппен – 300 мың теңгеден астам табыс табады.
Агроқұрылымның ауыл маңындағы базасының аймағында пішен мен пішендеме басуға арналған үлкен шұңқырдың басында да жұмыс қызу атқарылып жатыр деуге болады. Ауыл маңындағы егістік алқаптардан орылып, ұсақталып туралған шөп ауыр жүк көліктерімен осында жеткізіліп, талапқа сай бастырылу үстінде. Ұсақталған су шөпке мұнда тұз қосылып, оның үстінен ауыр техникамен тапталады. Мұндағы жұмыстарды атқарып жатқан ауыр жүк көлігінің рөліндегі механизатор Құрманғазы Байнекеев, пішендеме бастыру жұмыстарының бір ай уақыт бұрын басталып, бұл шұңқырда шамамен 5 мың тоннаға дейін пішендеме басуға мүмкіндік бар екенін айтады.
– Осы агроқұрылымда тұрақты жұмыс атқарып келе жатқаныма шамамен 10 жылдай уақыт болды. Шаруашылықтың барлық жұмысына дерлік араласамыз. Әсіресе, жаз мезгілінде мал азығын дайындау, егін жинау, тағы басқа науқандық жұмыстар кезінде жұмыс әлдеқайда қыза түседі. Кейде уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Бұрын оператор-эксковаторшы болып жұмыс атқарып, қазір шаруашылықтың жүктиегіш арнайы техникасын жүргізуді өз міндетіме алғанмын. Мына тұрған «САТ-9338» маркалы жүк көтеруге арналған әмбебап ауыр техниканың көмегімен бір мезгілде бес тоннаға дейін жүк көтеруге болады. Жалпы салмағы 16,5 тоннаны құрайтын ауыр техникамен пішен және пішендеме бастыру жұмыстарын қиналмай атқарамыз. Шаруашылықта мал азығына тек пішен ғана емес, сүрлемдік жүгеріден сапалы пішендеме де дайындалады. Мұның бір артықшылығы, құнары жоғары пішендемемен азықтандындырылған сауынды сиырлар сүтті әлдеқайда мол береді. Сол үшін агроқұрылымда мал азығын дайындау науқаны кезінде жұмыстардың сапалы атқарылуына баса мән беріледі,- дейді әмбебап жүктиегіштің жүргізушісі, механизатор Қ.Байнекеев.
Айта кету керек, пішен бастыру жұмыстарына Нұрлыкент ауылының еңбексүйгіш азаматтары Жалғасбай Құлмағамбетов және Қанат Аманбаев та қатар атсалысу үстінде. Олар осындағы жоспарлы науқандық жұмыстардан бөлек, қыс мезгілінде шаруашылықтағы малға күтім жасау және жас төлдерді азықтандыру, т.б. жауапты жұмыстарды атқарып, отбасын адал табыспен асырап келе жатқандарын айтады.
«Гамбург» ЖШС-ында мал азығын дайындау жұмыстарының қарқынына қарап, қолда бар түлікті алдағы мал қыстату науқанынан қысылмай шығарып, одан сапалы төл мен өнім алуға болатынын бағамдауға болады. Шөп ору науқанының жақын арада ғана басталғанын ескерсек, агроқұрылымның жұмысшыларын алда да қызу әрі қажырлы еңбек күтіп тұр. Олай дейтініміз, алда көп ұзамай егін жинау жұмыстары басталмақ.
Татулық болған ұжымда ғана тұрақтылық пен еңбек өнімділігінің ойдағыдай болатыны белгілі. Осы орайда ауданда орналасқан алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі – «Гамбург» ЖШС сияқты бірлігі жарасқан көпұлтты еңбек ұжымының өзара татулығы қоғамға жарқын үлгі болып қала бермек…

Таңдаулы материалдар

Close