Basty bet
Жуалы – батырлар мен генералдардың елі
Ауданның аумағы Құлан, Боралдай және Қошқарата таулы бөктерлерінің етегі бойымен көсіліп жатыр. Теріскейінде сұлудың айнасындай жарқырап Билікөл көлі көсіліп жатыр. Жуалыны бағзы замандардан мың бұлақтар мен батырлар өлкесі деп атайды. Осы қасиетті жердің қойнауынан ең таза бастау суы атқылап шығып жатады. Бұл жерде рухы күшті адамдар ғана дүниеге келеді.
Жуалының адам қолы әлі тимеген тұмса табиғатымен де даңқы шыққан. Мұнда бірегей Көксай тау шатқалы, Батыс Тянь-Шань тауының сілемдері, Қазақстандағы ең ежелгі республикалық «Ақсу-Жабағылы» табиғи қорығы бар. Аталған қорық Орталық Азияда алғаш ЮНЕСКО-ның биосфералық қорығы мәртебесін иеленгенін өте жақсы білеміз.
Билікөл өңіріндегі әйгілі Берікқара шатқалы қызғалдақтардың әлемдік отаны болып ресми түрде танылғаны белгілі. Олар Голландияға дәл осы арадан барған. Мұндағы табиғаттың сұлулығын 1 300 жыл бұрын, VІІ ғасырда Орталық Азияда, соның ішінде Жуалы аумағында саяхаттаған Қытайдың буддашы монахы Сюань-Цзян сипаттап берген. Өз күнделіктерінде ол өлке табиғатының таңғажайып сұлулығы мен байлығын атап көрсеткен. Сюань-Цзян: «Мұндағы бастау-бұлақтардың көптігінен тіптен адам аяғын алып жүргісіз» деп, өлкенің Мыңбұлақ атауын шындығында растай түскен.
Бағзы замандарда бұл тұстан Ұлы Жібек жолының керуен соқпақтары өтетін болған. Керуеншілер Жуалыда ат шалдырып, ұзақ және ауыр жолдан кейін күшін таза бұлақ суымен және тау баурайының саф ауасымен, дәмді нанымен, сүтімен және етімен қалпына келтіретін болған. Иісі бұрқыраған дәмді әрі пайдалы қымызды Жуалыдан басқа еш жерден таба алмайсың.
Жуалы ауданы «Жамбылдағы кіші Сібір» деп те аталады. Қыс мезгілінде жерді қалың қар басып, қатты боран мен бұрқасын жиі тұрады. Даңқты жерлесіміз, қолбасшы Бауыржан Момышұлы міне, осындай тамаша Отаны, кіндік қаны тамған қасиетті туған жерінің еркін рухы мен бостандығы үшін шайқасып, артынан қалың қолды ерте білген.
Жуалы-Мыңбұлақ өлкесі – бұл даңқты қолбасшы, ұлт мақтанышына айналған аңыз тұлға Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған киелі жер. Соғыс жылдары майданға кеткен жуалылықтардың бесеуі «Кеңес Одағының Батыры» атанды. Көптеген жерлестеріміз шайқастарда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ең жоғарғы мемлекеттік наградаларға ие болды. Жуалылықтар – Бауыржан Момышұлы, В.М.Вишневецкий, Д.С.Кавешников, Д.Ф.Пахомов «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. Ал, тағы бір ержүрек жерлесіміз Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Екі жуалылық жауынгер Төрен Сейтаев пен Ипполит Шаповалов 1945 жылғы маусымда Мәскеудегі Қызыл Алаңда өткен Жеңіс парадына қатысты.
Үш мыңнан астам жуалылық майдан даласына аттанып, олардың жартысына жуығы шайқас алаңдарында мерт болды. Көптеген жерлестеріміз Мәскеуден Балтық жағалауы мен Еуропа елдеріне дейін соғыстың ауыр соқпақтарымен жүріп өтіп, Жеңіске елеулі үлес қосты. Олардың есімі тарихта мәңгіге жазылып қалды.
