Basty bet

Жамбыл өңірінде алғаш рет руна жазуы бар петроглифтер табылды

Қазіргі таңда Бұрхансай шатқалында 300-ден астам петроглиф анықталған. Археологтар зерттеу жұмыстары жалғасқан сайын олардың саны артуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ жаңадан табылған тасбейнелерді жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарына енгізу, кейін республикалық деңгейдегі нысан мәртебесін беру мәселесі қарастырылуда.

Жуалы ауданындағы Күркіреусу ауылының маңында орналасқан Бұрхансай шатқалынан көне түркі дәуіріне тиесілі руникалық жазу анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Бірегей олжа тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу барысында табылып, мамандар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары өткен жылы басталған. Экспедиция құрамында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары Ералы Ақымбек, Борис Железняков, Анатолий Шаяхметов және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының инспекторы Жандос Бәйтімбетов болған. Археологиялық барлау «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария мен Қаратау: мәдениеттің шығу тегі мен трансформациялануы» ғылыми жобасы аясында жүргізілген.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Бұрхансай шатқалындағы петроглифтер кешенінен көне түркі руникалық жазуы бар тас анықталды. Нысан толық құжаттандырылып, цифрлық форматта тіркеліп, алғашқы ғылыми сараптамадан өткізілген.

Бұған дейін өңірдің ешбір аумағынан кездеспеген руна жазуы арнайы сараптамаға жіберіліп, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Моңғолтану, буддология және тибетология институтының жетекші ғылыми қызметкері Владимир Тишинге жолданған. Ресейлік ғалымның алдын ала пікірінше, жазу мәтіні «Менің ер атым – Аба» деп оқылған. Қазіргі таңда жазудың толық мазмұнын, мерзімделуін және мәдени-тарихи мән-мәтінін нақтылауға бағытталған кешенді зерттеулер жалғасуда. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл дерек көне түркілердің жазба мәдениеті мен руникалық дәстүрін тереңірек тануға, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы орта ғасырлар тарихын зерттеуге тың серпін береді.

– Өткен жылдың соңындағы барлау және мониторинг жұмыстары барысында Бұрхансай шатқалы аумағынан қосымша петроглифтер тіркелді. Олардың ішінде руна жазуының болуы – біз үшін өте маңызды жаңалық. Себебі қазіргі есепте тұрған шамамен 3,5 мың тарихи ескерткіштің ішінде мұндай руна жазуы алғаш рет анықталып отыр. Бұл – өңір археологиясы үшін ерекше құбылыс.Аталған тасбейнелер толық тіркеуге алынып, мемлекеттік есепке енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ескерткіштерді анықтау, қорғау және ғылыми айналымға енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұрхансай шатқалына іргелес аумақтар да әлі толық зерттелмеген. Сондықтан алдағы уақытта кешенді археологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Қазір облыс аумағында республикалық маңызы бар шамамен 30-ға жуық тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. Олардың қатарында Ақыртас кешені, Айша бибі кесенесі, Қарахан кесенесі, Қостөбе және Өрнек қалашықтары бар. Бұрхансай шатқалындағы жаңа петроглифтерді алдымен жергілікті маңызы бар ескерткіш мәртебесіне енгізу ұсынылып отыр. Кейін республикалық деңгейге көтеру мәселесі қарастырылмақ. Мамандардың пікірінше, зерттеу тереңдеген сайын нысанның ғылыми және туристік маңызы арта түспек, –деді Жандос Бәйтімбетов.

Қазіргі таңда анықталған петроглифтердің саны 300-ден асады. Дегенмен археологиялық жұмыстар барысында бұл көрсеткіштің саны артуы мүмкін.

Таңдаулы материалдар

Close