Basty bet

Төлемдер арттырылады

Әлеуметтік сала – халық тұрмысының, мемлекет әлеуетінің көрсеткіші. Жалпы, соңғы бірнеше жылдың ішінде бұл салада көптеген реформалар жүзеге асты. Оған бір ғана себеп бар. Ол – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңінен айтып, әлеуметтік саланы көтеруге нақты тапсырмалар беруде. Бастысы, ел азаматтары тұрақты жұмыспен қамтылса, әр жоба бойынша нақты іс жүзеге асырылса, онда нәтиженің оң болғандығы.
Тышқан жылы елімізге елеулі өзгерістер алып келуде. Биылғы жылдың басты жағымды жаңалығы көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы болмақ. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдердің де өсуі, яғни зейнетақы мен жәрдемақының артуы қуантарлық жағдай.
2020 жылы әлеуметтік төлемдердің қанша пайызға артқаны жөнінде аудандағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мұрат Сапаевтан сұрап білген едік.
Атап өту керек, бұрынғы зейнетақы төлеу мемлекеттік мекемесі 2017 жылдан бері осылай аталуда. Бөлімде екі бас маман және төрт жетекші маман тұрғындарға қызмет көрсетеді. Әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің мақсаты – барлық әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленуіне ықпал ету, халыққа сұрақтары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бағыт-бағдар, кеңес беру.
-Ауданда 5417 зейнеткер, 1650 мүгедектігіне байланысты, 513 асыраушысынан айырылуына байланысты, 532 төрт және одан көпбалалы аналар, 2 ҰОС ардагері, 282 тыл ардагері, 9 ҰОС-ның жесірі, 47 Ауған соғысының ардагері, 97 Семей полигонының, Чернобыль апатының ардагерлері және тағы басқалар тұрады.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы мөлшері 7 пайызға арттырылатын болады. Ал, баланың бір жасқа дейінгі күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджеттен отбасының табысына қарамастан төленіп, биылғы жылы 5 пайызға арттырылады.
Орталыққа тұрғындар көптеген сұрақтарымен келіп жатады. Олардың сауалдарына бей-жай қарамай, уақтылы жауап беріп, дұрыс бағдар береміз. Қазіргі таңда әлеуметтік салаға қатысты бөлімдер бір орталыққа шоғырландырылып, тұрғындар үшін тиімді болуда. Құжаттарын уақтылы тапсырып, төлемдерін уақтылы алып отырса, жұмысымыздың нәтижелі болғаны деп санаймын. Сонымен қатар, біздің бөлімге көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау міндеті қайта берілді. Мұнымен жұмыс арта түсті. Себебі, көпбалалы отбасындағы балалары жоғары немесе арнаулы орта оқу орындарында оқитындығы жөніндегі анықтамаларын жинақтап, бәрін зерделеп отырамыз. Ал, тұрғындар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерінің артатыны туралы жаңалықтарды аудандық басылымнан толығымен танысып, оқи алады, – дейді Мұрат Жамалбекұлы.
Ендеше, тұрғындарға кәсіби тұрғыда кеңес беріп, қызмет ететін әлеуметтік қамтамасыз ету бөліміндегі жұмыстар жаңа жылда өз нәтижесін береді деп сенеміз.

Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close