Basty bet

Қайырымдылық – жүректен шыққан ізгілік

Қазақ халқы ықылым заманнан «Жақсылық қылсаң, жасыр, жақсылық көрсең, асыр» деген қағиданы өмірінің өзегіне айналдырған. Бұл игі дәстүр бүгінгі күні де өз жалғасын тауып келеді. Соның ішінде Жуалы ауданында қайырымдылық пен әлеуметтік қолдауға бағытталған түрлі бастамалардың жүзеге асуы – ел ішіндегі береке мен бірліктің көрінісі.
Қайырымдылықты тек материалдық көмек көрсету деп түсіну аздық етеді. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі адамға үлкен демеу болады. Ал мұқтаж отбасыға азық-түлік апару, жалғызбасты жанның жағдайын сұрау, үлкенге құрмет көрсету, қиындыққа тап болған азаматқа қолдау білдіру – барлығы да адамдық парыздың көрінісі.
Жуалы ауданында әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету мәселесіне де мән беріліп келеді. Аудан бойынша әлеуметтік көмек көрсету тәртібі арнайы нормативтік құжаттармен реттелген. Мұндай қолдау мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес әлеуметтік көмек бір рет немесе белгілі бір мерзім сайын берілуі мүмкін.
Алайда қайырымдылықтың ауқымы ресми әлеуметтік көмектен әлдеқайда кең. Оның негізгі күші – халықтың өзара жанашырлығында.
Ауданда кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының, мешіт жамағатының, ерікті азаматтардың және жастардың қайырымдылық бастамаларына араласуы – осының дәлелі. Әр адамның жасаған жақсылығы үлкен болмаса да, оның мұқтаж жан үшін маңызы зор.
«Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды» деген сөз бар. Бір отбасының қажетіне жараған азық-түлік себеті, мектеп оқушысына берілген оқу құралдары, жалғызілікті қарияға көрсетілген тұрмыстық көмек немесе қиын жағдайға тап болған жанға берілген қаржылай қолдау – мұның бәрі қоғамдағы мейірімнің нақты көрінісі.
Жақында аудандық Отбасын қолдау орталығы, пробация қызметі және «Нығмет нұры» қайырымдылық қорының бірлескен қолдауымен әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедектігі бар және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Осы бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға тек бақылау жүргізіп қана қоймай, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ету, тұрмыстық жағдайын жақсарту және қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету.
Іс-шара барысында пробация қызметінің есебінде тұрған мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері табысталды.
Мұндай игі бастамалар – материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Оның астарында қиындыққа тап болған азаматтарға қоғам тарапынан түсіністік таныту, олардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік беру және болашаққа деген сенімін нығайту секілді маңызды құндылықтар жатыр.
Осындай бірлескен әлеуметтік бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, пробация қызметінің есебіндегі азаматтардың қоғамға толыққанды бейімделуіне, отбасылық және әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне өз септігін тигізбек.
Жуалыдағы қайырымдылық бағытындағы жұмыстардың бір парасы мешіттердегі рухани-тәлімдік шаралармен сабақтасып жатыр. Аудандық мешіттерде имамдармен өткізілген жиындарда рухани тәрбие, ұлттық құндылықтармен қатар қайырымдылық шараларын ұйымдастырудың маңыздылығы да сөз болған.
Бұл – қайырымдылықтың тек қаржылай көмекпен шектелмейтінін аңғартады. Оның астарында адамды жақсылыққа тәрбиелеу, қоғам мүшелерін бір-біріне жанашыр болуға шақыру секілді үлкен мән жатыр.
Қайырымдылық шараларының басты ерекшелігі – адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыра білуінде.
Бір адамның бастаған игі ісіне екінші адам қолдау көрсетсе, одан кейін үшінші азамат қосылады. Сөйтіп, бір отбасыға жасалған көмек тұтас ауылдың ынтымағын көрсететін үлкен бастамаға айналады.
Қазіргі таңда ауданда «Жуалы» қайырымдылық қоры және аудан орталықтарындағы екі үш дүкендерде қайырымдылық жәшіктері орналасқан. «Жуалы» қайырымдылық қоры басында екі-үш адамнан құралып, қазіргі таңда қордың құрамында 500-ге жуық адам бар. Олар аудандағы көмекке мұқтаж жандарға ақшалай және азық-түлік себеттерімен көмек көрсетеді.
