Basty bet

Жаңа оқу жылына дайындық барысы қалай?! Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қай деңгейде?!

аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесінде екі бірдей маңызды мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін ерекше атап өткені белгілі. Бұл маңызды құжат ел дамуында шешуші рөл атқаратын бірқатар жүйелі мәселелерді айқындады.
Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру мәселесін Мемлекет басшысы алғаш 2019 жылғы Жолдауында көтеріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын. Бұл идея «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағида аясында көрініс тапты. Жолдаудың сегізінші бағытындағы айтылған пікірлер де оған айқын дәлел.

Президент Жолдауында «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сү-ріп жатыр. Кейінгі 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбе-гейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді» деп атап өтті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік аппараттың халыққа бет бұруына ықпал жасап, елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан, мемлекет басқару ісінде сапалы өзгеріске бастаған маңызды идея болғанын анық көріп отырмыз. Президент бастамасымен қазір мемлекеттік аппараттың жұмысы ашық, әділ, адамға бағдарланған сипатта тұрақты жаңғыртылып жатыр. Президенттің бастамаларын сапалы жүзеге асырып, ел өңірлерінде мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы жергілікті атқарушы биліктің жұмысына тікелей байланысты екені анық. Ел дамуында маңызды орын алатын барлық саланың жұмысын жүйелеп, оны алға ілгерілету – атқарушы орган қызметкерлері жұмысының басты міндеті.
Апта басында аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдос Асабаевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі ұйымдастырылды. Аппарат кеңесінің отырысына аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, мекеме басшылары, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Аппарат кеңесінің күн тәртібінде бірінші мәселе – 2026-2027 жылғы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының барысы, екінші мәселе – алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қаралып, саланың жұмысына жауапты басшыларға нақты тапсырма жүктеліп, жиын қорытындысында тиісті шешімдер қабылданды.
Алғашқы мәселе бойынша Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева ауқымды баяндама жасады.
Бөлім басшысының баяндамасынан белгілі болғандай, 2026-2027 жаңа оқу жылына Жуалы ауданында барлығы – 79 білім беру мекемесі дайындық жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуде. Олардың арасында 40-ы мектеп болса, 34-і балабақша (26 мемлекеттік балабақша, 1 шағын орталық және 7 жекеменшік), 4 мектептен тыс мекеме (№1, №2, №4 Балалар өнер мектептері және 1 Аула клубы), 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар.
Балаларды 1 сыныпқа қабылдау бағытында да аудан көлемінде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстанда балаларды 1-сыныпқа қабылдау үдерісі мен оны автоматтандыру ҚР «Білім туралы» Заңына, ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына және ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығымен бекітілген «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына» негізделеді. Бұл мемлекеттік қызмет «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және ақпараттық жүйелер арқылы толықтай автоматтандырылған.
Жамбыл облысы бойынша 2026-2027 оқу жылына 1-сыныпқа құжат қабылдау 10 маусым мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі. Өтініштер eGov.kz порталы немесе «OQU» ұлттық білім беру платформасы арқылы онлайн түрде, сондай-ақ, мектептерде қабылданады. 2026-2027 оқу жылына аудан бойынша 1-сыныпқа болжаммен – 1 039 бала қабылданады деп жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін аталған электронды платформа арқылы 910 бала мектепке қабылданып, жоспардың орындалуы – 87 пайызды құрап отыр.
Мектептерді тиісті оқулықтармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға келсек, 2025-2026 оқу жылының соңында білім бөліміне қарасты 39 мектептің барлығы «Е Таңдау» бойынша оқулықтарға таңдау жасады. «Е таңдау» бойынша – 10 050 дана оқулыққа тапсырыс беріліп, оқулықтың 97 пайызы алынып, мектептерге таратылуда.
– Білім алушыларға берілген әлеуметтік көмектер туралы айта кетсем, биыл әлеуметтік осал топтан шыққан – 2 553 оқушыға жалпыға міндетті білім беру қорынан әрбір балаға – 66 600 теңгеден жалпы сомасы – 170 млн теңгеден астам қаражат толықтай аударылды. Ал, дәстүрлі «Мектепке жол» акциясының аясында барлығы – 203 баланы мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ету жоспарланған. Соңғы мәліметке сәйкес, 64 бала мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Қалған балалар 30 тамызға дейін толықтай қамтамасыз етіледі.
