Basty bet

СҮТ КЛАСТЕРІНДЕГІ КӨШБАСШЫ КӘСІПОРЫН

«Бурное сүт компаниясы: табиғи өнім, заманауи өндіріс және сапа кепілі

Өнеркәсіп – кез келген мемлекеттің экономикасындағы маңызды салалардың бірі. Ол табиғи шикізатты өндірумен, оны өңдеумен, сондай-ақ, әртүрлі өнімдер мен энергия өндірумен айналысатын кәсіпорындар, зауыттар мен фабрикалардың жиынтығын қамтиды.
Өнеркәсіп елдің экономикалық дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және ғылыми-техникалық прогрестің өркендеуіне елеулі үлес қосады. Қазіргі таңда өнеркәсіптің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Жаһандану, цифрландыру және технологиялардың қарқынды дамуы өндіріс саласына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл өнім сапасын жақсартып қана қоймай, өндіріс шығындарын азайтып, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруда.
Сонымен қатар, өнеркәсіп елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Өндірісі дамыған мемлекеттер қажетті тауарларды өз ішінде шығарып, сыртқы нарыққа тәуелділікті азайта алады. Қазақстан үшін де өнеркәсіпті дамыту – экономиканы әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі бағыттарының бірі. Әсіресе, өңдеуші өнеркәсіптің дамуы шикізатты терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта өнеркәсіптің барлық салалары қарқынды дамып келеді. Соның ішінде сүт өңдеу өнеркәсібі ерекше орын алады. Бұл сала халықты күнделікті тұтынатын сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін маңызды өндіріс бағыттарының бірі саналады. Сүт өңдеу өнеркәсібі экономикада, ауыл шаруашылығында және жаһандық азық-түлік жүйесінде маңызды рөл атқарады. Заманауи жабдықтар мен озық технологияларды қолдану өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазіргі өндірістік жабдықтар қатаң санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға ықпал етіп, тұтынушыларға қауіпсіз әрі қоректік сүт өнімдерін ұсынуға жағдай жасайды.
Бүгінде цифрлық және автоматтандырылған технологияларды енгізу арқылы сүтті қабылдау, өңдеу, пастерлеу, қаптау және сақтау процестері жетілдірілді. Нәтижесінде, өндіріс шығындары азайып, өнімнің сақтау мерзімі ұзарып, сапасы тұрақты сақталады. Инновациялық технологиялар энергия мен су ресурстарын үнемдеуге, өндіріс қалдықтарын азайтуға және қоршаған ортаға келетін кері әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде ауданда 8 сүт өңдеу цехы жұмыс істейді. Олар негізінен шағын және орта кәсіпорындар санатына жатады. Бұл цехтар жергілікті фермерлер мен шаруа қожалықтарынан сүт қабылдап, оны өңдеу арқылы өңірдің ішкі нарығын түрлі сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Өндірістік қуаттары әртүрлі болғанымен, олардың барлығы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына өз үлесін қосуда. Жуалы ауданындағы сүт өңдеу кәсіпорындарының ішінде өндірістік қуаты, өнім ассортименті және нарықтағы орны жағынан ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Бурное сүт компаниясы» ЖШС. Кәсіпорын өңірдің сүт өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосып, тұрғындарды сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Ол жергілікті тұрғындар мен шаруа қожалықтарынан табиғи сүтті тұрақты түрде қабылдап, оны заманауи технологиялар арқылы өңдейді.
Мемлекеттік қолдау мен жаңа өндірістік жабдықтарды енгізудің нәтижесінде кәсіпорын өнім түрлерін жыл сайын кеңейтіп келеді. Қазіргі таңда ол пастерленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сары май және басқа да сүт өнімдерін өндіреді. Осылайша, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС отандық сапалы сүт өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етуде және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда маңызды рөл атқарып отыр. Жалпы, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС 1951 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Бурное ірімшік зауыты» кәсіпорнының негізінде құрылған. Жуалы ауданындағы бұл іргелі кәсіпорынды ел өңірлерінде білмейтіндер кемде кем. Өндіріс ошағының ішкі және сыртқы нарықта ойып алар өз орны бар. Кеңес Одағы тұсында дәмі тіл үйіретін сары ірімшігімен даңқы алысқа тараған кәсіпорын аз ғана іркілістен соң 2014 жылдың 22 мамырында мемлекеттік тіркеуден қайта өтіп, жұмысы жандана бастады. Мұнымен бірге аудандағы сүт өңдеу ісінің де тамырына қан жүгіре бастағаны анық.
Ауданда шаруалардан сүт қабылдап, сүт кластерін дамытуға үлес қосып отырған кәсіпорынның директоры, іскер азамат – Сыбанбай Арынов. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіпорынға – 6 181 209 кг сүт жеткізілген. Мұнда орта есеппен тәулігіне 34 тонна сүт қабылданады. Шикізат 45 шаруа қожалықтан, жеке кәсіпкерлер және тұрғындардан жеткізіледі. Сүт литріне 250 теңгеден қабылданады. Кәсіпорында айына шамамен 50 тонна қатты ірімшік өндіріледі.
Сүт өңдеу зауыты үшін негізгі шикізат – сүт. Өңірде шикі сүт тапшылығының бар екені белгілі. Осы жағдайды ескере отырып, өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы «Ырза-Сүт» компаниясынан зауытқа аптасына 80 тонна сүт жеткізіліп отыр. Бұл шикізат көлемі кәсіпорынның өндірістік қуатын сақтап, өнім шығаруды үздіксіз жүргізуге негіз болып отыр. Дегенмен Жуалы ауданының табиғи-климаттық жағдайы мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы екені белгілі. Шөбі шұрайлы жайылымдарда өсірілген ірі қара малдан алынатын сүт өзінің табиғилығымен, жоғары сапасымен және тағамдық құндылығымен ерекшеленеді. Сондықтан жергілікті өндірілген сүт сапасы жағынан жоғары бағаланып, зауыт үшін ең құнды шикізат көзі болып саналады.
«Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның экологиялық таза сүт өнімдер шығарудағы жетекші рөлі және тұрғындарды жұмыспен қамтудағы елеулі үлесі зор. Яғни, аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту арқылы өңірдегі жұмыссыздықтың алдын алуға үлкен үлес қосуда. Кәсіпорында – 117 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы – 178 000 теңгені құрайды. Өндіріс орны жаңа сүт өнімдерін әзірлеуге арналған заманауи жабдықтармен жабдықталған. Дайын өнімдерді қаптауға арналған арнайы тетрапакеттер мен полиэтилен қаптамалар Ресей және Қытай елдерінен жеткізіледі.
Отандық өнім нарыққа қолжетімді бағада өткерілуде. Зауыттың жанында ұзақ жылдан бері фирмалық дүкен жұмыс істеп келеді. Мұнда кәсіпорында өндірілген өнімдер ешқандай алыпсатарлардың араласуынсыз зауыттың өз бағасымен саудаланады. Қазір мұны ауданның тұрғындары жақсы біледі. Тұрғындар көбінде зауыт өнімдерін осы дүкеннен арнайы келіп сатып алуға тырысады. Сонымен қатар, өндірілген өнімдер Қазақстанның ірі мегаполситері Алматы, Астана, Шымкент және өзге де Тараз, Қызылорда, Байқоңыр, Қарағанды, Павлодар және Талдықорған қалаларына жеткізіледі. Сонымен қатар, зауыт өнімдері Ресей Федерациясына тұрақты түрде экспортталады.
Кәсіпорынның жоғары сапалы әрі табиғи өнімдері ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттырып келеді. Қазіргі уақытта кәсіпорын қатты ірімшіктердің бірнеше түрін, сары майды, қоюландырылған және ультрапастерленген сүтті өндіреді. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап өнім ассортименті кеңейтіліп, майлылығы 2,5 пайыз айран, майлылығы 3,2 пайыз сүт және құрт сияқты қышқыл сүт өнімдері шығарыла бастады. Кәсіпорын технологтары тұтынушылар сұранысына сәйкес өнім түрлерін жетілдіріп, жаңа өнімдерді өндіріске енгізу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде ассортимент алдын ала үгітілген қатты «Пармезан» және “Халуми” ірімшігімен толықтырылды.
Кәсіпорынның жоғары сапалы өнімдері мен отандық сүт өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі бірқатар беделді марапаттармен атап өтілді. «Бурненские» сауда белгісімен шығарылатын ірімшіктер 2014 және 2015 жылдары өткен WorldFood Kazakhstan халықаралық көрмесінде үздік өнім деп танылды. Сонымен қатар, кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесінде екінші орынға ие болды. 2019–2021 жылдар аралығында компания отандық өндірістегі жоғары көрсеткіштері мен тұрақты дамуы үшін «Сала көшбасшысы» атағына ие болды. Сондай-ақ, кәсіпорын жыл сайын ұлттық өнімдер байқауларына тұрақты түрде қатысып келеді. Атап айтқанда, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2025» көрмесінде «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС 2007 жылдың қазан айында облыстағы азық-түлік өндірісі саласында алғашқылардың бірі болып ISO 9001–Халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізді. Ал, 2008 жылдың қараша айында НАССР талаптарына сәйкес азық-түлік қауіпсіздігі менеджменті жүйесін енгізу толық аяқталды. Кәсіпорын сүт өңдеу өндірісіне қойылатын заманауи талаптар мен стандарттарға толық сәйкес келетін өндірістік базаға ие. 2007 жылы кәсіпорында өндірістік және қойма ғимараттарына күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде, тәулігіне 100 тоннадан астам сүт қабылдау мүмкіндігіне қол жеткізілді.
– «Бурное сүт компаниясы» – еліміздегі жетекші сүт өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың бірі саналады. Біздің өндірістің басты ерекшелігі – табиғи сапалы шикізатты пайдалану. Негізгі ұстанымымыз – әрбір табиғи, экологиялық таза өнім арқылы қазақстандықтардың денсаулығына үлес қосу. Сондықтан өндіріс барысында табиғилыққа, жоғары сапаға және тұтынушы алдындағы жауапкершілікке ерекше мән береміз. Өнімдеріміз артық қоспасыз, табиғи әрі сапалы түрде дайындалады.
Бүгінде кәсіпорын өндірістік қуатын қайта жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізу арқылы өнім сапасын арттыру, өнім ассортиментін кеңейту және экспорттық әлеуетін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Алдағы жоспарымыз – өнім түрлерін көбейтіп, сүт өңдеу көлемін ұлғайту. Алдағы уақытта айран, йогуртты сусындар, қаймақ және балқытылған ірімшік өндірісін іске қосып, тұтынушыларға жаңа өнім түрлерін ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры Сыбанбай Арынов.
Кәсіпорын – түрлі ұлт өкілдерінен құралған біртұтас ұжым. Мұнда өндіріс саласында мол тәжірибе жинақтаған, ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан білікті мамандар жұмыс атқарады. Әр қызметкер кәсіпорын өнімдерінің сапалы әрі жоғары талаптарға сай шығуына өз үлесін қосып келеді. Солардың қатарында технолог Юлия Талдыкина, сүт маманы Ерсұлтан Әбубәкіров және микробиолог Людмила Акафонова сияқты тәжірибелі мамандардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олардың кәсіби білімі мен жауапкершілігі өндіріс үдерісінің тұрақты жұмыс істеуіне және өнім сапасының сақталуына маңызды рөл атқарады.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close