Basty bet
Ала допты аяғында ойнатқан Әбдірәсіл
Көпшілік Пеле, Марадона, Роналдо, Мессидің өмір жолы мен спорттағы жетістіктерін жақсы біледі. Олардың әлемдік футболдағы орны даусыз. Дегенмен әлемге әйгілі футболшылармен қатар, қазақ футболының абыройын асқақтатып жүрген отандастарымыз да аз емес. Солардың бірі – жуалылық жас спортшы Әбдірәсіл Әбдіманапұлы. Әбдірәсіл аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ол №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 9-сыныпқа дейін білім алып, кейін Жамбыл политехникалық колледжіне түсіп, «Бағдарламашы» мамандығын меңгерді. Алайда бала күнгі арманы оны спорттан алыстатпады.
Әбдірәсіл футболға 4-сыныптан бастап қызығады. Алғашқы жаттықтырушысы Самат Орманов оның бойындағы футболға деген қызығушылығын байқап, спорттың осы түріне баулиды. Мектептегі жазғы сауықтыру лагерінде жүрген кезінде орталық стадионға футбол ойнауға шақырылып, өзінен үш-төрт жас үлкен балалармен бірге жаттыға бастайды. Жасына қарамастан, шапшаңдығы мен шымырлығының арқасында алаңда өзіне сенімді ойын көрсетеді.
Анасы Айнагүл Ахмедбекова да ұлының футболға деген сүйіспеншілігін ерекше ықыласпен еске алады. Оның айтуынша, Әбдірәсіл сабақтан келе сала сөмкесін тастап, жаттығуға асығатын. Кешкісін үйге кеш оралса да, ертеңіне таңертең қайтадан жаттығуына кететін. Өзінен бірнеше жас үлкен ересектермен бірге жаттығуға барып, бірге футбол ойнайтын. Осындай табандылық пен еңбекқорлық жас спортшының кәсіби футболға қадам басуына жол ашты.
Футболмен қатар білімін де жалғастырған Әбдірәсіл Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық университетіне грантқа түсіп, таңдаған мамандығы бойынша білім алды. Студенттер лигасында ойнап, үздік шабуылшы атануы оның футболдағы қабілетін одан әрі таныта түсті.
Жас футболшының шеберлігіне көзі түскен мамандар оны «Монтажник» әуесқой футзал клубына шақырды. Ал, 2018 жылдың желтоқсан айында «Қайрат» футзал клубының академиясына қабылданып, жастар құрамасында өнер көрсетті. 17 жасында «Қайрат» клубының негізгі құрамасында қорғаушы ретінде алаңға шыққан Әбдірәсіл Қазақстан чемпионатында екі, Қазақстан кубогында екі матч өткізді. Кейін Рудный қаласының «Аят» клубына ауысып, бірнеше маусым бойы өнер көрсетті.
Жас спортшының ең елеулі жетістіктерінің бірі – 2022 жылы Қазақстан футзал чемпионатындағы ең үздік жас ойыншы атанып, Golden Boy жүлдесін иеленуі. Сонымен қатар, 2021–2022 жылдары «Аят» клубы сапында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 2023–2024 жылдары қола жүлдеге қол жеткізді. 2022 жылдың күзінде Әбдірәсіл футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының Черногорияға қарсы кездесуінде дебюттік голын соғып, ел намысын қорғаған жас ойыншылардың қатарынан көрінді. 2023 жылы ол «Семей» клубының сапына қосылып, қазіргі таңда осы командада өнер көрсетіп келеді.
Туған жеріне демалысқа келген Әбдірәсілмен кездесіп, оның алдағы жоспары мен арман-мақсаттары жайында сұхбаттасқан едік.
– Жылда ауылға келіп, жазғы демалысымды отбасымның қасында өткіземін. Биыл да сол дәстүрмен ата-анамның жанында шаруашылыққа қолғабыс етіп, ауылдың тіршілігіне атсалысудамын. Бұл менің ең керемет демалыс күндерім. Ал, спорт жолыма келер болсақ, «Семей» футбол клубында 20 мықты ойыншы бар. Солармен бірге жаттығып, тәжірибе алмасып, шеберлігімді шыңдап келемін. Алға қойған басты мақсатым – Чемпиондар лигасын жеңіп алу. Әрине, бұл мақсатқа жету үшін көп еңбек ету керек.
Спорттағы ең есте қалған ойындарымның бірі – Қазақстан мен Португалия құрамалары арасындағы кездесу. Стадионда 15 мыңға жуық жанкүйер болды. Олардың бізге қолдау көрсетіп, «Алға!» деп айқайлағанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл – ерекше сезім. Сол сәтте көзіме еріксіз жас келген еді.