Жуалы жұртының бірлігі мен ұйымшылдығы да осындай сәттерде анық байқалады. Қуанышты да, қиындықты да бірге бөлісетін елдің берекесі қашпайды.
Аудан тұрғындары арасында үлкенге құрмет көрсету, жалғызбасты және әлеуметтік осал жандарды назардан тыс қалдырмау, мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету дәстүрі қалыптасқан. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің бір бөлігі.
Қайырымдылық жасаған адам міндетті түрде оның өтеуін күтпеуі керек. Өйткені, ізгіліктің ең үлкен сыйы – біреудің алғысы мен батасы. Ал, батаның адам өміріндегі орны халқымыз үшін қашанда ерекше болған.
Қазіргі таңда қайырымдылықтың жаңа түрлері де қалыптасып келеді. Еріктілер қозғалысының дамуы, жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы, әлеуметтік желілер арқылы мұқтаж жандарға көмек жинау – заман талабына сай қалыптасқан жаңа мүмкіндіктер.
Дегенмен оның өзегі өзгерген жоқ. Ол – адамға деген құрмет пен жанашырлық.
Жастардың қайырымдылық шараларына қатысуы ерекше маңызды. Себебі, жас буын бүгін жасаған жақсылығын ертеңгі өмірінде де жалғастырады. Қоғамдық жауапкершілікті сезінген жас айналасына немқұрайлы қарамайды. Өз ауылын, өз ауданын, туған елін көркейтуге атсалысады.
2019 жылы «QAMQOR» волонтерлік клубы құрылды. Клубқа 86 ерікті жас мүше болды. Қайырымдылық ұйымдарының қызметі көптеген еріктілердің қолдауына мұқтаж. Волонтерлік қызметті ұйымдастыру үшін, бір жағынан, қайырымдылық ұйымдарында ерікті бос жұмыс орындары құрылады, екінші жағынан, көмекші ұйымдар шеңбері және қайырымдылық қызметіне қатысушылардың ерікті корпусы құрылады. Олар мұқтаж жандардың мүдделері үшін тегін еңбекке қатысуға келіседі. Еріктілердің жұмысы өзара бағыттарға бөлінеді. Олар қарттарға, төтенше жағдай болған кезде, экологиялық жағдайда көмек көрсетеді.
Сондықтан қайырымдылықты жас ұрпақ тәрбиесінің маңызды бағыты ретінде қарастырған жөн. Бүгін бір қарияның үйіне барып жағдайын сұраған бала ертең үлкенге қамқор азамат болып қалыптасады. Бүгін мұқтаж отбасына көмек көрсеткен жас ертең қоғам алдындағы жауапкершілігін жақсы түсінетін тұлғаға айналады.
Ауданымыз – тарихы терең, елге белгілі тұлғалар шыққан қасиетті өңір. Бұл жердің басты байлығы – оның табиғаты ғана емес, ең алдымен елінің ынтымағы мен адамдарының азаматтық ұстанымы. Қайырымдылық – белгілі бір күнге немесе науқанға ғана арналған іс емес. Ол – адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс қасиет.
Біреуге көмек беру үшін міндетті түрде бай болу қажет емес. Кейде уақыт бөлу, ақыл айту, жылы сөзбен демеу болу, жалғыз адамның жағдайын сұрау да үлкен қайырымдылық.
Сондықтан «Мен не істей аламын?» деген сұрақты әр азамат өзіне қойып отырғаны жөн.Ел ішінде «Көп түкірсе – көл» деген қанатты сөз бар. Бір адамның көмегі аз көрінуі мүмкін. Бірақ көпшілік бірігіп әрекет етсе, оның нәтижесі үлкен іске айналады.
Аудандағы қайырымдылық бағытындағы бастамалардың да басты құндылығы осында. Олар тұрғындарды ізгілікке үндеп қана қоймай, елдің бірлігін бекемдеуге, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Қайырымдылық бар жерде – мейірім бар. Мейірім бар жерде – бірлік бар. Бірлік бар жерде – береке бар.
Ендеше, жүректен шыққан жақсылықтың жолы үзілмесін. Қиналғанға қолдау көрсетіп, мұқтажға медет болып, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытқан Жуалы жұртының ізгі дәстүрі жалғаса бергей!
Жақсылық жасау – міндет емес, адамдықтың белгісі. Ал, адамдық бар жерде қоғам да, ел де биіктей береді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close