Basty bet
«TOPJARGAN» – сапалы білім мен шығармашылықтың тоғысқан орталығы
Білім – ұлттың ең үлкен байлығы. Ал сол білімнің сапасын арттыруда қосымша білім беру ұйымдарының атқаратын қызметі бүгінде ерекше маңызға ие. Қазіргі қоғам баладан тек мектеп бағдарламасын меңгеруді ғана емес, жан-жақты дамуды, шығармашылық қабілетін шыңдауды, бірнеше тіл меңгеруді, сыни ойлауды, цифрлық сауаттылықты және өмірлік дағдыларды талап етеді. Осындай талаптардың орындалуына ықпал ететін негізгі алаңдардың бірі – қосымша білім беру орталықтары.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі жастардың алған білімінің едәуір бөлігі бейресми білім беру жүйесінде қалыптасады. Сарапшылар адамның өмірлік дағдыларының басым бөлігі мектептен тыс ортада дамитынын айтады. Сондықтан бүгінгі күні қосымша білім беру – негізгі білімнің жалғасы ғана емес, тұлғаның толыққанды қалыптасуына ықпал ететін маңызды жүйеге айналды.
Еліміздің мемлекеттік білім беру саясаты да осы бағытқа ерекше көңіл бөліп келеді. Қосымша білім беру ұйымдары балалардың пәндік білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, кәсіби бағдар беруге, әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Ауданда қосымша білім беру жүйесінің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан орталықтың негізін жеке кәсіпкер Нүрила Мәлібекова қалады. Бүгінде өңір тұрғындарына жақсы таныс бұл білім ошағының қалыптасу жолы оңай болған жоқ. Кезінде алғашқы қадамын енді ғана жасап, жұмысын бастаған орталық бүгінде аудан көлеміндегі сұранысқа ие білім және шығармашылық орталықтарының біріне айналып отыр. Оның жыл сайын дамып, материалдық-техникалық базасының нығайып, қызмет ауқымының кеңейіп келе жатқанын аудан тұрғындары жақсы біледі.
Алғашында аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында “Nurai Plaza” орталығында “Білімді ұрпақ” атауымен қосымша білім беру үйірмелері ашылды. Дәл осы жерде аудандағы алғашқы жүйелі қосымша білім беру жұмыстары қолға алынды. Бұл бастама сол кезеңде көптеген ата-ананың сұранысына жауап беріп, балалардың мектептен тыс уақытта білімін толықтырып, жеке қабілеттерін дамытуына мүмкіндік жасады.
Бұл бастаманың тууына Нүрила Мәлібекованың ұзақ жылдар ұстаздық қызметте жинаған тәжірибесі себеп болды.
– «Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда ұзақ жыл мұғалім болып еңбек еттім. Сабақтың небәрі 45 минуты ішінде әр оқушыға жеке көңіл бөліп, білімді толық меңгерту оңай емес. Әр баланың қабылдау қабілеті әртүрлі. Біріне қосымша түсіндіру қажет болса, енді бірі күрделірек тапсырма орындауға дайын болады. Сол кезде ауданымызда қосымша білім беретін орталықтың жоқтығы қатты сезілді. Сондықтан тәуекелге бел буып, “Nurai Plaza” орталығынан “Білімді ұрпақ” қосымша білім беру үйірмелерін аштық», – дейді кәсіпкер.
Орталықтың алғашқы шәкірттері мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері мен бастауыш сынып оқушылары болды. Олардың мектеп бағдарламасын жеңіл меңгеруі, оқу дағдыларын қалыптастыру, пәндерге деген қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Уақыт өте келе оқушылар саны көбейіп, жоғары сыныптарға арналған қосымша сабақтар ұйымдастырылды. Әсіресе, 11-сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге сапалы дайындау орталық жұмысының маңызды бағытына айналды. Бұл жұмыстар ұстаздар ұжымы үшін де мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.
