Basty bet
Заң мен тәртіп: қауіпсіз ауыл – ортақ жауапкершілік
Қарасаз ауылдық округінің тұрғындарына құқықтық кеңес беріліп, заң талаптары кеңінен түсіндірілді
Заң мен тәртіпті қатаң сақтау, сол арқылы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қауіпсіз мемлекет құру мәселесі Қазақстан Республикасының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екені анық. Әділетті әрі құқықтық мемлекет құру үшін мұның барлығын сақтау ел дамуындағы негізгі міндеттердің бірі екені ақиқат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген Президенттің парасатты пайымы мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және қоғамда заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек болады. Президент ерекше атап өткендей, қоғамдағы маңызды құндылықтардың ең негізгісі – Заң және Тәртіп. Заңның алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида.
«Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында ел өңірлерінде құқықтық мәдениет пен заңға құрмет көрсету және заңдылықты қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынып, ұйымшылдықпен атқарылып келе жатқанын жақсы білеміз.
«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында апта ортасында ауданға қарасты Қарасаз ауылдық округінің орталығы Қарасаз ауылында «Заң мен тәртіп: Қауіпсіз ауыл – ортақ жауапкершілік» тақырыбында құқықтық жиын өтті. Қоғам дамуындағы маңызды жиында ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тұрғындардың ортақ жауапкершілігін күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтардан сақтану, есірткі мен нашақорлықтың зияны, жол қозғалысы қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігін сақтау, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Оған аудандық полиция бөлімінің, төтенше жағдайлар бөлімінің және отбасын қолдау орталығының жауапты мамандары, ауылдық округтің әкімі, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар шақырылды.
Құқықтық жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова кіріспе сөз сөйлеп ашты.
– Қазақстан Республикасының алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидаттары әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұрғаны белгілі. Ал бұл мақсат халықтың құқықтық санасының, құқықтық мәдениетінің, әлеуметтік және зияткерлік дамуының жоғары деңгейіне ие болған, өз таңдауын еркін қабылдаған және өз әрекеттері үшін дербес жауап беруге қабілетті болған кезде ғана орындалады.
Бұл ретте үш негізгі міндет – ұлттың құқықтың бәсекеге қабілеттілігін, заң үстемдігін және жоғары құқықтық мәдениетті қамтамасыз етуді іске асыруға ерекше назар аударылып отырғаны түсінікті. Осы тұрғыда халықтың құқықтық мәдениетін, мәселелерін бағалау мен оны тиімді шешудің жаңа тәсілдерін ұйымдастырудың маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, қоғам өкілдері арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды басты мақсат еткен топтың мүшелері бүгін Қарасаз ауылына келіп отыр. Ондағы мақсатымыз – ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесу, қауіпсіз ауыл қалыптастыру бағытында округ тұрғындарының ортақ жауапкершілігін күшейту, сонымен қатар, өңірде құқықбұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттеріне жол бермеу,- деді өз сөзінде Анар Садыққызы.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, ең бірінші кезекте аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің директоры Жәмила Қалымбетова «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – отбасы мен қоғамның ортақ міндеті!» тақырыбында ауқымды баяндама жасады.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық – адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қол сұғатын, отбасының берекесін бұзып, қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Сондықтан оны болдырмау – құқық қорғау органдарының ғана емес, мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының, денсаулық сақтау саласының, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап келеді. Осыған сәйкес, 2024 жылы «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заң күшіне еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша жауапкершілік күшейтілді. Бұрын әкімшілік жауапкершілік ретінде қарастырылған кейбір әрекеттер қайтадан қатаңдатылған қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері – отбасындағы жұмыссыздық, басқа да әлеуметтік қиындықтар, алкоголь мен есірткіге тәуелділік, азаматтар арасындағы құқықтық сауаттылықтың төмендігі, отбасындағы жанжалдар және агрессивті мінез-құлық. Алайда, қандай жағдай болсын, зорлық-зомбылық ешқашан ақталмайды. Зорлық-зомбылықтың ең ауыр зардабын көбінесе әйелдер мен балалар көреді. Психологиялық қысым көрген адамда қорқыныш, күйзеліс, өзіне деген сенімсіздік қалыптасады. Ал, отбасында зорлық-зомбылықты көріп өскен бала мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, болашақта сол әрекетті қайталау қаупі артады. Сондықтан, бұл мәселенің алдын алу – ұлт болашағына жасалған қамқорлық.
Жоғарыда аталған мәселелерді бірлесіп шешу мақсатында бүгінде ел өңірлерінде 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардың негізгі міңдеті – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға уақытша қауіпсіз орын ұсыну, психологиялық кеңес беру, заңгерлік көмек көрсету, әлеуметтік қызметтерге жолдау және өмірлік қиын жағдайдан шығуға қолдау көрсету. Өкінішке орай, көптеген әйелдер қорқыныш немесе ұят сезімімен көмекке жүгінбей жатады. Сондықтан әрбір тұрғын өз құқықтарын білуі қажет,- деді баяндамашы.
Айта кету керек, 2024 жылдың қазан айында ашылған ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «NuraiPlaza» бизнес орталығы ғимаратының екінші қабатында аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесі осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұруға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, орталық мамандары аудандық полиция бөлімі, білім бөлімімен, денсаулық сақтау ұйымдарымен, ауылдық округ әкімдіктерімен және басқа да мүдделі мекелермен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Биыл жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған – 18 іс-шара өткізілген.
Жиында Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мейірхан Әлімбеков сөз сөйлеп, ол жазғы кезеңде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, судағы қауіпсіздік шаралары, шомылу маусымы кезінде су айдындарында қауіпсіздік талаптарын барынша сақтау, балалардың қауіпсіздігі тақырыбында кеңінен әңгіме өрбітіп, кез келген салада қауіпсіздік талаптарын сақтамау – отбасыларды қайғы-қасіретке ұшыратып, үлкен көлемде материалдық шығынға алып келетінін, сонымен қатар, заң бұзушылық әрекеттер заңнамада көзделген айыппұл салуға әкелетінін де ауылдық округтің тұрғындарына ескертті.
Ал, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринатхан Заппаров өз сөзінде, ауыл тұрғындарының арасында құқықтық тұрғыдан түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда қоғамда белең алып отырған интернет-алаяқтардан сақтанудың жолдарын түсінікті тілде жан-жақты түсіндіріп берді. АПБ бастығының бірінші орынбасары Р.Заппаров жиын қатысушыларына телефонға түсетін күмәнді қоңырауларға жауап бермеудің қажеттігін, сонымен қатар, жеке басқа қатысты (мысалы: жеке куәліктің жеке сәйкестендіру нөмірлерін, банк карталарының кодтары, телефон кодтары, т.б.) деректерді бейтаныс адамдарға айтпау, СМС-кодтарды да белгісіз тұлғаларға хабарламаудың қажеттігін қатаң ескертті.
Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде өткен құқықтық жиында қатысушыларға түрлі құқықтық кеңестер ұсынылып, заң талаптары кеңінен түсіндіріліп, сұрақтар мен ұсыныстарға тыңғылықты жауап берілді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова қорытындылады.