Ауданның білім беру саласында білікті мамандарды жұмыспен қамту мәселесі де басты назарда. Аудан бойынша білім бөліміне қарасты 8 мекемеде бос басшы орны бар. Ағымдағы жылдың 19 тамызында жоғарыда аталған бос басшы лауазымдарына конкурс жарияланып, үміткерлер тарапынан облыстық білім басқармасына құжаттар тапсырылатын болады. 2026-2027 оқу жылында барлық білім мекемелерінен бос жұмыс орындары туралы ақпараттар жинақталып, бірыңғай база құрылды. Мектептердің ғимаратын алдағы жылыту маусымына дайындау бағытында да жұмыстар атқарылу үстінде. Білім бөліміне қарасты 39 мектептің 30 қазандығы және 26 балабақшаның 5 қазандығы сенімгерлік басқару аясында «Жуалы-Су» мекемесіне берілген. Жалпы саны – 35 нысанның қазандығына техникалық қызмет көрсетуді аталған мекеме жүзеге асырады. «Жуалы-Су» мекемесіне қарасты 30 мектептің 7-еуі қатты отынмен, 23-і табиғи газбен жылытылады. Жаңа оқу жылына жылыту маусымына қажетті қатты отынмен жылытылатын 7 мектепке – 1 560 тонна көмір сатып алынды.
Биыл аудандағы бірқатар мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу, жоспарға сәйкес бір мектепте күрделі жөндеу және төрт бірдей білім мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындыков атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын тараздық мердігер «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС өз міндетіне алып, қазір жөндеу жұмыстарын 80 пайызға аяқтап отыр. Сонымен бірге, Рысбек батыр ауылындағы №20 Жамбыл атындағы орта мектептің спорт залының еденіне, №26 Жаңаталап атындағы орта мектептің ішкі жылу жүйесіне және шатырына, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің ішкі жылу жүйесіне және №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің ішіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде,- деді Бахыт Рахымжанқызы.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдос Асабаев баяндамашыға бірнеше сұрақ қойып, ол өз сөзінде, Жамбыл облысында биыл өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде ауданның кейбір мектептерінде «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер бітіруші түлектердің арасында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан төмен бал алып, білім сапасынан төмен көрсеткіш көрсеткені жөнінде айтылғанын жеткізді. Сондықтан, аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің білім сапасына тұрақты түрде талдау жасалып, оқушылардың білім деңгейін арттыру мақсатында тиісті шешімдердің қабылдануы қажет екені баса айтылды. Сонымен қатар, жиын төрағасы А.Асабаев биыл ауданда күрделі жөндеу ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердегі құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылып, белгіленген мерзімнің ішінде (1 қыркүйекке дейін) аяқталуы қажет екенін де еске салды.
Кеңестің күн тәртібіндегі келесі мәселе – аудан тұрғындарының және мемлекеттік мекемелердің 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысы туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Айтбаев баяндама жасады. Бөлім басшысы алдағы жылыту маусымына аудандағы – 176 мүліктік нысанға жылу берілу жоспарланғанын айтып, оның ішінде, 140 нысанның табиғи газбен, 36 нысанның көмірмен жылытылатынын баяндады. Баяндамада айтылғандай, ауданда 41 автономды қазандық бар. Оның ішінде, қатты отынды пайдаланатын нысандарға – 2 267 тонна тас көмір түсіру жоспарланып, оның – 1 560 тоннасы түсірілген. Білім беретін нысандарға – 2 085 тонна, қазандық арқылы жылытылатын білім нысандарына – 1 560 тонна көмір түсіру жоспарланып, толық түсірілген.
Жеке тұрғын үйлерге келсек, Билікөл ауылдық округіне қарасты елдімекендерге тас көмірді пайдалануға сұраныс бар. Бүгінгі күнге осындағы – 314 ауланың 190-ы табиғи газға абонент ретінде тіркеліп, 120 тұрғын үй табиғи газды пайдалануда. Жылыту маусымына дайындық барысында бірқатар жұмыстар жоспарланған.
Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын атқаруда аудандық «Жуалы» газ шаруашылығы мекемесінің де айтарлықтай үлесі бар екенін айтқан жөн. Аудандағы газ құбырының жалпы ұзындығы – 557,676 шақырымды құрайды және жаз мезгілінде тұрғын үйлердің тәуліктік газ тұтыну көлемі – 11 100-12 000 кубты құраса, ал қыс мезгілінде – 140 000-150 000 кубты құрайды. Мекемеге қарасты аумақта 9 дана ГРП, ШГРП, 106 дана ШРП орналасқан. Айта кету керек, күн тәртібінде қаралған жылыту маусымына дайындық жұмыстарына сәйкес, аудандық газ шаруашылығы мекемесінің директоры Сағатбек Құлекеев қосымша баяндап, жұмыс барысындаа туындаған кейбір мәселелерді бірлесіп шешуді ұсынды.
Жиынның қорытындысында аппарат кеңесінің күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелерге байланысты жауаптыларға хаттамалық нақты тапсырмалар берілді. Кеңесті аудан әкімінің м.а. Айдос Асабаев қорытты.

Таңдаулы материалдар

Close