Қосымша білімге деген сұраныстың артуына байланысты орталықтың қызметі аудан орталығымен ғана шектелмей, ауылдық елді мекендерге де тарады. Мәселен, Нұрлыкент ауылында орталықтың филиалы ашылып, ауыл балаларының өз елді мекенінде сапалы қосымша білім алуына жағдай жасалды. Соның нәтижесінде көптеген ата-ана балаларын аудан орталығына тасымай-ақ, өз ауылында білімін толықтыруға мүмкіндік алған болатын.
Орталықта біліммен қатар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Алғашқы шығармашылық үйірмелер ашылып, өнерге бейімі бар балалар анықтала бастады. Олар аудандық, облыстық, республикалық мәдени іс-шараларға қатысып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Бұл жетістіктердің барлығы – бір мақсатқа жұмылған ұжымның жүйелі еңбегі мен кәсіби ізденісінің жемісі.
Жинақталған тәжірибе, ата-ананың сенімі және білімге деген сұраныстың артуы кәсіпкерді жаңа белеске жетеледі. Осылайша «Білімді ұрпақ» негізінде қызметін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерген «Topjargan»білім беру және шығармашылық орталығы ашылды.
Бүгінде орталық тек қосымша білім берумен ғана шектелмейді. Мұнда 1–11 сынып оқушылары негізгі пәндер бойынша білімін жетілдірсе, 4–17 жас аралығындағы балалар эстрадалық вокал, ұлттық және заманауи би, көркем сурет пен кескіндеме үйірмелерінде шығармашылық қабілеттерін дамытып келеді. Әр баланың қызығушылығы мен бейіміне қарай бағыт таңдауына толық мүмкіндік жасалған.
Бүгінде «Topjargan» білім беру және шығармашылық орталығы аудан көлеміндегі ең ірі қосымша білім беру ұйымдарының біріне айналды. Орталық үш негізгі бағытта жұмыс жүргізеді, яғни, қосымша білім беру, шығармашылық үйірмелер және кәсіптік оқыту.
Қосымша білім беру бөлімінде бастауыш сынып оқушыларына ана тілі, математика, орыс тілі және ағылшын тілі пәндері оқытылады. Сабақтарда арнайы бір ғана бағдарламаға сүйеніп қалмай, дәстүрлі оқыту әдістемесі негізінде әр баланың білім деңгейіне қарай жеке жұмыстар жүргізіледі. Әр оқушының қабылдау ерекшелігі ескеріліп, жеке тәсіл қолданылады. Мұндай әдіс балалардың өзіне деген сенімін арттырып, білім сапасының жоғарылауына ықпал етеді.
Мектепалды даярлық топтарына келетін бүлдіршіндердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Көптеген ата-ана балаларын мектепке дейін осы орталықта дайындап, кейін бастауыш сыныпқа өткен соң да білімін жалғастырады. Бұл – ата-аналардың орталықтың жұмысына деген сенімінің айқын көрінісі.
Орталықта біліммен қатар шығармашылыққа ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, шығармашылық – баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Орталықта эстрадалық вокал, ұлттық және эстрадалық би, көркем сурет пен кескіндеме үйірмелері жұмыс істейді. Хореография үйірмесінің тәрбиеленушілері республиканың түрлі қалаларында ұйымдастырылатын байқауларда үнемі Бас жүлде мен І орындарды иеленіп келеді. Бұл – кәсіби мамандардың еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар, өзге де шығармашылық үйірмелердің өнерлі балалары өздерінің бойындағы өнерін шыңдап қана қоймай, үлкен сахнада өздерін дамытуда. Қазіргі таңда шығармашылық үйірмелерге қатысуға ниетті 150-ге жуық бала кезекте тұр. Бұл орталықтың аудан тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Орталықтың тағы бір маңызды бағыты – кәсіптік оқыту. Бұл жұмыстар аудандық Мансап орталығымен бірлесіп ұйымдастырылады. Үш айлық курстарда азаматтар аспаз, шаштараз, массажист, наубайшы, кондитер және тігінші мамандықтарын меңгереді. Курсты аяқтаған көптеген тұрғын жұмысқа орналасып немесе жеке кәсібін бастап, табыс табуда. Бұл – қосымша білім берудің тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де өмір сапасын жақсартатын маңызды әлеуметтік жоба екенін дәлелдейді.
