Basty bet

Тазалық – әр үйден, әрбір көшеден басталады

жуалылықтар жалпыхалықтық сенбілікке белсене қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен 2024 жылы қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы жоспарлы іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірінде жүйелі түрде жалғасып, аталған науқан жаңаша сипат алып келе жатқаны белгілі.

Президент: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деп атап өткені белгілі.
Осынау маңызы зор бастаманы іске асырудағы басты мақсат – елдегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен қатар, азаматтардың экологиялық жауапкершілікті ойлауын қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау, отансүйгіштік, табиғатты аялау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мен оған тұрақты қамқорлық мәселелеріне қоғамның тұрақты қатысуын арттыру екені түсінікті.
Өткен аптада аудан орталығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, аудан аумағында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Экологиялық іс-шараның барысында аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы бірқатар көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар мен демалыс аумақтары қоқыстан тазартылып, айнала біршама абаттандырылды. Атап айтқанда, сенбілікте елдімекеннің көшелері, қоғамдық орындар, саябақтар, балалар ойын алаңдары мен әлеуметтік нысандардың айналасы күл-қоқыстан тазартылып, жол жиектері де ретке келтірілді. Сонымен қатар, көше бойындағы арық-атыздар тазаланып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Аталған игі шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және туған жердің көркеюіне әр азаматтың үлес қосуына мүмкіндік жасау.
Тазалық жұмыстарына өңірге қарасты – Б.Момышұлы ауылының және ауылдық округтің тұрғындары, аудандағы мекеме қызметкерлері, белсенді жастар, еріктілер және белсене қатысып, туған өңірдің тазалығына үлес қосып, ортақ жауапкершілік танытты. Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғап, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру және жастардың бойына патриоттық құндылықтарды кеңінен сіңіру екенін айта кеткен жөн.
Таза қоршаған орта – халық денсаулығы мен болашақ ұрпақтың жарқын өмірінің кепілі. Сондықтан, мұндай экологиялық бағыттағы іс-шаралар аудан тұрғындарының табиғатты аялауға деген көзқарасын нығайтып қана қоймай, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні анық…

Таңдаулы материалдар

Close