Жамбыл облысының Жуалы ауданынан майданға мыңдаған сарбаз аттанды. Ауданның ең даңқты тумасы Панфилов дивизиясының аты аңызға айналған қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, сонымен бірге Жуалы ауданынан майданда қиян-кескі шайқасқа қатысқандар – Н.А.Одаренко, В.М.Штепенка, Ш.Ақжолов, Ж.Медетов, Н.М.Лебединский, Т.Сейтаев, Көбен Тіленшиев. Балтық майданында окоптан жауға қарсы аттанар алдында Көбен Тіленшиев пен бірнеше сарбаз партия мүшелігіне қабылданып, партия билеттері берілді. Полктың саяси жетекшісі тура окопта олардан әскери және партиялық ант қабылдаған. Көбен Тіленшиев бұл оқиғаны бізге 1980 жылы ұжымның партия жиналысында айтып берген еді.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің соғыстан кейінгі қызметі даңқты еңбек жолына ұласты. Бейбіт кезеңдегі еңбек негізінен халық шаруашылығын қалпына келтірумен және агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен тығыз байланысты болды. Майдангерлердің көпшілігі колхоздар мен совхоздарда, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік басқару және құқықтық тәртіпті сақтау салаларында адал еңбек етті.
Соғыстан кейінгі жылдары жуалылықтар ерліктерін бейбіт еңбекте паш етті – Әбден Рысбеков, Мүсірепбек Бектаев, Медет Таржанов, Антонина Павловна Манченко «Социалистік Еңбек Ерлері» атанды. Еңбеккерлердің көпшілігі Үкіметтің ең жоғарғы наградаларына ие болды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған – Затыбек Елшібаев, Жандаркүл Сүлейменова, Аяпберген Мұратов, Валентина Ивановна Беспалова, Есенаман Шыршықбаев, Тұрғынәлі Жүзбаев, сондай-ақ атақты шопан Ахият Мисерханов өз жерлестерінің арасынан жастар үшін мәңгілік еңбектің үлгісіне айналды. Ахият Мисерханов Ленин орденімен екі мәрте наградталды.
Жұлдызы биік Жуалы ауданы генералдар ұстаханасы деп аталады. Осынау шағын ауданнан халыққа танымал генералдар – Тәттібай Дүйсебаев, Тілепалды Ыбыраев, Бақытжан Ертаев, Есен Демесінұлы, Сейітжан Қойбақов, Диханбек Сатылғанов, Ғабит Миразов пен Қуанышбек Үштаев, Қайсар Сұлтанбаев, т.б. шықты. Бұл тізімді жақында тағы да бірнеше генерал толықтырды. Жуалы ауданында барлығы 14 генерал бар. Олардың барлығы аудан халқының мақтанышы болып есептеледі.
Жуалы – жотасын жел сүйген айбарлы да асқақ Алатаудың қарлы шыңдары секілді бүгілмейтін ерік-жігердің жоғары рухты өлкесі. Бұл киелі топырақ көптеген Батырлар мен Отан қорғаушыларды бесігінде тербетіп, үлкен өмірге жолдама берген. Жуалы ауданын шындығында батырлар мен генералдар елі деп бекер атамайды. Бұл өлкенің даңқы Отан қорғаған және мәдениеттің, ғылым мен мемлекеттіліктің дамуына баға жетпес үлес қосқан көрнекті тұлғалардың отаны ретінде де биікке өрлей береді.
Жуалы жері – бұл табиғи сұлулығымен дараланған, Қазақстанға ондаған көрнекті тұлғаларды сыйға тартқан ерекше өлке, қасиетті өңір! Жұлдызы биік өлкенің даңқы мәңгілік жасай берсін! Менің киелі өлкем – Жуалы!
Шәкіржан МАМАДЖАНОВ,
еңбек ардагері.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы және Құрметті ардагері.
Жамбыл облысының
Құрметті ардагері