Ал, Аргентинамен кездесуде жарақат алып, толыққанды ойнай алмадым. Әлем чемпионатында өзімді жүз пайыз көрсете алмадым. Соған қарамастан, дәрінің көмегімен алаңға шығып, ел намысы үшін барымды салдым. Осы патриоттық сезімімді жоғары бағалаған жанкүйерлердің бірі маған ерекше сыйлық жасаған еді. Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында да өзбек халқы бізге жанкүйер болып, Көк туымызды желбіретіп, рухымызды көтерді. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Ал, жеңіліп қалған сәтте қарындасымның жылағаны, ата-анам мен бауырларымның уайымдағаны да есімде. Мұндай сәттер спортшы үшін өте ауыр, – дейді Әбдірәсіл.
Спортшы үшін денсаулық пен тәртіптің маңызы зор. Әбдірәсіл де кәсіби спорттағы күнделікті дайындықтың талапқа сай жүргізілетінін айтады.
– Демалыстан кейін командамызбен дайындық жұмыстары басталады. Күніне екі рет жаттығу өткіземіз. Ерте тұрып, жаттығуға алып кететін көлікті күтемін. Бізбен денсаулығымызды бақылап, спортқа әрдайым дайын болуымызға көмектесетін түрлі мамандар жұмыс істейді. Клубымыз еуропалық стандарттарға сай, әлемдік деңгейдегі спортшыларды дайындайтындықтан, әр ойыншының денсаулығына ерекше мән беріледі.
Әр спортшының өз арманы болады. Сол арманға жету жолында әркім түрлі қиындықтардан өтеді. Спортшыға ең алдымен мықты мінез керек. Оған шыдамдылық пен табандылық, қиындыққа мойымайтын қайсарлық және жеңіске деген шексіз ұмтылыс қажет. Бүгінде біз бала кезімізде армандаған спортшы болдық. Ең бастысы – еңбегіміз адал болсын деп ойлаймын. Әр ойынға саналы түрде дайындалып, бар күшімізді саламыз. Бізге сенген жанкүйерлерге жеңіс сыйлау – басты мақсатымыз, – дейді ол.
Әбдірәсілдің айтуынша, қазіргі жастарға спортпен айналысуға мүмкіндік мол.
–Қазіргі таңда ауылдық жерлердің өзінде жастар арасында түрлі турнирлер ұйымдастырылады. Ал, біздің бала кезімізде мұндай жарыстар аз болатын. Кейде форманың өзі үстімізге үлкен болса да, соны киіп алып, алаңда доп қуалап, жеңіс үшін ойнай беретінбіз. Стадиондар да қазіргі жағдайдай емес еді. Қазір жастарға барлық жағдай жасалған. Сондықтан таланты мен талабы бар жас жерде қалмайды. Тек ерінбей еңбек етіп, алға қойған мақсатына жетуге ұмтылуы керек, – дейді футболшы.
Әбдірәсілдің жетістігі тек кәсіби спорттағы жеңістерімен шектелмейді. Ол туған жеріндегі жасөспірімдерге де қолдау көрсетіп, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға атсалысып келеді. Ол 2022 жылдан бастап туған жерінде жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өткізіп келеді. Бұл бастама өскелең ұрпақты спортқа баулып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етуде.
Ал, анасы ұлының үлкен спорттағы жетістікке жетуі оңай болмағанын айтады. Баласы бәйгеге шапқанда тақымын қысып отыратын ата-ана ұлының әр ойынын жібермей көреді. Стадионға барып, баласына әрдайым жанкүйер болады. Оның есінде Алматы қаласында Черногория құрамасымен өткен жолдастық кездесу ерекше сақталған. Баласының жеңіске деген жігерін көріп, оны мақтан тұтады. Ерекше сезімді бастан өткерген анасы ұлы үшін жанкүйер болған жандарды көрген сайын қуанады. Қазір ұлының елге танымал азамат атанып, елімізде футбол ойынының дамуына өз үлесін қосып жүргенін мақтанышпен айтады.
Қазақта «Үлгі болар ағаның ізін бас та, жолын қу, болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген тағылымды сөз бар. Әбдірәсіл Әбдіманапұлының спорттағы жетістігі мен туған жеріндегі жастарға жасап жүрген қолдауы – осы сөздің нақты көрінісі. Бала күнгі арманын мақсатқа айналдырып, кәсіби спорттың биігіне көтерілген жас спортшының жеңісті жолы әлі де жалғаса берері сөзсіз. Ең бастысы – ала допты аяғында ойнатқан Әбдірәсілдің жетістігі кейінгі жас буынға жігер беріп, олардың да үлкен армандарға ұмтылуына себеп болғай.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”