Ұжым – жетістіктің басты кепілі. Бүгінде орталықта жиырмаға жуық маман еңбек етеді. Ұжымның негізін тәжірибелі педагогтер құрайды. Олардың қатарында №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның жоғары санатты мұғалімдері қосымша қызмет атқарады. Сонымен бірге жыл сайын «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жас мамандар жұмысқа қабылданып, кәсіби тәжірибе жинақтайды. Бұл – жастарды қолдаудың әрі білікті кадрлар даярлаудың тиімді жолы екені белгілі.
Шығармашылық бағыттағы жұмыстарды өз ісінің мамандары жүргізеді. Хореографиядан Эльмира Жаманқұлова, Ақбота Медеш, Индира Ералиева, вокалдан Ақбота Қалман мен Гүлнәр Сәрсенбекова, көркем сурет пен кескіндемеден Эльвира Үсібалиева балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда аянбай еңбек етіп келеді.
Бүгінде білім беру ұйымының жұмысын әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес. Сондықтан орталық қызметінде SMM маманының еңбегі ерекше орын алады. Қазіргі таңда ата-аналардың басым бөлігі білім беру ұйымы туралы ақпаратты Instagram, Facebook, TikTok және басқа да әлеуметтік желілер арқылы алады. Сол себепті әр сабақтың өту барысы, оқушылардың жетістігі, түрлі іс-шаралар, шығармашылық жұмыстар мен байқаулардағы нәтижелер тұрақты түрде жарияланып отырады.
Бұл жұмыстарды жүргізу арнайы білімді, креативті ойлайтын және цифрлық технологияларды меңгерген SMM маманын талап етеді. Сондықтан бүгінгі таңда SMM – кез келген білім беру ұйымының дамуына үлес қосатын жаңа әрі сұранысқа ие мамандықтардың біріне айналды.
Орталық ұжымы үшін ең басты марапат – ата-аналардың сенімі мен ризашылығы. Сегіз жыл ішінде көптеген бала осы орталықтан білім алып, шығармашылық қабілетін дамытты.
– Бүгінде аудан тұрғындарының орталыққа деген көзқарасы жақсы. Мұнда қаншама бала келіп, қосымша білім алуда. Бастысы, мұғалім бен оқушының шығармашылық бірлестігі ата-аналар тарапынан жоғары бағалануда. Жалпы оқушылардың қабілетін ашып, дамытуға жан-жақты жағдай жасағанда ғана мақсатқа қол жеткізуге болады. Ол үшін бірінші шығармашылыққа бет бұрған оқушының отбасымен қосымша білім беру педагогының тығыз байланысы, ынтымақтастығы бірінші орынға шығады. Өйткені, шығармашыл тұлғаның қалыптасуына педагогпен қатар отбасының әсері жоғары. Егер отбасы дарынды баланы толық қолдамаса, онда баланың шығармашылық қабілеті шыңдалмайды.
Баланың шығармашылық жетекшісі балаға жақсы білім бергенімен, отбасындағы қолдау шешуші рөл атқарады. Сондықтан шығармашылық орталық оқушымен жақсы нәтижеге жетуі үшін оның отбасымен байланысын үзбеуі керек. Байланыстың дұрыс жолға қойылуы педагог пен ата-ананың ынтымағында. Сондықтан да орталықта ата-аналармен байланыс жүйелі, жоспарлы түрде жүргізіледі. Балалардың қауіпсіздігі және уақтылы сабаққа келуі үшін үнемі ата-анамен кері байланыс орнатылады,- дейді орталық басшысы Нүрила Эдиханқызы.
Алдағы уақытта «Topjargan» білім беру және шығармашылық орталығы өз жұмысын одан әрі кеңейтуді мақсат етеді. Қосымша білім беру сапасын арттырумен қатар, шығармашылық үйірмелердің мүмкіндігін кеңейтіп, кәсіптік оқыту бағытын дамыту жоспарланған.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деген сөзі бар. Осы ұстанымды басшылыққа алған бұл орталық білім мен тәрбиені, өнер мен кәсіпті ұштастырып, ел болашағы – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына өз үлесін қоса береді деп сенеміз!