Basty bet
Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі – ел дамуының басты алғышарты
Заң мен тәртіпті қатаң сақтау арқылы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қауіпсіз мемлекет құру мәселесі ел дамуындағы маңызды міндеттердің бірі екені белгілі. Әділетті әрі құқықтық мемлекет құру үшін тәртіпке бағынып, заңдылықты сақтау – бұлжымас қағида.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өткені де қоғамда заң мен тәртіп қағидатын терең орнықтырып, әділетті мемлекет құруға бағытталған маңызды қадам екенін жақсы білеміз.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекесі. Қоғам тыныштығын күзетумен бірге, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан тәртіп сақшыларының ел дамуы жолындағы еңбегі ерен. Өткен аптаның сенбі күні Полиция күніне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде мерекелік жиын ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында тер төгіп, аянбай еңбек етіп жүрген құқық қорғау органының қызметкерлері, сонымен қатар, полицияның ардагерлері, т.б. шақырылды.
Мерекелік жиында алғаш болып құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза Жуалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы жауапты еңбегі мен мемлекет алдындағы жауапкершілігіне жоғары баға берді. Сондай-ақ, қызметтік міндетін адал атқарып жүрген бірқатар үздік қызметкерге аудан әкімінің Алғысхаты мен Құрмет грамоталары салтанатты жағдайда табысталды.
– Құрметті полиция қызметкерлері және құқық қорғау саласының ардагерлері!
Сіздерді Қазақстан полициясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына көрсетілетін зор құрмет пен жоғары сенімнің айқын көрінісі.
Полиция қызметі – батылдық пен табандылықты, адалдық пен кәсібилікті талап ететін аса жауапты мамандық. Бүгінде елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналып отырғаны белгілі. Осынау маңызды міндетті жүзеге асыруда полиция қызметкерлерінің рөлі ерекше. Себебі қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – ел дамуының басты кепілі.
Ауданда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмыспен күрес, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, азаматтардың заңды құқығы мен мүдделерін қорғау бағытында нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл жетістіктердің барлығы – полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен адал еңбегінің жемісі.
Қадірлі тәртіп сақшылары! Сіздер халықтың сенімі мен мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау жолында жауапты міндет атқарып келесіздер. Қай кезде де заңдылық пен әділеттіліктің сақшысы болып, ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті бола берсін,- деп атап өтті Жалғас Әлижанұлы.
Тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтап, ол полиция қызметкерлерінің ел дамуы жолындағы еңбегіне тоқталып, халық пен қоғам алдындағы жауапкершілігін де атап өтті. Бірқатар сала қызметкеріне Жуалы ауданының Құрмет грамотасы және мәслихаттың Алғысхаты берілді.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекесіне арналған жиында аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков және аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету жолында қажырлы еңбек етіп, жоғары жауапкершілікпен қызмет атқарып келе жатқан полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы елдің дамуы мен туған өңірдің гүлденуіне қосылған сүбелі үлес екенін ерекше атап өтіп, сала қызметкерлерінің бір тобына марапат табыстады.
Мерекелік жиында полиция қызметкерлерінің отбасына көрсетілген қолдаудың белгісі ретінде сала мамандарының жұбайларына гүл шоқтары тарту етіліп, сонымен бірге, қызметтік міндетін атқару барысында ауыр жарақат алып, соның салдарынан қайтыс болған бұрынғы полиция қызметкері, Шақпақата ауылының түлегі Бекжан Тіленшиевтің жарқын бейнесі еске алынып, аудандық полиция бөлімінің атынан марқұмның Анасына сахна төрінде сый-құрмет көрсетілді.
Айта кету керек, жиында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рақымғазы Құниязов «Ішімдіксіз ауыл» жобасының аясында тұрғындарды имандылыққа үндеп, азаматтарды саламатты өмір салтын ұстануға және қоғамдық тәртіпті сақтау туралы үндеу жариялады.
Мерекелік іс-шарада полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметі мен жетістігі сахналық қойылым және рухты әндер арқалы насихатталып, сала ардагерлеріне де сый-құрмет көрсетілді.