Basty bet

Берекелі елдің бірлігі бекем

«Берекелді ауыл – Ел мерейі» өнер фестивалі аясында Күреңбел ауылдық мәдениет үйінде «Ауылдың ажары – ағайынның татулығы» тақырыбында мәдени-танымдық шара өтті. Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткен мазмұнды басқосу ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, отбасы құндылығы мен ауылдағы ағайынның бірлігін насихаттауға арналды.
Шараның өн бойынан қазақы болмыс пен ұлттық нақыш анық сезілді. Мәдениет үйінің ауласы мерекелік кешке сай безендіріліп, ақ дастарқан жайылды. Ұлттық тағамдар ұсынылып, «Қазақы дастарқан», «Шашу», «Ғасыр әже», «Тәбәрік» және «Бесіктен басталған ұлылық» сияқты дәстүрлер көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтарды «Айжұлдыз» би тобының орындауындағы «Шашу» биімен қарсы алып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сахналық бағдарламада ауыл өмірінің тынысы мен ағайын арасындағы сыйластықты арқау еткен «Ауыл өмірі – татулықтың айнасы» тақырыбында театрландырылған көрініс қойылды. Қойылым ауылдағы үлкеннің ақылын, ананың мейірімін, әкенің өнегесін және жастардың ізетін бейнелей отырып, татулықтың түп-тамыры отбасындағы тәрбиеден басталатынын көрсетті. Әуезді әндер де кештің мазмұнын аша түсті.
Басқосудың негізгі тақырыбы – ауылдағы бірлік пен отбасы құндылығы. Осы орайда Жетітөбе ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Мейрамкүл Сушина сөз сөйлеп, ағайын арасындағы татулықты сақтаудың, ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына сіңірудің маңызына тоқталды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарына ізгі тілектерін жеткізді. Үлкендердің батасы мен ақжарма тілегі шараның мазмұнын толықтыра түсті.
Күреңбел ауылында қоғамдық өмірге белсене араласып, отбасылық құндылықтарды берік ұстанып жүрген жанұяларға да ерекше құрмет көрсетілді. «Өнегелі отбасы», «Берекелі шаңырақ», «Ағайынға үлгі отбасы», «Қайырымды шаңырақ» және «Еңбекқор отбасы» номинациялары бойынша отбасылар марапатталды. Бұл марапаттар – отбасы өнегесін насихаттап, ауылдың қоғамдық өміріне үлес қосып жүрген жандарға көрсетілген құрметтің белгісі.
Шараның тағы бір мазмұнды бөлігі ұлттық өнер мен дәстүрге арналды. «Айжұлдыз» би тобы «Жорғатай» биін орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал, ұлттық киімдер көрсетілімі қазақы сәннің ерекшелігін танытты.
Халықаралық дизайнер, республикалық «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша төрайымы Гүлфайруз Нұрабаева әзірлеген ұлттық киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылып, көрсетілім Н.Ахметтің орындауындағы «Қазақ қызы» әнімен сүйемелденді. Гүлфайруз Сәрсенқызы ұлттық киімнің ұлт болмысындағы орнына тоқталып, салт-дәстүрді сақтау мен оны жас ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
Қазақы тәрбие өзегіндегі қыз баланың орны да назардан тыс қалмады. «Қыз келсе қуан өмірге» әні орындалып, қыз тәрбиесіне арналған көрініс ұсынылды. Өнер арқылы қыз баланы құрметтеу, болашақ ана мен келінге қойылатын жауапкершілікті ұғындыру мәселелері көрініс тапты.
Жалпы, шара барысында ұлттық салт-дәстүр, отбасы тәрбиесі, үлкенге құрмет пен кішіге ізет секілді халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтары бір арнаға тоғысты. Күреңбел ауылында өткен басқосу ауылдың берекесі ең алдымен ағайынның ауызбіршілігі мен шаңырақтың татулығынан басталатынын тағы бір мәрте көрсетті.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткен мәдени шара көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, отбасылық өнегені насихаттаудың маңызын айқындады. Осындай тағылымды басқосулар ауылдың мәдени өмірін жандандырып, елдің арасындағы ынтымақты нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close