Basty bet
Мерейіміздің артқанына қуанамыз
Биылғы жыл ұстаздар қауымы үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойып, ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастады. Бұл қуанышты жағдайды мұғалімдер біраз жылдан бері асыға күтті. Себебі, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында аталған заң жобасын әзірлеуді ұсынған болатын. Сонымен қатар, Елбасы «Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деп мұғалім мен оқушының жүктемесін азайтуды, қоғамдық жұмыстарға тартуды азайтуды тапсырды. Міне, сол уақыттан бері заң жобасы жан-жақты зеделеніп, сараланып, керекті жайттарды ескере отырып жасалды деп ойлаймын.
Заңның негізгі мақсаты – білім беру заңнамасындағы олқылықтарды жою, оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту, мұғалімдерді негізсіз тексерулерден қорғау, педагог мәртебесін реттеуді қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді жетілдіру.
Осы мақсатта жасалған заң педагогтердің мәртебесін көтеруге септігін тигізері анық. Себебі, онда ұстаздардың құқығы, міндеті, әдебі, еңбек демалысы, жалақысы, біліктілік санат алуы, педагогтік қайта даярлауы, тағы да басқа жайттар ескерілген. Мені ең бастысы жүктеменің азайтылып, балаларға тек мұғалім ғана емес, ата-ана да жауапты болатыны қуантты. Себебі, қазіргі таңда қоғамда «балаға тек мұғалім жауапты», «балаға тек жақсы баға қою керек» деген теріс пікір қалыптасқан. Сондай-ақ, педагогтің құқығы заң аясында қорғалатын тұсын да ерекше қабылдадым. Бәрімізге белгілі, теледидардан мұғалімді соққыға жыққан оқиғалалар да көрсетілді. Міне, осы заңның арқасында қоғамда осындай келеңсіз, орынсыз жайттар енді кездеспейтін шығар деген үміттемін.
Бәсекеге қабілетті, заманауи, білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Еңбектің еленгені қашанда адамды қуантады. Ұстаздар қауымының қоғамда мәртебесі артып, мерейі үстем болса, нұр үстіне нұр болмақ.
Дина Қырғызбаева,
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары