Basty bet

Ұлы тұлғаға тағзым – ұрпақ міндеті

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Аудан орталығындағы білімді ұрпақ тәрбиелеп отырған білім ошағының бірі №19 Дінмұхамед Қонаевтың есімін иеленген мектеп-гимназияда мектеп ұжымы тау тұлғаның туған күнін салтанатты жағдайда атап өтті. Педагогикалық ұжым ең алдымен спортзалда салтанатты лездеме ұйымдастырды. Мерекелік шараға ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев, Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары мен мұғалімдері қатысты.

Шара мектеп оқушысы Сабыржан Ормаханның орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнімен ашылды.
«Қарты бар ел – қазыналы» демекші, аталған мектеп ұстаздары осында ұзақ жыл бойы басшылық еткен, ұлы тұлғаның есімі мектепке берілуіне сүбелі үлесін қосқан азаматқа үнемі құрмет көрсетіп отырады. Бұл жолы да дәл сол үрдіспен қарияны ардақтап, алғашқы құттықтау сөзді ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебековке берді. Қадірменді қария өз сөзінде Д.Қонаевтың халық тарихындағы қайталанбас тұлға екенін, оның ел дамуына қосқан үлесін баса айтты. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің есімімен аталатын мектепте білім алып жатқан оқушыларға ұлы тұлғаның атына лайықты болуды айтып, аталық ақ тілегін білдірді.
Келесі кезекте сөз алған Дәулетжан Жамалбекұлы, Кемелбек Дәуренұлы көпшілікті айтулы күнмен құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
Лездемеде Д.Қонаевтың туған күніне орай өткізілген «Димаш ата өмірі – бәрімізге өнеге» атты эссе, сурет салу, қолөнер байқауларының жеңімпаздары марапатталып, бірқатар оқушыларға арнайы Дипломдар табысталды.
Шара мектеп фойесінде орналасқан аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен дайындалған көрмені тамашалаумен жалғасын тапты. Көрмеге жаңадан қойылған дүниелерді музейдің қызметкерлері ардагерлер мен оқушыларға таныстырып, шолу жасады. Сонымен қатар, мектеп фойесінде мектеп ұжымы «ХХ ғасырдың саңлағы – Дінмұхамед Қонаев» атты кітап көрмесін дайындаған екен. Ал, мектеп психологтары «Тілектер ағашы» атты бұрыш жасап, көпшіліктің ізгі тілектерін жинады.
Одан кейін шараға қатысушылар мектеп ғимаратының алдындағы Д.Қонаевтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, ұлы тұлғаның рухына тағзым жасады.
Жан-жақты сараланып ұйымдастырылған шара мектептің акт залында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Көшкінбаева ұйымдастырған кешке ұласты.
-ХХ ғасырдағы қазақтың кемеңгер ұлы, өз заманының заңғар саясаткері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев Советтік Қазақстанды ширек ғасыр басқарды. Ол көзі тірісінде-ақ ерен еңбегінің арқасында халық көсеміне айналып үлгерді. Күллі қауымның «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ оған деген зор ықыластың бар екенін, көпшіліктің арқа сүйегенін аңғаруға болады. Қонаев атамыздай ұлы тұлғаның үлгілі ісі мен әрекеті халықтың рухын асқақтатуға қызмет етеді, – деп Жанна Көшкінбаева кезекті 9 сынып оқушыларына берді.
Оқушылар аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің 12 жақсы қасиетін саралап айтып, ұлы тұлғаға тағзым жасау ұрпақтың міндеті екені туралы ой түйді.
Дүние жүзіне әйгілі болған Д.Қонаев жайлы жазылған естеліктер мен қалам тартқан ақындардың арнау өлеңдері өте көп. Солардың бірі көрнекті ақын Рафаэль Ниязбек «Кемеңгер» деп аталатын өлең-романында 300 өлеңді Қонаевтың қилы өмір жолына арнаған. Осы орайда, оқушылар ақынның «Әлемдегі жетінші ұлы» және «Дүние жалған» атты арнау өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Әдеби кеште сөз алған ардагер ұстаздар тағылымы мол өнегелі әңгімелерін айтып, көпшілікке рухани азық сыйлады. Ардақты қариялардың бірі Әбілқасым Ергебеков мектепке Д.Қонаевтың есімі қалай берілгендігі туралы әңгімелеп берсе, Дәулетжан Жамалбекұлы тарихи тың деректермен бөлісіп, жыр жолдарын оқыды. Ал, мектеп-гимназияның директоры Гүлнар Мұсаханова көпшілікті мерекемен құттықтай келе, бұл күнді алдағы уақытта Д.Қонаевтың туған күнімен қатар «Гимназия» күні деп атап өтетінін айтты. Сонымен қатар, оқушылар да оқуда озат, тәрбиелі болатынына уәделерін берді.

Таңдаулы материалдар

Close